Құндылықтарға – құрмет
Айдарымыздың осыған дейінгі шығарылымында «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» атты арнайы кітап турасында айтқанбыз. Аталмыш кітапқа енген Л.Сүлейменнің «Құндылықтарға – құрмет» атты мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
Қазақ хандығының 550 жылдығы – Отанымыз үшін әрі мерейлі, әрі тарихымыздың биік мемлекетшілдік белесін зерделететін меже. Осынау конференция Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын іске асыру бағытында талай мамандарға және жас азаматтарға ой салады деп есептеймін. Өйткені, ұлт тарихының қай жауапты кезінде болсын әйел-ана, ару-қыз ерлердің мойнындағы жүкті бірдей бөлісіп, халыққа – қабырға, жауға – айбар бола білген. Ауызша жеткен деректерде бізге қаскөй жұртар «қазақ әйелі қасқыр сынды: апанын жауға бермейді, бөлірігін алдырпайды» дейді екен. Ал, енді ханның «қырық кісілік ақылын» құрауға себепші асыл сүйекті ханымдарымыз бен ханшаларымыз, әр кезеңде мың-миллиондардың ішінде ақылымен, көркімен, батылдығымен жарқ етіп көрінген аруларымыз туралы неше түрлі аңыз-әпсана, жыр-дастан бар. Біз осы тұлғаларды жаңғыртып, бүгіннің рухани қажетіне жұмсай алсақ, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілер» еді. Тәуелсіздік – негізінен бүгінгі мерей, жеткен жетістік болғанымен, оның бастауы қиын да күрделі кездерде жатқанын ұмытпағанымыз жөн. Бүгінгі тату-тәтті өмір сүріп жатқан 17 млн 400 мыңнан асқан халқымыз Қазақстанның тұтас тарихын, бірлік пен тірлік тарихын бес саусағындай біліп жатса, бұл да – азаттықтың жемісі дер едік. Себебі, атам заманнан бүгінге дейін, Елбасымыз айтқандай, Ұлы Қазақ даласы – бейбітшіліктің бесігі, жасампаздықтың жазирасы, өрлеу мен дамудың ошағы. Оған күллі түркіге ұран болған Алтай кезеңін, алғашқы ислам құндылығын қабылдаған Қарлұқ-Қарахан кезеңін, байырғы Тұранды жаңғыртқан Түркістан кезеңін алсақ та жеткілікті. Оның сыртында ғаламның ғылым аспанындағы жұлдыз сынды Фараб-Отырар, Испиджаб-Сайрам, Сауран, Сығанақ, Сарайшық, Тараз т.б. шаһарлардың дүркіреген шағын ұмытуға болмас. Әріден тартсақ, сақ пен ғұн, беріден тартсақ түркі мен қыпшақ — бәрі де әлем мойындаған ұлтық-этногенездік іргетастарымыз. Тағы да Елбасы сөзімен айқындайық: «Тарихымызда біз ұялатын жер жоқ!».Әрине, осы толғамалы тарихымыздың ең бір айшықты, әсем, нәзік тұсы — ханымдар мен арулар тарихы. Тұтастандырып айтсақ, аналар тарихы! Түркі дүниесі, соның ішінде қазақ та бар, бір кезде әйелді титулдық айырымымен «хатун» (Тараздағы «Бабаджа хатун» кесенесіне еске алыңыз) деген. Тарихшылар бұл «кінәз жары» (княгиня) деген мағына береді дейді. Ал, филологогтар айтатындай, бүгінгі ата тегімізде сақталып қалған «бек» пен «бай» жұрнақтары да сондай титулдық деңгейді көрсетсе, мұның тарихын да жете қарастырған дұрыс сияқты. Тіпті ислам құндылықтарымен сәйкес енген ер азамат атының соңындағы «құл», әйел заты есіміндегі «күл» жұрнақтары ешқандай төмендетудің белгісі емес, биік имани ниет, тіпті титулдық жоғары мәртебе екенін әлі дұрыс айта алмай жүрміз. Термин анықталмай, ұғым анықталмайды; атау нақтыланбай, түсінік нақтыланбайды. Мұны мұқият ескерсек екен. Бұл да – біле-білсек, елдік құндылығымыз. «Ұлт дәстүрі» — біздің генетикалық кодымыз. Осы кодтың бастаушысы да, сақтаушысы да, келесі ұрпаққа жеткізушісі де – аналар. Қазақтың Ұлы даласында саяси истеблишменттегі әйелдер өз уақытында тұрақтылықтың, рухани өрлеудің, келісімнің жаршысы әрі негізі бола біледі. Ел басқаруға араласқан ханымдардың ерлермен бірге атқа қонғанып, басын бәйгеге тікті. Ел басқарушылардың ақылман жары, тірегі ретінде хандық құрылысына, мемлекет құраушы істерге қатысты. Тіпті аса қиын патша отаршылдығы заманында байырғы елдік дәстүрдің алтын арқауын жалғастыру жұмыстарын атқарды. Міне, мемлекетшілдік құндылықты орнықтыру мен жалғастырудағы, ханымдар мен ханшалардың, ел аналары мен қарапайым әйелдердің тарихи еңбегі осындай. Біз осы істерді ұмытпауымыз керек. Оны жаңа заман форматында дамытуымыз қажет. Сондықтан да Тәуелдік жылдардың аса жауапты кезеңінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Елбасы бақылауында Әйелдер істері және отбасылық-деморафиялық саясат жөніндегі ұлтық комиссия құрды. Бұл құрылым сәтті, абыройлы жұмыс істеп келеді. Аталған комиссия мүшесі ретінде мойнымызда аса ауыр жүктің барын, ол жүктің аты – елге қызмет екенін жақсы сезінеміз.
