ҚҰПИЯ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Ерлі-зайыптылар тыныш өмір сүріп жатады. Алайда кейінгі уақытта әйелі күйеуінің үйге кеш келіп, сенбі-жексенбі күндері бір жаққа кетіп, жандарында болмай қоятынынан секем алып жүреді. Негізі бұл әйел сабырлы болатын. Бұрқылдап сөйлеу, ерінің бетінен алу деген мінезінде жоқ болатын. Дегенмен үй-ішін ұмытып, жолдасының далада жүргені көңіліне қатты әсер етті. Көрші әйелдер де тілдері сумаңдап, «күйеуің соңғы уақытта үйде көп болмайды, біреу-міреу тауып алған болар» деп қажап, тиісетін болған. Осындайдың ықпалынан ба бір күні әйел Құдайдан кешірім сұрап, байының артынан аңдуға шықты. Күн жексенбі болатын. Соңына түскен көзден еш қапері жоқ жолдасы қала шетіндегі ескі бір үйдің қақпасына кіріп көзден таса болды. Әйел де қақпадан ішке енді. Аулада қалың ағаш бар екен, соның тасасында тұрып тың тыңдады. Желкөзі ашық терезеден іштегілердің дауыстары анық естіліп жатыр. Мұның құлағына баланың қуанып, көкелегені мен әйелдің сыңғырлай күлгені және өз күйеуінің дауысы естілді. Жақындай түскен. Әйел үні еркелегендей шықты. Әріге шыдап тұра алмаған бұл келген ізімен кейін қайтты. Кеудесін өксік қысып, күйеуімен бірге өткізген бүкіл өмірін есіне алды. Егілген күйі үйіне келіп жатып қалды. Артынан күйеуі келді. Оған сыр білдірмей, өзінің сырқаттанып қалғанын айтып жата берді. Осы күннен кейін екеуінің арасында түсініксіз ахуал орнап, әйел күйеуінен жиіркенетіндей күйге түсті. Бірақ сыр бермей, кірін жуып, асын беріп, бар шаруаны бұрынғысынша оқсатып жүр. Бір күні күйеуі үйге қонбады. Етеңіне бір-ақ келді. Әйелдің бар шыдамы таусылған. Жолдасы жексенбіде әлгі үйге бет түзегенде тағы да соңынан қалмай барып, олардың қылмысының үстінен түспекке бел буды. Қойнына лыпылдап тұрған өткір кездікті де тығып алған. Күн кеш болатын. Күйеуі сөмке толы азық-түлікті көтерген күйі үйге кіріп кетті. Бұл тыста, сол дауыс естілер терезенің алдында тұр. Іште бала жоқ сияқты. Бұл жолы әйел салмақты сөйлеп отыр.
— Сізге рахмет. Ұлым сіздің көмегіңіздің арқасында аяғынан жүретін хәлге жетті. Алла қосса, аз күннен соң ол ауруханадан шығып, қасыма келеді. Жаңа сөйлескем, жағдайым жақсы, көкеме сәлем айт деп жатыр. Ол сізді көке деп кетті. Солай айт деген жоқ едім, өзі ғой баланың. Менің күйім мынау… Байымнан айырылғалы… осы баламен… енді сіз бұл үйге келе бермеңіз, өз бала-шағаңыз бар, білем, ұл-қызыңыздың өсіп кеткенін айтқансыз, бірақ зайыбыңыз бар ғой, ол не ойлайды? Ол кісі сондай сабырлы, бәрін түсінеді дегенсіз. Сонда да… ол әйел ғой, көрші-көлем бар… Сөйтіңіз, енді бізге келмеңіз, мен көшеге хабарландыру ілдім, үй қызметшісін аламын, ал балам келген соң бәрі жақсы боп кетеді. Сіздің бізге жасаған жақсылығыңызды қалай өтерге білмеймін…
— Мені жаныңыздан қуа бастадыңыз ба?.. Сіздерге менің көмегім әлі де керек емес пе? Маған солай сезіледі… жарты жолда тастап кету…
— Алла риза болсын сізге. Осы көмегіңіздің өзі біз үшін зор көмек, екі дүниеде бақытты болыңыз отбасыңызбен. Сіз уәде еткенсіз, ұлым аяғынан жүріп кеткенге шейін көмектесемін деп. Ал ұлым кеше аяғынан тұрды, бүгін жүрдім дейді. Рахмет сізге. Дәрігерлерге қаратып, қаржат беріп… Сау боп тұрыңыз, енді бізге келмеңіз…
Осы араға шейін естіген үй сыртындағы әйел сыртқы есік ашылғанда селк ете түсті. Күйеуі екен. Күртесінің жағасын көтеріп алып, қақпаға қарай беттеп барады екен.
Арада күндер өтті. Күйеуі жұмыстан соң үйде. Сенбі-жексенбі күндері де үй шаруасымен болады. Әйел бұл жұмбақ сырдың бүге-шегесіне шейін білгісі келді. Мұның күйеуін «көке» деп атайтын неғылған бала, ана бейтаныс әйел кім? Оларға неге көмектесіп жүр? Бәрі жатқан жұмбақ… Әйел арда апта өткенде сол әйелдің үйіне барды. Есік қақты. Он-он үш жастар шамасындағы ұл бала есік ашты. Аяғын сәл сылти басатыны болмаса, шауып жүр.
