Құлпытас сырын ашайық!

Естеміс қорымыБатыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданына қарасты Мәстексай ауылының құбыла бағытында 4,5 шақырым жерде «Естеміс қорымы» атты көне зират бар. Осы жерге бізді бастап барып, зерттеу жұмысымызды ұйымдастырушы – осы қорымда жатқан аталардың тікелей ұрпағы, өзінің бесінші атасы Бегімге дейінгі бөкейлік алашаны бес саусақтай тарата білетін Тыныштық аға Өтешқалиев еді.Көне қорым терең ормен қоршалған, көлемі жағынан шығыстан батысқа қарай 110х130 метрлік тік бұрышты құрайды. Қорымның солтүстік-шығысына қарай жаңа қабірлер тұрғызылған. Ал оңтүстігі мен оңтүстік-батысында көненің көзіндей сақталған он екі құлпытасты көріп, түгелдей оқып шықтым. Екі құлпытастың ғана жазуы анық, қалғаны көмескі, оқуға қиындық туғызды. Енді бірер жыл кешіксек, бұл ескерткіштерден мәңгіге айрылады екенбіз. Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді деген осы. Бұл аталардың аты тарихқа қалуға нәсіп болды. Араб, парсы, шағатай, татар, қазақ жазуларымен жазылған, оның үстіне мүжіліп, ойылып, тіпті екіге бөлініп қалған тастарды оқу өте қиын болды. Бірақ Алланың жәрдемімен барлығы да оқылды.Ор қоршауға жақын орналасқан Софыторғай Темірұлының эпиграфикалық құлпытас қимасы жоғарғы жағы да төменгі жағы да жартылай дөңгелек етіп жасалған (22х34 см биіктігі 1,15 метр). Үш жағына картушалар (шеңберлер) салынып, эпиграфикалық жазумен өрнектеліп, картушалардың айналасы контурлы жолақтармен безендірілген.Қоршау қорғандарының қасына орнатылған жұмыр (циклопты) және шаршы жобада жасалған Исламғали Жаһанша (Жаманбай деп аталған) ұлы мен Жақия Жақсылық ұлының ескерткіштері құлпытас жасау өнерінің дамыған заманын айшықтап тұрғандай. Қабанбай мен Бескенің жұбайлары және Жалмұқанның құлпытасы композициялық шешімі жағынан бірдей. Тек биіктігінде ғана айырмашылық бар. Батыс жағындағы негізгі тексті сопақ екі жақты картушаларға жазған. Тегістіктің қалған бөлігі мен екі жаны көркем өсімдік тектес өрнектермен толтырылған. Эпиграфика үш жағына жазылған. Екі жанындағы жазулардың өрнектелгені сонша, жазу емес, ою-өрнек екен деп ойлап қалуыңыз мүмкін.Қорымның шығыс жағында тұрған құлаған қабырдың үлкен төбешігі бар №6 Жақия Жақсылықұлының бейіті – бұл қауымның ішіндегі ерекше көзге түсетін қабір. Биіктігі орташа, аса үлкен бағанасы бар. Ол тегіс бедерлі оймамен сәнделгені соншалық, аса нәзік болып көрінеді. Бетінің шығыс қапталынан басқа қырларында араб жазулары бар, батыс беті 14 тік бұрышты картушамен толтырылған. Оларды «өрілген талшық» түрінде жапырақ пішінді өрнектермен безендірілген кең контурлар көмкереді. Жанама қырлары да осындай ұстаным бойынша орналасқан. Тек қана ондағы жазулар картушаларда емес, еркін тігінен орналасқан. Пішіні дөңгелектенген насиханың тым астарлылығы сонша, жазу өте қиын оқылады. Өрнектелген өрімдермен көзге көрінбейді деуге болады. Көшпенділердің ою-өрнектері мен араб эпиграфикасы аса көркем біртұтас дүниеге айналып кеткен.Осы зираттағы №1 Исламғали Жаһаншаұлының құлпытасы Батыс Қазақстан облысының осынау бөлігінде тым сирек келетін құлпытастардың көлемді түрі болып табылады. Жазуы бар тас бейіттің оңтүстік бөлігіндегі үлкен қоршаудың қасында орнатылған. Тік бұрышты жобадағы (22х28 см), биіктігі орташа (140см) ол Маңғыстау құлпытастарына тән барлық белгілерді жинақтаған: көп қабатты композицияны, төбесі дөңгелене біткен, бейнелі бұрыштағы бағаналарында екі таңбалы бедері бар және тағы басқалар.

