Күмәнді кітап күдікке жол ашады
Редакцияға Т.Рысқұлов ауданынан хат жолдаған оқырманымыз Салтанат Рахметуллақызы 2019 жылы аудандық кітапханадан алған «Бекасыл. Жұлдызнама» атты ғибрат кітабының екінші бөлімінен күмәнді жолдарды оқығанын айтыпты. Онда адам біреуді өзіне ғашық еткісі келсе және жұбайларды ажыратқысы келсе олардың сыртынан жасалатын әрекеттер жайлы жазылыпты. Хат иесі сол бойда- ақ ақ-қарасын анықтамақ болып аудандағы имамдарға хабарласқанымен, тұшымды жауап ала алмаған. «Осының жөнін зерттеп, көпшілікке кесірі тимейтіндігі анықталса екен…» деген сауалын жолдапты.
Аталған кітапты іздеп біз де облыстық Ш.Уәлиханов атындағы кітапханаға бардық. Дәл сол кітапты көрдік, шынында да әлгіндей көңілге күдік ұялататын кеңестер бар екен.
– Кітаптан біреудің сыртынан дұға жасауға кеңес берген жолдарды оқыған бойда аудандағы имамдарға хабарластым, бірақ мардымды жауап таппадым. Сол кездерде өзімде де түрлі шаруалар қат-қабат болып, бұл мәселені солай қалдырғанмын. Енді арада 4 жыл өткенде ұялы телефоныма сол кітаптан түсіріп алған суреттерді кездестіріп, сіздерге жолдадым. Оның ішінде «Кім де кім ұнатқан адамын өзіне ғашық етемін десе… Біреудің тілін байлағысы келсе… Біреудің белін байлау қажет болса… Егер әйелді ерінен айырайын десе…» деген секілді басқаға сыртынан сиқыр жасауға жол нұсқайтын тұстар бар. Кітап түгел күмәнді кеңестерден ғана тұрмайды, ішінде ауырғанда ем жасауға көмектесетін және жадыланған жанды тазартуға, біреудің мейірімін оятуға көмектесетін дұғалар да кездеседі. Кітаптың басы да, әрбір сөзі де «Бисмилләһир-рахманир-рахим» деп Алланың атымен басталыпты. Осыған қарағанда діни нанымдағы ем-шипа іздегенге көмектесетін кітап секілді. Дегенмен, көпшілік оқырманға арналған кітапханаларда тұрған кітаптың әлгіндей күмәнді жолдары болғаны қатты ойландырды, – дейді хат иесі.
Біз де облыстық кітапханадан көрген кітапты алып, бірден облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпекке бардық. Кітапта түрлі қажетті жағдайда жасауға ұсынылған дұғалардың арабша жазбасы да бар екен. Арабша жазбаларды оқытып, біреудің сыртынан дұға жасап, өз дегеніне жетуді көздеудің асыл дінімізде қалай қаралатынын діннен де, арабша әліпбиден де сауатты маманнан сұрадық.
– Ізгі істерді дәріптейтін, адамдар арасында бір-біріне бауырмалдық, жақсылық жасауды үндейтін асыл дініміз Исламның шариғаты бойынша біреуге сыртынан сиқыр жасау – күнәлі әрекет. Тіпті, алдағыға болжам жасаудың өзі Аллаға серік қосу болып есептеледі. Ол ауыр күнә екені көпке мәлім. Ал, мына кітапта «Егер әйелді ерінен айырайын десе…» деп басталатын тұсында сүрені оқуды көрсетіпті. Құран сүрелері, керісінше жамандықты қайтару үшін оқылады. Сондай-ақ, мына кітапта мазардан бір уыс топырақ алып, дем салуды ұсынады. Алланың жаратқан топырағы барлық жерде бірдей. Мазардың топырағына дем салып, біреудің сыртынан сиқыр жасау мұсылмандыққа мүлдем жат. Құранның аяттарын осындай ақылға қонымсыз әрекеттерге пайдаланса, соны жасаған адамның өзіне зияны тиеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Құран бір адамды жәннатқа апарады, біреуді тозаққа алып барады» дейді, яғни Алланың сөзі – Құранды жақсылыққа пайдаланса, яғни Құранға амал етсе, ол адамды жәннатқа апарады, ал жамандық ниетпен қолданса, оны тозаққа апарады. Құранның аятына пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз тарапынан сөз қоспаған. Аятқа, пайғамбардың (с.ғ.с) хадисіне өз тарапынан сөз қосып, бұрмалау – тозаққа апаратындай күнә арқалатады. Мұндай әрекетті істеген адам да, жасатқан адам да күнәға ортақ болады. Тағы бір сондай әрекетке кеңес берген тұсында жазған арабша жазбада тек арабтың бір әрпін қайталап жаза берген, ешқандай мағынасы жоқ. Бұл кітапта жұлдыздар жайлы да жазылыпты. Осы тұста баса айтқым келетіні – жұлдыздарға қарап, болжам жасауды Ислам діні құптамайды. Негізі бұрын жұлдызға табынушылық болған. Алла Тағала әр пайғамбарды белгілі бір миссиямен жіберген.
