КҮМІС АЛҚА ИЕГЕРЛЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Көпбалалы аналардың еңбегін бағалау және ерекше атап өту үшін мемлекет оларды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері деп ерекшелеп келеді. Қай кезде де көпбалалы аналарға қамқорлық көрсетіліп, қолдаулар аясы күннен күнге кеңеюде. Сондай-ақ елімізде қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар арқылы көпбалалы аналардың жағдайлары біршама жақсарып та қалғаны жасырын емес.
Осыған байланысты жақында аудан әкімі ЕрмекКарентаев көп балалы аналарды қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларын табыс етті.
Кез келген адамның әдептілігі мен жандүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы жақсы қасиеттер де алдымен анадан дариды,- деп аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Сарыөзек ауылының тумасы, «Күміс алқа» иегері Сатбаева Айнур Султановнаны ұлықтады.
Содан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 21 қарашадағы Жарлығы бойынша Шығанақ, Қылышбай ауылдарының тұрғындары Альбина Шегебаева мен Жулдыз Курбановаларға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларын табыс етіп, иықтарына орамал жапты.
Шара барысында бүгінгі әйелдердің ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы рөлі сөз болып, көптен күткен алқаларын алған аналар жылы лебіздерін білдіріп, елдің тыныштығын тіледі.
Мойынқұм ауданы