Біз – өткенді қадірлеген, жаңаны байыптаған, болашақты бағдарлаған елміз. Сол себепті Қазақ хандығы тұсындағы мемлекетшілдік ой-сананы, отансүйгіштік қасиетті, жоғары адамгершілік парасатты өрістеткен, ұрпағына сіңірген аналарды тарихи еңбегіне әділ баға беруге тиіспіз. Бұл – әрі елдік құндылықты қадірлеу, әрі сабақтастықты сақтау болмақ.
Біз елдік түсініктегі әйел-ананың болмыс-бітімін, оның ел басқару ісіне қатысты түсінік-пайымын, ұрпақ тәрбиелеудегі таным-білігін қайта қарамаймыз. Өйткені, ол-бас-аяғы жүйелі, ғасырлар бойы қалыптасқан айырықша төлтума дүниетаным кешені. Оның иесі-халық, киесі де-халық. Ол-әбден қалыптасқан, орныққан құндылық. Кейінгі тарихты айтпағанда, ежелгі көшпелілер петроглифтерінің өзінде әйел-ана бейнесі айрықша орынды иеленген. Бұл байырғы өркениетімізде әйелдің әлеуметтік мәртебесінің биік болғандығын, арулардың айрықша құрметтелгенін дәлелдейді
Ұлт сөзін ұстаған классик-жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Адамды хайуандықтан адамшылдыққа енгізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарияқаты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе»,- деп жазған еді ХХ ғасырдың басында. Бұл ой әлемді дүр сілкіндірген төңкеріс тұсында айтылды. Бұйырса, оған енді тура 100 жыл толмақ. Енді қараңыз, Ж. Аймауытұлының Ақбілегі мен Б.Майлиннің Раушанынан бері оқыған қазақ әйелі қаншама өсті, жетілді. Сөйте тұра біз әркез халық даналығына, ел дәстүріне шөлдейміз. Дана жазушы бесікпен бірге тағылым мәселесін жайдан-жай айипаса керек.
Қазақстан Республикасы-бүгінгі таңда Орталық Азия аясында әйел проблемаларын елеулі нәтижемен шешіп келе жатқан табысты мемлекет. Әлем бізге осындай баға береді. Біз, әлбетте, бұған тоқмейілсінбей әлі де көп жұмыс атқаруға тиіспіз.
Бүгінгі халқымыздың 52 % ы – әйелдер. Тәуелсіздік жылдары елімізде 6 миллионнан астам бала дүниеге келіпті. Соңғы он жылда Қазақстанда 23.894 егіз, 277 үшем мен төртем дүние есігін ашыпы. Отанымызда бақ-береке болмаса, осы табысқа жетер ме едік? Әйелдер қазіргі уақытта ерлермен тең дәрежеде қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық өміріне қатыса алады. Олардың сайлауға белсене қатысуын – қоғамдық жасампаздығының айқын көрінісі деп қарауға болады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының 1995-2004 жылғы сайлауларында әйелдер өкілдігі орташа есеппен 11-12% –ды құраса, 2007 жылы 15,3% –ға жетіп, ал 2012 жылы 24,5% –ға дейін өсті. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде 28 әйел депутаттық қызмет атқарып, төменгі палата мүшелерінің 26 пайызын құрап отыр. Салыстыру үшін айта кетейік, әлем парламенттеріндегі әйелдер өкілдігінің орташа көрсеткіші – әлі 20 пайызға жетпеген. Дамыған елдер бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізуге талпынып отыр. Жергілікті өкілді орган – мәслихат депутаттарының мандаттарын алған әйелдер саны соңғы 15 жыл бойы тұрақты көрсеткішке ие. 1999, 2003, 2007 жылдары әйелдердің үлесі 17% –ға дейін артса, ал 2012 жылы 18,2%ға жетті. Қазіргі қызметтегі 3.334 мәслихат депутатының 614-і (18,4%) – әйелдер. Еліміздің ауыл әкімдерін сайлауда да әйелдер белсенділігі жылдан жылға артып келеді. 2013 жылы сайланған әкімдердің ішінде әйел-әкімдер 32 адамға көбейіп, жалпы саны 280-ге (11,4% ) өсті. Соңғы уақытта әлеуметтік сауалнамаларға қатысқан әйелдердің 70% –ға жуығы өзінің қабілеттеріне сенетінін айтып отыр. Бұл мәлімет қыздарымыз өзін күшті, дербес тұлға ретінде сезінетіндігін көрсетеді. Бүгінде Елбасымыз әйел заты маңызды мемлекеттік және саяси шешімдерді қабылдауды болжайтын биліктің барлық деңгейлерінде жүру қажеттігін қадап айтып отыр. Қоғам өмірінде әйелдер қызметтің жаңа аясын және мүмкіндігін ашуға себепші екенін мақтанышпен айтамыз.
