«Күміс жас» жобасы кімдерге арналған?
2021 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында елімізде түрлі бағытта жобалар кешені әзірленгені белгілі. Солардың бірі ретінде «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын» айтуға болады. Осы жобаның аясында өткен жылы 50 жастан асқан азаматтарға арналған «Күміс жас» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Мақсат – зейнет жасына жақындап қалған жандарды қолдау және еңбекпен қамту.
Шынында да бүгінде зейнетке әлі шықпаған егде жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын екені рас. Жалпы, жұмыссыздардың дені – үйде бала күтімімен отырып қалғандар неме се түрлі себептермен еңбек ету мүмкіндігі болмағандар. Оған белгілі бір себептермен жұмысынан айырылған аға буын өкілдерінің бірден жұмыс табу мәселесінің қиындығын қосыңыз. Аталған жоба осындай жұмыссыздарға зейнетке шыққанға дейін табыс табуына көмектеседі.
2022 жылы бастау алған «Күміс жас» жобасына қатысу үшін қазақстандықтардың жасы 58-ден асуы тиіс болса, биыл аталған бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Яғни, 1 қаңтардан бастап жобаға қатысушылардың контингенті мен қатысу кезеңі кеңейтілді. Оған 50 жасқа толған қазақстандықтар 3 жылға дейін қатыса алады.
Сондай-ақ, қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылды. Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың қатысуына мүмкіндігі бар.
«Күміс жас» жобасы аясында азаматтарды жеке көмекшілер, күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшілер, жас қызметкерлер үшін тәлімгерлер және тағы басқа қызметші ретінде жұмысқа орналастыру жүзеге асырылуда. Жобаға қатысу кезеңі еңбек өтіліне есептеледі, ал 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі төлем сомасы зейнетақыны есептеу кезінде табыс ретінде қаралады.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Әлия Сапашеваның айтуынша, аймақта жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, орындау және жаңа жұмыс орындарын құру өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Соның ішінде зейнеталды азаматтардың жұмысқа орналасуына үлкен септігін тигізіп отырған «Күміс жас» жобасы да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
– Өткен жылы облыста аталған бағдарлама бойынша жұмысқа 281 адам жолдама алып, жұмыссыздар мал шаруашылығы, күзетші, тігінші және тағы басқа да мамандықтар бойынша жұмысқа қабылданған болатын. Биыл осы жобаның негізінде 747 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, қазірдің өзінде 500-ден аса тұрғын жұмыс тапты. Аталған жобаға биыл республикалық бюджеттен 479,4 миллион теңге қарастырылып, өткен үш айда оның 48,4 миллион теңгесі игерілді. Бұл бағдарлама өңірдегі кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіп отыр, – дейді Ә.Сапашева.
Елімізде әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында қабылданып жатқан бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді орындап, жоспарларды жүзеге асыру – жергілікті биліктің міндеті. Аталған бағдарламаларды мейлінше ел игілігіне жарату мақсатында тұрғындардың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне оң ықпал ететін «Күміс жас» жобасы аудандарда да қызу қолға алынып жатыр.
Мәселен, Сарысу ауданында бұл жоба бойынша былтыр 15 азамат жұмыспен қамтылып, оған 8546,0 мың теңге қаржы жұмсалған. Ал биыл 42 адамды жұмыспен қамту үшін 26 951,0 мың теңге қарастырылып отыр. Соның ішінде 1 сәуірге дейін 38 адам жұмысқа жолдама алып, 2 481,0 мың теңге жұмсалған. «Өткен жылы аудан тұрғыны Аманжол Оспанов жұмыс іздеп халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінді. Нәтижесінде «Күміс жас» жобасы аясында «Мержан» шаруа қожалығына жұмысшы болып орналасты», – дейді аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ілияс Домалақов.
Биыл Талас ауданында да «Күміс жас» бағдарламасы жаңа бағытта жалғасуда. Өткен жылы жоба бойынша зейнет жасына екі жыл қалған 15 адам жұмыспен қамтылып, бюджеттен қарастырылған 3,5 миллион теңге толық игерілген. Жобаны 2 адам аяқтап, тұрақты жұмыспен қамтылса, қалған 13-інің келісімшарты жалғасуда.
