Құралай сұлу

Қазақ халқының дәстүрлі қоғамында сұлулық жайлы қалыптасқан өзіне тән өлшем бар. Мұндай құндылық туралы ғасырлар қойнауынан бастау алатын эпостық жырлар, қисса-дастандар мен аңыздарда баяндалады. Сондай аңыз дастандарға арқау болған сұлулық символының бірі – Құралай сұлу.
Аңыз деректерде Құралай сұлудың қысқа ғұмыры Мойынқұм өңірінд е өткен деседі. Оның басына тұрғызылған кесене–Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылы маңындағы Қамқалы көлінің жағасында шамамен ХVІІІ- ХІХ ғасырларда салынып, шикі кірпіштен өрілге н сәулет ескерткішінің ерекше бір туындысы. Ескі құрылыс толығымен қирап, 2014 жылы қайта қалпына келтірілген. Кесене 2017 жылы «Рухани жаңғыру » бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары тізіміне енген.
Қазақтың халық ақыны Иса Байзақовтың жинақтаған тарихи деректерінде ертеректе қалмақ нояны сұлулығына қызығып алып кеткен қазақ келіншегі Құралай атты қызды өмірге әкеледі. Көркіне ақылы сай болып өскен қыз кейін туған елін іздеп тауып, ана аманатын орындау үшін Келден деген батырмен бірге қалмақтардан қашып кетеді. Жолда ну қамыстың ішінде жолбарысқа кезігіп, жыртқыштың құрбаны болған сұлуға Келден батыр 40 нарға жүк артып келіп, ке сене тұрғызады. Ақын ел аузынан естіген аңыз-әңгімелердегі деректерге сүйене отырып, «Құралай сұлу» поэмасын жазады. Шығармада қазақ пен қалмақ арасындағы бітіспес дау арқылы адамгершіліктің ақ жолын насихаттайды. Құралай бейнесі асқақтай көрініп, көркемдік көкжиегімен көпті таңдандырады.

Сейқынның бір қызы бар жаннан асқан,

Жерде туып, көкте күнмен нұрын қосқан,

Хан түгіл, халқы сүйіп Құралайды,

Әрдайым, әйелсінбей ақылдасқан, – деп әспеттелген Құралай сұлудың парасаты көпшілікке үлгі.

Сұлулық пен бекзаттықтың, тәкаппарлық пен асқақтықтың, адал махаббат пен шынайы сүйіспеншіліктің нышанына айналған Құралай бейнесі мәңгі ел есінде.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.