Құран оқығаны үшін берілетін ақша адал ма?
Сахих бір хадисте сахабалар бір қауымның мырзасына Фатиха сүресін оқып дем салып, онысына ақы алғандықтары айтылады. Және олардың бұл әрекеттерін Алла елшісі (с.а.у.) құптаған[1]. Осыдан келіп, Құран оқығаны үшін ақша беріліп жатса, оны алудың күнәсі жоқ, әрі онысы адал деуге болады. Әсіресе, жетерліктей тұрақты айлығы жоқ дін қызметкері ондай ақшаны алуға мәжбүр болуы мүмкін. Осы орайда, Құран оқудағы ең басты мақсат – Құдай разылығы әрі мархұмға оқылған аяттың шарапаты тисін дегендік болу керек.
[1] Сахих Бұхари — №2276: «Күндердің бір күнінде бір топ сахаба сапарға шығып, жол-жөнекей әлдебір араб тайпасына кезігеді де, сол жерде қонақтауды ұйғарады. Алайда, ешкім бұларды қонақ еткісі келмейді. Осы арада сол тайпаның мырзасын сары шаян шағып алып, айналадағылар не шара қолданса да уын қайтара алмай әлек болады. Еш нәрсе шықпағаннан соң арасынан біреу: «Біздің жерге бір топ бөтен кісілер келген еді. Солар бір нәрсе білетін шығар. Барып сұраңдар» дейді. Олар сахабаларға келіп: «Ей, жамағат. Біздің мырзамызды шаян жағып алды. Не шара қолдансақ та, пайдасы жоқ. Сендерде бар ма бір нәрсе?», — деп сұрайды. Сахабалардың бірі: «Иә, бар. Алламен ант етейін, оған оқып дем саламын. Алайда, сендерден қонақ етулеріңді сұраған едік, сендер қонақ етпедіңдер. Сол себепті, мен тек ақыға оқимын» — деп жауап береді. Сахабаның бұл талабын қабыл етіп, олар бірнеше қой беруге келіседі (кейбір риуаятта 30 қой делінген). Одан соң, сахаба барып сырқат кісіге «әлхамдулилләні» (фатиха сүресі) оқып «сүф» деп дем салады. Демнен кейін мырза кісеннен құтылған малдай есін жинап, сырқаты тарай бастайды. Сосын ол келісілген ақыны беруді бұйырады. Ақыны алғаннан кейін сахабалар өзара бөліспекші болады. Бірақ, дем салған сахаба: «әзірге бөліспей тұра тұрайық. Пайғамбарымызға барғанда болған жайды айтып, Алла елшісі не бұйырар екен, соны көрелік» дейді де қойларды бөлмей сол күйінше Мединеге айдап барады. Олар пайғамбарымызға (с.а.у.) болған жәйітті баяндап береді. Сонда Пайғамбар сахабаларға қарап: «Ол сүренің ондай қасиеті барын қайдан білдіңдер? Сендер дұрыс жасадыңдар. Алған қойларды өзара бөлісіңдер. Маған да бір пай айыруды ұмытпаңдар» деп күледі»
Абдусамат Қасым