«ҚҰПИЯ» ХАТ

… Оның ойында ештеңе жоқ еді. Бір кезде ауыл клубы жабылғанға дейін күйеуі – киномеханик, өзі кітапханашы болып істегенін, ауыл құрыған соң қалаға көшуге мәжбүр болғанын өзге түгілі өзі ұмытқалы қашан!
***
Базар тарқаған соң, заттарын жанталасып қоймаға өткізді. Сосын көк түтін сасыған көне автобусқа қыстырылса мініп, қаланың бір шетіндегі үйіне жеткенше асыққан. Жеміс, көкөніс, тауық, айран, сүт, тағысын- тағы тағамдарға толы, екі қарын талдырған қалта-дорбаларды сылқ еткізіп, кіре беріске сүйей салды. Ентіге демалып, самайынан сорғалаған терін сүртті. Аялдамадан түскен соң, қуыс-қуысты қуалап, бір елеусіз түкпірдегі тауықтың кетегіндей жаман үйіне осынша жүкпен жету оңай ма?!
Құдай қосқан қосағы оқып жатқан газеттерін тастай салып, диваннан шалт көтеріліп, бұның қолындағы зіл батпан заттарды алып, сырт қиімін шешісіп, «Жаным, шаршадың ба? Бүгінгі саудаң қалай болды? Қиналып жүрсің-ау, түсінемін… Мен жұмыс тапқанша, сәл шыдай тұршы»,-деп жылы шыраймен тіл қатар-ау деп үміттенбейді де.
Ержеткен ұлы ма? Оның күн батса шым бататын қашанғы әдеті ғой. Кешкісін үйдің маңы түгілі шаңына жоламайтыны өзіне аян. «Бойдақтың түске дейін есі бар, түстен кейін есі жоқ» деген сөз бекер айтылмаған-ау, сірә!
Қыз боп қылтия бастаған ортаншысы жыланға арбалған торғай сияқты, титімдей телефонның ішіне кіріп кетудің аз-ақ алдында. Үйге анасы емес, көшедегі бөтен біреу ішке кіріп, іске асар дүние-мүлікті түгел көтеріп кетсе де, сезер халде емес.
Алдынан арсалаңдай шауып шығып, еркелей мойнына асылған кенжесі: «Сізге хат келген, ешкімге көрсетпей тығып қойдым»,- деп құлағына сыбырлады.. Бұны елжірей іздеп, сағына хат жаза қоятын ешкімнің реті жоқ еді ғой. Ол қатты таңғалды.
Қызының сонша құпиялай сыбырлауы қызығушылығын туғызды ма, тіпті сырт киімін шешпестен, тездетіп төргі бөлмеге өтті. Қаршадай қызы жан-жағына жалтақтап қарап алды. Маңайында екеуінен басқа ешкімнің жоқтығына көзі жеткен соң ғана елеусіз қуысқа титімдей қолдарын сұқты…
Шырпының қорабына бірнеше бүктеп салған жұп-жұқа конвертті ашып қарап, күліп жіберді. Сайлауға шақырған ресми хабарлама екен. «Әй, баламысың деген!» Перзентін бауырына тартып, басынан иіскеді. Сосын: «Балапаным-ау, кімнен, не үшін жасырдың?»деп ақырын сұраған.
Ол жәудіреген қара көздерін төмен салып, сәл үнсіз қалды да: «Сізді иномарка машинасы бар, крутой бір ағай ресторанға шақырған екен деп ойладым… Сіз шашыңызды сәндеп, тырнағыңызды бояп, жақсы киініп, кездесуге баратын шығарсыз десем…»,- деді бір түрлі кінәлі үнмен.
Әйел тұрған жерінен сылқ етіп диванға отырды да басын шайқап, сыңғырлай күліп жіберді. Үнемі шаршап-шалдығып, еңсесі езіле, тұнжыр ой құшағында жүретін апасының көптен естілмеген күміс күлкісі көңілін сергітті ме, бейкүнә сәбидің де аясы кең, қарақат көздері бұлт астынан шыққан күндей жарқ ете қалды.
Алақандары мүйізденген, көк тамырлары бадырая шыққан тарамыс қолымен ол баласының басынан сипады: «Сәнді киініп, бөтен ағалармен қыдыратын апайлар тек кинода ғана болады. Маған сендерден басқа ешкімнің де керегі жоқ!..»- деді елжірей сыбырлап. «Маған сендерден басқа ешкімнің де керегі жоқ!..»-деді дауысы дірілдеп.
Қанша жылдан бері қысы-жазы «Үй – Базар — Үй» бағытынан айнымаған жанның жанары жасқа толып, тамағына өксік тірелді. Неге екенін кім білсін…….
Кун Ай