Барлық тегіс бедерлі оймалаумен орындалған араб тілді эпиграфика құлпытастың батыс бетіндегі бағанасымен жоғарғы жағында шоғырланған. Қалған қырлары өсімдік пішінді өрнектермен қапталған. Кімде-кім осы жазбаны қолына ұстап, Естеміс зиратына барса, өз атасын осы нөмірмен таба алады. №1 құлпытастың көлемі: биіктігі — 140, ені — 28, қалыңдығы — 22 см (140х28х22);

Мәтін:

1.Рухыне фатихе.

  1. Жәллә жәләлүһу

3.    Алаче руғы.Сары тайфасы

4.    Исламғали Жәһанше ұғлы

5.    офат 1915 илде 29 йәшнде

6.    (алашаның таңбасы)

 Құлпытастың оңтүстік жағында: Жамағаты (әйелі) Хадиша Мырзағалиқызы офат 1915 санада йәшнде 28.Солтүстігінде: «Ташын йәздырды әкәсы Жәһәншенің һәмме туыслары» деп жазылған.Түсінігі: Рухына фатиха. (Алла) Ұлылықтың Ұлысы. (Алланы ұлықтау сөзі – М.Ж.) Алаша руы Сары тайпасы Исламғали Жаһаншаұлы (Жаманбай атанған) офат 1915 жылда 29 жасында. Әйелі Хадиша Мырзағалиқызы 1915 жылы 28 жасында қайтыс болды. Ескерткіш белгіні әкесі Жаһаншаның барлық туыстары қойды.Демек бұл тас Исламғали мен әйелі Хадишаға қойылған екен. №2 құлпытас. Өлшемі: 65х16х22

1.    Һәзәл қабр (Бұл қабірде) Ақмәмбет Балте

2.    ұғлы дар бақие

3.    көчеді 58 йә-

4.    шінде әл-Хакимуллаһ

5.    1898 санада бұны қойды

6.    ұғлы Әбдрахман

Түсінігі: Бұл қабірде Ақмәмбет Балтаұлы фәни яғни уақытша өмірден мәңгі өмірге көшеді 58 жасында 1898 жылда. Бұны қойды ұлы Әбдрахман. Оңтүстік және солтүстік қапталында: «Әл-қабру бәбу кулли нәс дәхаләһу» – яғни «Қабір барлық адамның кіретін есігі» деген жазу жазылған.Айта кетер бір жайт: шежіреге көз салсақ, Темірұлы Торғай (1799-1872) мен Әбдрахман (Пішенбай атанып кеткен) ұлы Бақтыгерей (1896-1986) аталардың арасында өткен 97 жыл ішінде Торғай-Балта-Ақмәмбет-Әбдрахман-Бақтыгерей атты бес ұрпақ алмасқан екен. Ал Совет үкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде Бақтыгерей (1896-1986) – Исатай (1936 ж.т.) – Әсет (1977) болып, 81 жыл ішінде үш ұрпақ қана өсіпті. Қазақтың ұлт ретінде жойылмай қалуына себеп – он үште отау иесі болғандығы екендігін бұл есеп көрсетіп тұрғандай. №3 құлпытас: 128х16х26см

1.    Алаче руғылық2.    Сары та-

3.    йфесі

4.    Мұхаммедғали

5.    бин Биіскен бин

6.    Әууәлбәк

7.    офат 19 йәшінде

8.    1914 санаде.