Мысалы, Вавилон қаласының жерінде дүниеге келген Ибраһим пайғамбардың заманында сол аталған жердің халқы жұлдызға табынған екен. Алла Тағала ол әрекеттің қате екендігін көрсету үшін Ибраһимге пайғамбарлық берген. Ол халықтың жұлдызға табынушылығының қате екенін көрсету үшін ғибадатханаға барып «Бұларың дұрыс емес, қате» деп бірден тыйып тастаған жоқ, олардың көзінше алдымен күнге қарап: «Мынау үлкен, жарық екен, менің Раббым осы болады» деді, бірақ кеш болғанда күн батып кетеді. Сонда пайғамбар: «Батып кеткен нәрсе қалай Раббым болады?..» деді.
Қараңғы түнді жарқыратып, Ай көрінгенде: «Мынау түннің өзін жарық қылды ғой, менің Раббым осы» дейді. Бірақ таң атып, ай да көрінбей кеткенде: «Кеткен нәрсе қалай Раббым бола алады?» («Әнғам» сүресінің 76, 77, 78, 79-аяттарда осылай келген) деп, түнгі аспанда самаладай жарқыраған жұлдыздарға қарап: «Ооо, мыналар көп екен, менің Тәңірім осылар ғой» деп еді, олар да таңда жоқ болып кетті. «
Мынаның бәрі жоқ болды, болып тұрып жоқ болған нәрсе адамға қалай Құдай бола алады? Осылардың бәрін жаратушы менің Раббым» деп, осы әрекетімен жұлдызға табынған халықтың қателігін өз әрекеттерімен дәлелдеп, даналық жолмен көзін ашады. Мұса пайғамбардың уақытында Перғауын сиқыршылардың қолымен өзін тәңір етіп көрсетті. Осы жерде де Мұса пайғамбар іс арқылы ақиқатты халыққа ашып көрсетті. Сол секілді Лұт пайғамбардың уақытында да қазір әр жерден көрініс беріп қалып жүрген әйел мен әйелдің, ер мен ердің үйленуі, педофильдік секілділер болған. Лұт пайғамбар да сондай жиіркенішті әрекеттерді тоқтату үшін жіберілген. Шариғатта «Тарих қайталанады» деген ақида бар, яғни тарихтағы оқиғалар қайталана береді. Қысқасы, әрнені ырымдап немесе жұлдыз жорамалға сеніп, келешекті болжауға болмайды. Біздің халықта да «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген жақсы сөз бар. Бәрі де тек жалғыз жаратушы Алланың қалауымен, бұйрығымен ғана болады. Қарапайым мысал айта кетейін, бір дәрігердің емінен бір адам ауруынан айығады да, ал екінші барған адамға мүлдем ем қонбайды. Неге? Себебі, Алла біріншісіне сол дәрігердің емі қонуын қалап тұр, ал екіншісіне Алла бұйырмады. Яғни, бәрі де тек бір Алланың құдіретімен, қалауымен жүзеге асатынын көрсетеді. Сол секілді әлгі кітаптағыдай біреудің сыртынан қанша сиқыр жасағанымен, Алла оны қаламаса ештеңе де болмайды, – дейді Ғалымбек Жәпек.
Кітапта оның редакторы Мырзатай Жолдасбеков деп жазылыпты. Сондықтан, белгілі ғалымның өзінен де пікір сұрағанды жөн көрдік.