Біз заман ағымына сай, елдің инновациялық бағдарламаларының шеңберінде әйел кәсіпкерлерді, саяси көшбасшыларды, қоғам қайраткерлерін ірі кәсіпорындар басшыларын жиі кездестіреміз. Бұл үрдіс, әрине, ең алдымен ел тәуелсіздігін нығайтуға қызмет етпек.
Жалпы, әлімсақтан қазақ әйелінің қайталанбас өзіндік рөлі қалыптасқаны-тарихи шындық. Қазақстанның Еуразия кіндігінде орналасуы Шығыс пен Батыс дәстүрлерін бойына қатар сіңірген қазақ әйелінің болмыс-бейнесін анықтады деуге толық негіз бар.
Кез келген ұлт әйелінің қалыптасқан портреті болады. Мысалы, «француз әйелі», «италия әйелі», «араб әйелі», «жапон әйелі» дегенде, әрқайсының өзінше ерекшілігі еске түседі. Ал, қазақ әйелінің портреті ше? Оның басты сипаты – халық дәстүріне адал, намысты, инабатты, ізетті, сыпайы, әдепті, қылықты, білімді, талапты қазақ қызы болатыны сөзсіз. Қазіргі қазақ қызы туған халқының мәдениетімен қатар әлем мәдениетін меңгерген, білікті, әлеуметтік ортаға бейімді, қоғамдық өмірде белсенді. Бұл – заман талабы.
Бүгінгі құндылықтың ең маңыздысы-қоғамдық тәрбие. Қазақ анасы өз қызын отбасы құруға, шаңырағының ұйытқысы болуға, отбасы мен қоғам берекесін қатар сақтауға, амандық пен табысқа жауапты етуге бала күнінен баулуы тиіс. Бұл жерде жеке үлгі маңызды.
Үлкенге сәлемдесу, орын ұсыну, жол беру, киелеп баса көктеп өтпеу, қонақтың атын байлатып, есік ашып,төрге шығарып жақсы қабақпен қарсы алып, орнымен шығарып салу,ағайынға, жетім-жесірлерге,мүгедектерге, жора-жолдастарға қайырымды болу сияқты ата салт-дәстүрімідің бірде -бірі ескірген жоқ. Бұлар- ешқашан ескірмейтін құндылықтарымыз.
Дәстүрлі қоғамымызда адамнан адам әрқашан дәметіп тұратын табиғи мінез-құлықтың бәрі адамшылыққа негізделген. Дала өмірінде бұл мінезді қабылдамау немес қорлау-өзін-өзі қорлаумен және халықты силамаумен пара-пар. Ал, енді осы дәстүр ұрпақ бойына Ана арқылы сіңген, Ана арқылы өркен жайған. Ендеше біз ұлттық тәрбиені өз балаларымыздың санасына сіңіру арқылы,оны құрметтеу арқылы мың жылдық от басы дәстүрімізді жалғастыра аламыз. Отбасы мәртебесін,құндылығын нығайта отырып, мемлекетімізді нығайтамыз.
Бүгінгі Қазақстан мәдениеті дамыған,экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті,әлемнің көшбасшы елдері қатарына қосылуға талабы бар,саяси әлеуеті зор мемлекет екенін ескерсек, осы бағытта ұлтымыздың басты байлығының бірі-қазақ қыздары мықты,берік отбасы құру арқылы елдің бүгініне,ертеңіне,болашағына нақты көмектесетінін түсінеміз. Олай болса, әр сәт мемлекет баяндылығының мәні мен міндеті есімізде тұрсын.
Ләззат Сүлеймен,
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі,
әлеуметтану ғылымдарының кандидаты.