Оң жақ қапталына: Құранның Бақара сүресінің 156 аяты: «Қаалууу иннәә лилләәhи уә иннәә иләйhи раажиғууун». Мағынасы: «Мұсылмандар айтады, Біз Алла үшін жаратылдық және Аллаға кері қайтарыламыз» деген аят жазылған. Сол жақ қапталында: йаздырды жамағаты Ғалие бинт (әкесінің аты дұрыс көрінбейді әйелі Ғалия Жұбанышқызы дегенге келіңкірейді).Түсінігі: Алаша руы Сары тайпасы Мұхаммедқали Биіскенұлы Әуелбек немересі 1914 жылы 19 жасында қайтыс болды. Тасты жаздырған әйелі Ғалия (Ғалияның әкесінің аты көрінбейді, Жұбаныш сияқты – М.Ж.)№4 құлпытас: 115х34х22 см

1.    Алаче ру

2.    ғылық Сары

3.    тайфелік Софы

4.    Торғай Темір

5.    ұғлы 73 йәшнде

6.    офат 1872

7.    інчі илде (таңба)

Түсінігі: Алаша руы Сары тайпалық Сопы-Торғай Темірұлы 1872 жылы 73 жасында қайтыс болды.Оң жақ қапталында: Күллу нәфсин зәиқатул мәут. Дар фанадин дар бақайе рихләт иләды. Түсінігі: «күллі жан иесі ажал дәмін татады. Уақытша өмірден мәңгі өмірге көшеді» — деген мағына береді.Сол жақ қапталында: «Қаалууу иннәә лилләәhи уә иннәә иләйhи раажиғууун». Мағынасы: «Мұсылмандар айтады, Біз Алла үшін жаратылдық және Аллаға кері қайтарыламыз» — деген аят басылған.20141201_163600№5 құлпытас. Бүлініп, тозған, түбі ғана қалыпты. Өлшемі: 51х14х251-қатар: офат 1912-2-қатар: інчі илде3-қатар: 71 йәшнде.Осы тастың бүлінген жоғарғы жағында Жаһанше дегенге ұқсас жазу байқалады. Бұл Дәулетқалиға немесе Сапарға орнатылған ескерткіш болуы мүмкін.   №6 құлпытас: 140х23х32см

1.    Һәзәл қабр

2.    әл шариф

3.    мархум

4.    уә туфи

5.    Алаче

6.    руғылық

7.    Сары

8.    тайфелық

9.    Йәхиә бин

10. Йәхшылық

11. 66 йәшнде

12. 1909-

13. інчі илде

14. (алаша руының таңбасы)

Түсінігі: «Бұл қабірде шарапатқа лайық, мейірімділікке бөленген Алаша руы Сары тайпалық, 1909 жылы 66 жасында қайтыс болған Жақия Жақсылықұлы жатыр».Бұл тас өте әдемі жасалған. Түп жағынан қызыл бояумен сырланғаны байқалады. Сірә ылғалдан сақтау мақсатында болса керек. Тасқа 14 қатар жазу жазылған. Сол күйінде сақталған.Оң жақ қапталында: «Бұны қил мағфират әй Рабби… ғарш ағзам нур Қуран».Сол жақ қапталында: «Бұның қабрн зиярат идан ихуан қилыңыз рухыне фатихе ихсан».Түсінігі: «Әй, Құдайым, бұл кісіге кешірім қыл, Құран нұрын түсір. Бұның қабірін зиярат еткен бауырлары, рухына бата бағыштаңыз».Ел аузындағы әңгімелер бойынша, Жақия Жақсылықұлы өте ауқатты болған, байлық жағынан белгілі казак көпесі Ереминдерден асып түскен, үнемі тройка ат жегіп жүрген. Зәбір көрген халыққа пана болғандығы да әлі күнге дейін айтылып жүр. Қазіргі Мәстексай ауылынан оңтүстікке қарай 6 шақырымдай шамада екі қабатты үйі мен ауылы болған. Бұл жұртты, көп адам тұратындай қонақ үйінің орынын өзім де көрдім. Ат ауыстырған адамдар, қонып жататын орынға ұқсайды.Көне қорымдағы ескі құлпытастардың шығыс бағытында, биік төбенің басында ерекше бір адам жерленген. Бұл – ұлдары «Бегімнің бес тентегі» атанған, Орта Азияға сапар шеккен ақ патша әскеріне ат айырбастайтын бекет ұстаған Бегім Құлұлының қабірі екен. Сырым батырға: «Орыспен соғысып ұрпағымызды қырғанша, олардың әскеріне ат беріп алдайық. Уақыт өтер, ұрпақ өсер. Сол кезде бәрі де орынына келеді» дейтін Сыпыра бидің тәсілін Бегім ұстанып, Глининск бекетінің (Мәстексай) Жорта деген жерінде ат ауыстыратын бекет (лау) жасап кәсіп қылған екен.Бұқар жыраудың Абылайға:«…Өкпеңменен қабынба,Өтіңменен жарылма,Орыспенен соғысам деп,Өктем жауды сағынба! – дегенін қайталап тұр ғой бұл Сыпыра. №7 құлпытас: 75х14х27см

