Күнәдан тыятын 4 кеңес
Бір заманда өте күнәһар кісі өмір сүріпті. Ол әр таң сайын өзіне күнә жасамауға уәде береді екен, алайда, қанына сіңіп қалғаны соншалықты, күнә жасамаған күні болмайды. Амалы таусылып, заманының заңғар тұлғасына айналған ғұламаның алдына келеді. Күнәһар адам:
– Мен қанша тырыссам да, жаман әдеттерімнен арыла алар емеспін. Менің күнә жасауыма тосқауыл болатын кеңес айтыңызшы, — дейді.
Сонда ғұлама:
– Мен саған төрт кеңес беремін. Егер осы төрт насихатты әрдайым есте ұстайтын болсаң, Алла Тағала кемшілігіңнен құтылуға көмектеседі, — деді.
Қуанышында шек болмаған кісі оны мұқият тыңдай бастады:
– Бірінші кеңес – қайда жүрсең де, қандай іспен айналыссаң да, Алла Тағаланың сені көріп тұрғанын ұмытпа!
– Екінші кеңесім – мұнан кейін бір күнә жасап қойсаң, Алла берген ризықты аузыңа алма! Оған иман келтірген, Оның берген азығымен қоректенетін адамның Алла бұйрығына қарсы шыққаны иттік емей немене?-деп жалғастырды.
Ғұлама айтқан сөздерінің тыңдаушының құлағына емес, жүрегіне енуі үшін әрбір кеңестен кейін кідіріп отырды.
– Үшінші кеңесім – осыдан кейін тағы да күнә жасауға бет алсаң, мына әлемнің Иесі бір Алла екендігін есіңе ал. Күнә жасар болсаң, Алланың иелігіндегі жерді басушы болма, өзіңе басқа жер тауып ал, — деді.
Кеңес сұраушы адам қатты таңырқап:
– Сонда мен қайда бармақпын? Көзіме көрінетін барлық нәрсе Алланың иелігінде емес пе?
Ғұлама оның үрейлі көзіне үңілді де, былай деп тіл қатты:
– Неткен қайырымсыздық! Сен Оның иелігіндегі әлемде өмір сүресің және Оның нығметімен тамақтанасың, сөйте тұра, Оның бұйрықтарын орындамайсың, қарсы шығасың!
Әлгі адамның денесі тітіркеніп, өзінен жиіркене бастады, дірілді дауысымен төртінші кеңесті сұрады:
– Әйтеуір бір күні татар дәмің таусылады. Сонда өлім періштесі сенің жаныңды алуға келеді. Осы сәтте оған: «Ей, өлім періштесі! Сен мезгілсіз келдің. Мен өз күнәларыма тәубе жасап, түзелгенде келші. Маған әлі Аллаға құлшылық етіп, Одан кешірім сұрауым керек» деп айт.
– Бұл мүмкін емес! Мен өлім періштесінен мұны қалай сұрамақпын? Ол маған келгенде менің қолымнан келер шара болмайды ғой!?- деді жанары жасаураған күнәһар.
Өсиетін аяқтаған қария:
– Япыр-ай, адам деген қандай жаратылыс еді?! Әрбір адам өзін Алланың көріп тұрғанын біледі. Оның бергенімен қоректенеді. Оның иелігіндегі әлемде өмір сүреді. Ал өлім періштесі келгенде, қосымша мерзім сұрай алмайды. Олай болса, соңғы демің шықпайынша,тәубеңе кел. Алланың құлына бұйырғанын бұлжытпай орында! Бойыңды көркем мінезбен көркемдеп, құлшылыққа көңіл бөл де, Жаратушыңа жақындауға тырыс,-деді мейірлене.
Осы сөздерден кейін кеңес сұраушы кісі ағыл-тегіл жылай бастады. Жанарынан тамған жастарды сүртіп үлгерместен, сәждеге құлап, Раббысынан кешірім сұрады. Жан-тәнімен, мүлкімен Ислам жолында еңбек етуге кірісті. Бұрынғы нашар таныстарын тастап, кеңес берген ғұламаның шәкіртіне айналды. Көп ұзамай, Алланың тақуа құлдарының қатарына енді…
Сіз қайтер едіңіз?
Алла Тәъәлә жұма күнінің хайыр-берекетін берсінші!