КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР ТЫҢДАЛДЫ
Күні кеше аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, елдің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Сонымен бірге, алдағы уақытта әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасы атап өттілді.
Одан бөлек, балалар қауіпсіздігі үшін ауылдың негізгі орталық көшесіне жаяу жүргінші жолағын салу, көшені жарықтандыру мен электр бағаналары әбден тозығы жетуі сынды күн тәртібіндегі түйткілдер де басқосу барысында айтылып, жан-жақты талқыланды.
Кездесуде көтерілген сауалдардың ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке зерделеу жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешілетін болады. Себебі жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді бір мезетте шешудің оңайға соқпайтыны сөзсіз. Кез келген мәселенің түйінін тарқату алдымен жобаға, одан кейін қаржыға және уақытқа келіп тіреледі. Сол үшін де тұрғындардың түсіністік танытқаны абзал.