1.    (шеңбер) Алаче руғы Сары та-

2.    йфелік Құл ұғлы Бегім

3.    (бүлініп қалған – М.Ж.)

4.    (бүлініп қалған.

Өкінішке орай, жасы мен қайтқан жылы жазылған жері екіге бөлінген жерге тап келіпті. Шамамен 1795-96 жылдар шамасында дүниеге келген адам деп топшыладық. «85 жасында 1881 жылда офат болды» дегенге ұқсас көмескілеу жазу байқалды – М.Ж.)5.    қойды ұғлы Жәһәнше6.    (алаша руының таңбасы) Түсінігі: Алаша руы Сары тайпалық Құл ұлы Бегім …құлпы тасты қойды ұлы Жанша. (Жаманбай).Оңтүстік қапталында: «Әл мәуту мин кулли мәкәәнин уә мәә һууә би мәйит». Мағынасы: «Адамға әр тараптан өлім келеді» — құранның «Ибраһим» сүресі, 17аят.Солтүстік қапталында: «әл-қабру бәбу кулли нәс дәхаләһу» — «Қабір – барлық адам кіретін есік».№8 құлпытас: 158х18х33см

1.    Кічі йуз қазақ

2.    халқынен Сұлтан сиқ нәсілідән

3.    Алаче руғы Са-

4.    ры тайфелік Жомарт

5.    ата баласынан

6.    а) Беске Бегім ұ-ә) дар фанадан

7.    а)ғлыә) дар бақайе көчеді 67

8.    йәшнде 1893 санада…

9.    Аллаһ тағала рахмет қылсын бұның

10. қабірін зиарат идән ихуан

11. хайыр дұғаның …бейіш  … Ахмед.

Түсінігі: Кіші жүз қазақ халқының Сұлтансиық нәсілінен Алаша руы Сары тайпалық Жомарт ата баласынан Беске Бегімұлы фәни өмірден бақи өмірге көшеді 67 жасында 1893 жылда. Алла Тағала рахмет қылсын бұның қабірін зиярат еткен бауырларын, бейіш тілеген дұғамен тас қойған ұлы Ахмет.Оңтүстік қапталы: …иә …қабр…Солтүстік қапталы: «…Лә иләһә иллаллаһ» — «Алладан басқа Тәңір жоқ».№9 құлпытас: 120х18х30см

1.    Алаче руғылық Сары

2.    тайфелік Жомарт

3.    ата баласынан Ғабді

4.    хажы Беске Бегімұғлы-

5.    ның заужесінің Қаржан

6.    Алитайқабаққызы офат

7.    65 йәшнде 1891 санаде

8.    Бұны қойды ұғлы Ахмедғали

Түсінігі: Алаша руы Сары тайпасының Жомарт ата баласынан Ғабді хажы Бегімұлы Бескенің әйелі Қаржан Әлітайқабаққызы (Қаржанқабақ – қызының аты болуы мүмкін) 1891 жылы 65 жасында қайтты. Тасты қойған ұлы Ахметқали.Оңтүстік қапталы: «…икрам» — дұғалар жазылғанСолтүстік қапталы: «Лә иләһә иллаллаһ».