Мәселен, 1 адам «Нұргелді» шаруа қожалығында сауыншы болса, 2 адам «Замана» жеке кәсіпкерлігінде егінші болып жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер бағдарламаның келісімшарты аяқталған соң оларды тұрақты жұмысқа алатынын айтқан. Яғни, аталған азаматтар зейнетке сол шаруашылықтардан шығатын болады. Аудандағы халықты жұмыспен қамту орталығының жобаға жауапты маманы Жұмакүл Жаңабек берген мәліметке сүйенсек, биыл «Күміс жас» бойынша 42 адамды жұмысқа тарту жоспарланған.
Бүгінде 24 адам жұмыс берушімен 36 айға келісімшарт жасасып, жұмыспен қамтылған. Мысалы, жеке кәсіпкердің «Авто фати сервис» мекемесіне 3 адам жұмысқа орналасқан. Олардың екеуі автокөлік жүргізушісі, біреуі диспетчер болып нәпақасын тауып жүр.
Мойынқұм ауданында «Күміс жас» жобасы бойынша былтыр 8 азаматты жұмыспен қамту жоспарланғанымен, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы 15 мекемемен келісімшартқа отырып, нәтижесінде 18 азаматқа жұмыс тауып берген. Бүгінде «Үркер» шаруа қожалығында 1 азамат жұмысшы болып, «Алиева» жеке кәсіпкерлігінде 2 көмекші, «Айқын» жеке кәсіпкерлігінде 1 мал қараушы, «Смак» шаруа қожалығында 1 жұмысшы жұмыс атқаруда. Олар келісімшарт аяқталғаннан кейін зейнетке шыққанша сол жерлерде тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Биыл ауданда «Күміс жас» жобасы бойынша 20 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақыткүл Қалымбетованың сөзінше, қазіргі таңда 10 мекемемен келісімшарт жасалып, 16 азамат жұмыспен қамтылған. Мекемелердің берген өтінімдері бойынша «Есенходжаев» жеке кәсіпкерлігінде 1 азамат жанармай құюшы болып, «Бақ сарайы» жеке кәсіпкерлігінде 1 аспаз, мүгедектерді әлеуметтік қорғау қоғамдық бірлестігінде 3 әлеуметтік жұмысшы, «Жанар» жеке кәсіпкерлігінде 5 аспаз жұмысқа қабылданып, жоба игілігін көруде.
«Күміс жас» жобасы Жамбыл ауданында да зейнеталды азаматтардың жұмысқа орналасуына үлкен септігін тигізуде. Өткен жылы осы жобамен 28 азамат жұмысқа орналасса, биыл 61 тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде олардың 46-сы жұмыс істеп жүр. Мәселен, Жамбылхан Нұраханов зейнет жасына дейін «Мираскер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Балдәурен» балабақшасына күзетші болып жұмысқа орналасқан.
«Шыны керек, алғашында мұндай бағдарламаның бар екенін білмедім. Әлеуметтік желі, телеарналарда жарияланған ақпараттарды көріп, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барып, мамандардан кеңес алдым. Көп ұзамай, жоба аясында балабақшаға күзетші болып орналастым. Елімізде зейнет жасына тақаған жұмыссыз азаматтарға үлкен қолдау болатын осындай тиімді бағдарламалардың іске қосылып жатқаны қуантады», – дейді Ж.Нұраханов.
Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 450 мыңнан астам жұмыссыз бар. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар екен. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Бұл зейнет жасына тақаған азаматтарға жұмыс табу қиын екенінің бір дәлелі. Өйткені, егде жастағыларды көбі жұмысқа алғысы келмейді. Сондықтан өткен жылы қолға алынған «Күміс жас» жобасы осындай зейнеталды жастағы адамдарды әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтуға жол ашқан маңызды бағдарламалардың бірі екені даусыз.
Мәселен, былтыр елімізде жобаны іске асыру шеңберінде зейнеткерлік жасқа дейінгі 3080 адам жұмысқа орналастырылған болса, алдағы уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын кемінде 15 мың адамды қамту жоспарланып отыр.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП, Ақ жол газеті