ҚҰНАНБАЙДАЙ ҰЛ ТУҒЫСЫ КЕЛЕТІН ЗЕРЕДЕЙ АНАНЫҢ СӨЗДЕРІНЕ МӘН БЕРСІН…

Қарадан шығып хан болған Құнанбайдың анасы Зере ұлына қатысты былай дейді: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, «бісмілла» айтпай емізген мезгілім болған жоқ».
Міне, осындай тазалықтан туған Құнанбай өте ұғымпаз, зерек, алғыр, бір естігенін, оқығанын ұмытпайтын болған. Құнанбайдың уәдеге берік, ұстамдылығы, қайратты, жігерлілігін, сабырлы, шешен, болжампаздығын ел аңыз еткен.
Шөбересі Ахат Шәкәрімұлы өзінің атасы жайлы естелігінде: «Құнанбай діншіл адам болған. Ол балгерсіген бақсы құшынаштарға, қисынсыз ырымдарға нанбаған. Пара алуды, пара беруді, өтірік айтып, ұрлық қылуды, адамға табынуды жаны түршігіп жек көрген.
Ол тек Құдай мен көпке ғана бағынуды лайық деп санаған. Бұрын зекет беруді білмейтін байларға малынан зекет беруді орындатып, оларды нағыз нашар, кемтар, жетім-жесірге бергізген. Арам өлген мал етін, қан, безді жейтіндерді де тыйған. Тобықты елінің ұрлығын пышақ кескендей тыйған», – деп оның қаншалықты дініне берік әрі қайырымды жан болғанын айтады.
Құнанбай білім-ғылымға қатты көңіл бөлген. Өз балаларынан бастап ауылдағы, әсіресе жағдайы нашар адамдардың балаларына білім беру үшін мектеп-медреселер, елдің діни ахуалына көңіл бөліп, мешіттер салдырған, оларды оқыту үшін алыстан ұстаздар алдырған.
Құнанбай үнемі айналасындағыларға ақыл-кеңесін аямаған. Халық та оның дария білімінен пайдалану үшін оның шаңырағынан толастамаған.
Құнанбай жайлы Адольф Янушкевич 1846 жылы Густав Зелинскийге жазған хатында: «Құнанбай қара халықтан шыққан, жаратылыстан ақыл-парасаты дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі.
Халқының қамын ойлайды, оған жақсылық қылсам дейді. Елінің ежелгі жол-жобасына, әл-Құранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік, Россия өкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережесіне жетік. Қара қылды қақ жаратын әділ, адал азамат.
Құнанбай халқының қамқоры, оны жұрт пайғамбарындай көреді. Сондықтан, одан ақыл кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатыр», – деп Құнанбайдың тұлғалық қасиетін бүкпесіз ашып көрсетеді.
Демек, Құнанбайдай ұл туғысы келетін әйел Зередей ананың сөздеріне мән берсе керекті…

Салтан Сайранұлы.