20141127_180852№10 құлпытас: 112х17х34см

1.    Кічі йуз қазағы …халқының

2.    Алаче руғылық Сары та-

3.    йфелік Жомарт қыбласы

4.    Жалмұхан Жақсылық

5.    ұғлы … (суреттегі ортасы ойылған жер көрінбеді – М.Ж.)

6.    63 йәшнде 1902 санаде

7.    әл-Хакиму Аллаһ

8.    бұны қылдырды ұғлы Нығмет.

Түсінігі: Кіші жүз қазақ халқынан Алаша рулық Сары тайпалық Жомарт тегі Жалмұхан Жақсылықұлы 1902 жылы 63 жасында қайтты. Алла дана. Бұл тасты қылдырды ұлы Нығмет.Айта кетер жәйт – осы қорымнан екі шақырым жердегі қыстақ «Нығмет» деп аталады екен. Ол жерде Тыныштық ағаның інісі Кенжебек аға тұрған.Оңтүстік қапталы: «Аллаһуммәғфир ләһу уархам уәрхамһу уә кәффир ғанһу сәйиәтиһи уәмһу хатийәтиһи уәжғал қабраһу раудатән мин риадыл жәннәти».Түсінігі: «Аллаһым оны жарылқа, рахымыңмен рақымшылық жаса, оның күналарын кешір, қателіктерін кеш, жатқан қабірін жәннаттың бақшасынан қыла гөр!»Солтүстік қапталы: «Лә иләһә иллаллаһ Мухаммәдәр расулуллаһ» – «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед ғ.с.с. – Оның Елшісі».

 №11 құлпытас (жерде құлап жатыр) 176х23х37см

1.    Алаче руғы Сары тайфе-

2.    лік Қабанбай Бегім ұғлының

3.    жамағаты Жұматқаным Жұмаш қажы қызы

4.    офат 62 йәшнде 1886 санаде

5.    (оқылмады – М.Ж.)

6.    бұны қойды ұғлы Байғане.

Түсінігі: Алаша руы Сары тайпалық Қабанбай Бегімұлының зайыбы Жұматқаным Жұмаш қажы қызы 1886 жыл санауда 62 жасында қайтты. Бұл белгіні қойған – ұлы Байғана.Оңтүстік қапталы: «әл-қабру бәбу кулли нәс дәхаләһу» — «Қабір – барлық адамның кіретін есігі».Солтүстік қапталы: «Лә иләһә иллаллаһ Мухаммәдәр расулуллаһ».   №12 құлпытас. 125х18х32см

1.    Рухына фатихе

2.    Алаче руғы Сары

3.    тайфелік Жомарт ате

4.    баласы Ғабдідан Қабанбай Бегім ұ

5.    ғлы дар фанадан дар бақайе кө-

6.    шеді 75 йәшнде 1890

7.    санаде бұның қабрн зиарат

8.    ихуан хаир дұға

9.    бұны қойған ұғлы Байғане

Сол жақ қапталы: «Лә иләһә иллаллаһ Мухаммәдәр расулуллаһ»

Түсінігі: Рухына фатиха Алаша руы Сары тайпалық Жомарт ата баласы Ғабдідан Бегімұлы Қабанбай уақытша (фәни) өмірден (бақи) мәңгі өмірге көшеді 75 жасында 1890 жыл санауда. Бұл белгіні қойған – ұлы Байғана.

№13 құлпытас сынығы: 50х11х28.

1.    Һу әл … әл-бақи

2.    Алаша р…

3.    Сары тайфесі ду

4.    Естеміс

5.    1853

Түсінігі: Ол Алла ғана мәңгілік. Алаша руы Сары тайпасы…«Ду»-дан басталатын Естемістің әкесі немесе баласының ат-есімі. Шежіре бойынша Естемісте асырап алған болмаса ұрпақ жоқ. Әкесі Қарабатырдың азан шақырып қойған аты «До, ду, дү» буынынан басталуы да мүмкін.Бұл қорым атымен аталатын Естемістің аты жазылған тас та табылды. Бұл тас бұл қорымнан табылған тастардың ең көнесі болуына қарағанда Естемістің өзінікі шығар. Бұл қорымдағы басқа тастардың стилінен мүлдем бөлек. Ескі қаладағы ысықтардың ішіндегі 1844 жылы 63 жасында қайтқан қадырғұл ысық Жиңалұлы Жиенбайдың құлпытасына қатты ұқсайды. Басқалары Еділ татарларының кулязмасымен жазылса, бұл таза түркі-шағатаймен жазылып тұр. №14 құлпытас сынығы: 28х16х19 см Белгі қойған адамның атын жазар жерге: «Салых мырза» деп жазған.  