– Мен бұл кітапқа редакторлық еткеніммен, авторы емеспін. Бекасыл әулие қазіргі Түркістан облысының Төле би ауданындағы Есім хан ордасының іргесінде 1822 жылы өмірге келген. Сайрам, Қарнақ, Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Шам (Сирия) еліндегі білім ордаларын түгел меңгерген данышпан, теолог, астролог, астроном, математик, философ, шипагер, бақ қонған, кие дарыған кісі, Ислам қағидаттарын, өмір салтын терең меңгерген дана. Бекасыл Биболатұлы туған жерінде медресе ашып, сол аймақтың балаларын оқытқан, шығармашылықпен айналысып, көптеген кітап жазған. Көзінің тірісінде-ақ Бекасыл әулие атанған адам. Мәшһүр Жүсіптің ұстазы болған. Бұл ғибрат кітабы «Зикзал» деп аталады. Ол араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған. Оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі дінтанушы Зәріпбай Оразбай аударды. Аударма жасау өте күрделі жұмыс болды. Сондықтан, кітаптың соңғы жағында автордың қолжазбасы берілген. Автордың өзінің жазғандары түгел берілді. Қазақша аударылғандарынан күмән туса, сол араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған қолжазбадан көрсеңіздер болады. Кітапты шығарар кезде біз де біреудің сыртынан жасалатын дұғаларға күмәнмен қарап, сол кездегі бас мүфтимен ақылдастық, – деді Мырзатай Жолдасбеков.
Ғалымның бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне жазған мақаласы да бар екен. Аудармасын жасаған Зәріпбай Оразбайды да тауып, хабарластық.
– Негізі бұл кітаптың қолжазбасы бірнеше рет аударылған. Менің аударған кітабым «Зикзал» деген атпен шықты. Алдыңғы аударылып, шыққан кітаптарында қателіктер кеткен. Мен өзім аударған кітапта түсінік беріп өттім. Бірақ, ол қолжазбаның барлық аударылған кітаптарына Мырзатай аға редактор болды. «Зикзал» деген атпен шыққан кітапты оқыңыздар, сонда дұрысы айтылады, – деді Зәріпбай Оразбай.
Ал, біз сөз етіп отырған кітап 2011 жылы Астана қаласында шығарылыпты. Ол кезде, әрине, бас мүфти басқа кісі болған. Дегенмен, мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарластық.
– Әртүрлі кітаптар жазылады. Бірақ, халыққа пайдалы, дұрыс ақпарат берілген кітаптар ұсынылуы керек қой. Мына кітапты жазған кісілер дуамен айналысқан болуы мүмкін. Бірақ, бұны да тек қажетті жағдайда ғана қолдана білген және оны тек өзінің жеке дәптерінде ғана сақтап жүрген. Оны қажетті жағдайда ғана қолдана білетін діни сауатты адамның жеке дәптеріндегіні аударып, көпшілікке ұсыну кей кісілерге зиян тигізуі мүмкін. Бірақ, бір нәрсені ескерейік – «осылай істесең, осылай болады» дегенмен, ол орындала қоймайды. Себебі, барлық іс тек Алланың ғана қалауымен жүзеге асады. Бұрын медицина дамымаған кезде молдалар осындай дұғалар жасап, тәжірибеде көп көрген. Соны осындай кітаптарға енгізген. Емшінің өз дәптеріндегіні кітап етіп, көпшілікке ұсынған соң, әрбіріне түсініктеме беріп кету керек пе еді? Немесе мұндай біреудің сыртынан жасалатын дұғаны келтірмей-ақ, тек халыққа пайдасы тиетін, игі іске үндейтін тұстарын ғана жазып, шығарған жөн еді. Енді осы бір-екі беттегі жазбалар үшін бүкіл кітапты мансұқтауға болмайды, бәлкім күмәнді тұстарын алып тастау керек шығар деп ойлаймын, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.
Біз, әрине, бұл кітапты облыс әкімдігінің дін істері басқармасының мамандарына да көрсеттік. Басқарма мамандары кітапты жаппай халыққа оқуға болатын немесе болмайтынын анықтау үшін Астанаға сараптамаға жіберді. Қандай қорытынды келетінін күтеміз. Жауабы келгенде, бұл мәселені қайта қозғайтын боламыз. Себебі, барша халыққа қолжетімді, кітапханалардан табылатын кітаптардың елдің игілігіне негізделгені абзал. Көкейдегі күмәнді сейілту үшін енді діни кітаптарды таратуға рұқсат беретін құзырлы мекеменің жауабын күтеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА