ҚҰНАНБАЙДЫҢ АБАЙҒА БЕРГЕН МІНІ ЖƏНЕ АБАЙДЫҢ ЖАУАБЫ

Сол заманда Абай жиырма үш жас мөлшерінде Семейге білім іздеп жолға шығар жолында шешесі Ұлжан, екі ауылдағы құдалыққа себепті Мамай руының үлкен байы Тойғұлының үйіне бара кетуді тапсырады. Шешенің тапсыруын жөн көріп, Абай өз досы Ерболды ертіп Тойғұлы ауылына барады.
🔸️Ондағы ел-жұртпен аман-сәлем сұрасып болып, үлкендермен әңгіме де болады. Сонда Абай өз әкесі Құнанбайды сөзбен жеңіп алады. Шыдамай қалған Құнанбай тоқтат деп күш салып ақырып, басып қояды да, Абай қалаға аттанбақ болғанда артынан үйден ілесе шығып, Абайды айырым шақырып, төбешікке шығып мынадай үш мін айтады.
🔸️— Ең әуелі арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың, өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың, бұлдай білмейсің, көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жайлайды.
🔸️Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа, досша, қасқа қасша қырың жоқ, ішінде жатқан сыр ұшығы жоқ, жұрт бастайтын адам ондай болмайды, басына ел үйірілмейді.
🔸️Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің! -дейді.
🔸️Сонда Абайдың әкесі Құнанбайға жауабы:
— Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсызға, кәрі-жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын.
🔸️Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «Айт» десе өргізіп, «Шайт» десе жусататын болған. Бертін келе ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «Шөк» десең аңырып барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе соны көруге шыдаған, жанын аямаған. Қар төсеніп, мұз жастанған. Етегін төсек, жанын жастық қылған бақташы ғана баға алады. Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар кісі ғана бағады. . .
🔸️Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзің үшін де дүниенің ең асылы- білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас. . . деп сөзін аяқтайды. (М.Əуезов)