КҮНШІЛДІК – КӨҢІЛ ДЕРТІ

Тарих тереңіне үңіліп, халықтық қадір-қасиетімізге зер сала қарасақ, ата-бабамыздың бір сөзді, уәдеге мәрт, қайырымға жомарт, пейілі дархан, қонағын Құдайындай сыйлап, біріне-бірі демеу болғанын көреміз. Ал, қазірде осы асыл қасиеттерді жоғалтып алғандаймыз. Бүгінгі қоғамда жікшілдік, күншілдік секілді кері әдеттер белең алып, үлкен әлеуметтік мәселеге айналғандай.
Еңбек жолымды Алматы қаласында бас­тап бірнеше басылымның газет өндірісіне араластым. Сонда қазақтың жап-жас қыз-жігіттерінің бойынан жершілдікті, жікшілдікті байқағанда кәдімгідей көңілім құлазып қалатын. Екінші бір ұжымда еңбек етіп жүргенімде әріптестер арасында өзара көреалмаушылықтың бар екеніне көзім жетті. Тағы бір мәселе, арамызда кіші бола тұра кісілік көрсететін өрімдей жас жігіттердің менмендігінің куәсі болып жүрмін. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, олардың ішінде әлдеқандай қызметін көтере алмай кеудесін көтеріп, айналасындағыларға менменси қарайтындары тағы бар. Бірақ, туған жердегі шығармашылық ортада жүріп шыңдалып, жақсы жандардың шапағатына бөленіп, қаламымды ұштап келемін.
Кейде, дархан қазаққа таршылық қасиет қайдан келді деген ойға қалам. Бұл – өткен ғасырларда дана қазақтың басына түскен қасіретті күндердің кесірінен қалыптасқан керағар қасиет болуы мүмкін. Өйткені, сонау 1723 жылдары орын алған Ақтабан шұбырындыдан бастап, одан кейінгі қос алапат ашаршылық, ол аздай қазақ зиялыларының жаппай репрессияға ұшырауы халықты әбден үрейлендірді. Осыдан болар халқымыз секемшіл, өзге түгіл өзіне күмәнмен қарайтын жағдайға жетті. Соның салдарынан халық әр жерде бас сауғалап, жанының саулығы үшін түрлі себептермен бір-біріне жала жапқаны тарих беттерінен бізге белгілі. Бүгінгі буынның бойындағы керағар қасиет сол уақыттың қиындығынан пайда болған теріс әдеттерден қалған бір ұшқын болса керек-ті. Алайда, қазір Тәуелсіз, іргетасы мықтап қаланған, шаңырағы биік, керегесі кең бейбіт елміз.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деген сөзі әрбірімізді жаңаруға, жақсылыққа үндеп тұрғандай.
Түйіндей келгенде айтпағым, ақылына көркі сай саналған аруларымыз сүйкімін кетіріп, айласын асырмаса, азаматтарымыз кеуде соғып, қадірін қашырмаса деген игі тілек қана.

 

Жаңақорған тынысы