— Мама, бір апай кеп тұр. Кіріңіз,-деп жатыр. Бұл балаға қорап тәттісін ұсынып, ішке өтті. Үй мұнтаздай таза, барлық жиһаз жұпыны болса да орын-орнында. Ішке кіргенмен ортада состиып тұрып қалған бұған арғы бөлмеден:»қысылмаңыз, диванға жайғаса беріңіз, мен қазір киімімді ауыстырып алайын…» деген әйелдің дауысы естіп, төрдегі жұмсақ диванның шетіне отырды. Аздан соң арғы бөлмеден қоларбаға отырған әйел кірді… Денесінің тек үстіңгі жағы бар екен… Бұл үндей алмай қалды.
— Сәлематсыз ба? О, әдемі әйел бізге неге келді екен?
— Мен… мен сіздің хабарландыруды оқып…
— Қандай хабарландыру?..
— Үй қызметшісі керек деген…
— А, иә, сонымен,-деп мүгедек әйел сырын ішіне бүгіп, келген адамды тыңдап алып, үй қызметі жұмысына қабылдады. Сөйтіп арада біраз уақыт өтті. Екі әйел бір-бірін жақсы біліскендей, тіпті достасып кетті. Бала да үй қызметшісін «апа» деп іш тартып тұрады. Енді үйге әйел кештетіп келетін болған. Күйеуі ондай қызғаншақ жан емес, бірақ бірде әйелінің демалыс күндері неге үйде болмайтынын сұрағанда «бір құрбымның баласына қарайлап жүрмін, оған менің көмегім ауадай қажет» деп жауап қатқан соң күйеуі үндемей қалған. Күндердің бір күнінде мүгедек әйелден бұл сұрап қалды.
— Бұған дейін балаңыз екеуіңіз қалай тұрып келдіңіздер? Сіздерге кім қарайлады?
— Сізден осы сауалды көптен күтіп жүргем. Осыны неге бірінші күні қоймадыңыз?-деп әйелдің бетіне сынай қарады.
— Есіме келмепті… кешіріңіз…
— Сіз бұл үйге хабарландыру арқылы келдім дейсіз, шыны керек, мен ешқандайда хабарланыдыру бергенім жоқ. ойым болған. Бірақ ауруханадан балам аман-есен келген күні ол ойымнан айнығам. Біз балам екеуміз ешкімге керексіз боп қалғандай күй кештік… жол апатына ұшырап, күйеуім опат болды, біз ұлым екеуміз де мүгедек болдық. Мен екі аяғымнан… ал ол дене мүшесі түгел болса да, жүре алмай жатты… Бізді ұзақ емдеді. Үйге шығарды. Сол күні үйге әкеліп тастаған адамдардың ішінде басқаларға қарағанда жаны ізгі, өзгелерге болсын деп тұратын бір айрықша адам болды. Сол адам балама да маған да ақ жүрек пейілімен қарап, осы уақытқа шейін жәрдем беріп келді. Ол кісінің кім екенін білгіңіз келеді ме?.. Атын айтайын ба?.. Әлде өзіңіз…-деп мүгедек әйел бұған сынай қарағанда жүзін жас жуған әйел:» Ол… ол Жомарт…па?…» деді.
— Иә, ол сіздің күйеуіңіз Жомарт Бекболсынұлы болатын.
— Сіз мені қалай танып қойдыңыз?..
— Осы үйдің табалдырығын аттаған сәттен бастап. Сізге менің болмашы ақшам керек еместігі, жұмыс іздеп жүргендей күйде еместігіңіз жүріс-тұрысыңыздан, сөзіңізден сезіліп тұрды. Әрі айтпап па едім, мен ешқандай хабарландыру бергенім жоқ деп, сонда сіз мен жазбаған хабарландыруды қайдан оқып жүрсіз? Тіпті, көршілерімізге де ондай әңгіме айтып көрмегем. Сөйтіп сіз өзіңізді-өзіңіз ұстап бергенсіз. Сосын мен де сіз бастаған «мысық пен тышқан ойынына» еріксіз кірістім. Бірақ сіздің де өз күйеуіңіз сияқты сондай адал, ақ пейілді жан екеніңізге әбден көзім жетті. Ұлыма да маған да жақсы қарадыңыз. Ешбір арам ойыңыз болмады. Үйіме өз үйіңіздей қарап, ас-суымызды жақсы баптадыңыз.Күйеуіңізге қарыз болғандай, енді біз сізге де қарыз болған жайымыз бар. Бірақ күйеуіңізден айырмашылығы мен сізге аздап та болса өз зейнетақымнан ақша төлеп тұрдым емес пе?!-деп мүгедек әйел мейірлене, риясыз күлімсіреді. қызметші әйел де күлімсіреп, ол берген бүкіл қаражатқа осы үйге керекті нәрселер алып, үйді қысқа қамдағанын, бір тиынын да шашу шығармай осында қалдырғанын айтып, екі құрбы тағы жарқын күлкінің шуағына бөленді.Айтпақшы, Жомарт Бекболсынұлының бірде үйіне келмеуінің себебі, сол күні балаға ота жасайтын болып, сонымен бірге ауруханада қонғаны себеп болыпты. Оның бәрі енді айтылып, белгілі болып жатыр. Екі әйел сыр шертісіп, әбден дос боп алған. Күйеуіне деген секем көңілі, орынсыз қызғанышына ұялғанмен, оның арты осылай боларын ойлады ма?! Енді қос құрбы осы ахуалды Жомарт Бекболсынұлына, жеткіншек Нұрқасымға қалай айтамыз деп бас қатырып отыр… Жақсы адамдарды бір-біріне шебер байланыстырған Әзіз Алла бұл жағдайдың да шешімін оңай келтірер……….
Мұнайдар Балмолда