№15 құлпытас: 65х16х22

1.    Тана руғылық Ахымбет (қорымдағы жалғыз ақымбет тана – М.Ж.)

2.    Көштай Көшбай

3.    ұғлы офат 79

4.    йәшінде 1915 санаде

5.    (тана руының таңбасы)

Оңтүстік қапталында: бұны қойды ұғлы Аманғали мырза.Солтүстік қапталында: «Әл мәуту мин кулли мәкәәнин уә мәә һууә би мәйит» — «Адамға әр тараптан өлім келеді» Құран-Кәрімнің «Ибраһим» сүресі, 17аят. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қиыншылық пен жоқшылық замандарда осы қорымнан жиырма шақты құлпытасты диірмен жасауға алып кеткен. Қалмақтар да алғаны туралы деректер бар. Егер олардың барлығы бұл жерде тұрғанда, бұдан үш есе артық мағлұмат алар едік. Бегімнің Жақсылық, Жаһанша (Жаманбай), Қоске деген үш ұлының құлпытасын таба алмағанмен, екеуінің бірнеше ұлдарының құлпытасы табылды. Қабанбай мен Беске аталардың құлпытасы да табылды. Жайықтың арғы бетінде туылып, бергі бетіне көшкенде бірінен бірі ажырап қалған ағайынның шежіреде басы қосылғанын жоғарыда өздеріңіз байқаған шығарсыздар.Мұсылманшылықтың қалай дамығаны мен салт-дәстүрге әбден дендегенін құлпытастардағы Құран аяттары мен дұғалардан байқауға болады.Бұл тастарда Байбақты, Масқар, Алаша, Тана, Қызылқұрт – Сұлтансиықтың бес ұлы болып, бір үйде жүрген кезінен бастап сыр шерткен. Болашақта ұрпақтары тәуелсіздігінен айрылып қалса да жер қазақтікі екенін білсін деп «Кіші жүз» қазағы деп жазған екен. Ауылдастарымыз он жеті атасына дейін шежіресі жазылған құлпытастарын тауып жатырғанда бейқам отырмайық. Көне құлпытастардың сапалы түсірілген суретін электронды нұсқада әкелсеңіздер, оқып беруге, көмектесуге әзірмін. Менің электронды адресім: muratbek_zh.76@mail.ru.Алаша руының ұраны – Байбарақ батыр. Шежіре бойынша ол былай жіктеледі: Сұлтансиық-Алаша-Ақберлі-Атымыс-Сары-Қожамберлі-Құдайберді-Құдайқұл-Байбарақ. Құдайқұлдың Көбек, Есенгелді, Сарыбас, Малбасар, Жомарт, Байбарақ есімді алты баласы болған. Байбарақтың ағасы Жомарттың Қарабатыр атанған ұлынан тарайтын Құл, Темір, Естемістің ұрпақтары біз зерттеген осы «Естеміс» қорымында жатыр екен.Міне, осылайша бір әулеттің ата-бабасы туралы біраз дерек белгілі болды. Өз тарихымызды өзіміз зерттемесек, біреулерге сенсек, уақыт өткізе береміз, жерлестер. Ал құлпытастар болса жыл өткен сайын тозып бара жатыр. Күні кеше өмірден өткен Мәлке алаша Әйіп Бектасов ақсақал (1903-1985): «Тарих керек болса құлпытастарды оқы» дейді екен. Атамыздың сол өсиетін орындауға асығайық.

Мұратбек Жахатов,

Жаңақала ауылы

Суреттерді түсірген Қаһарман ЗИНУЛЛИН