Құранды қалай оңай жаттауға болады?
Құран – бұл бақыт кітабы. Әр мұсылман Құранның маңыздылығын түсінеді. Мұсылманның бар ғұмыры осы қасиетті кітаптың шеңберінен шықпайды. Құран біздің жолымызды шындыққа бұратын нұр. Онда Жаратушы Иенің ғибраты мен біз жүруге тиісті бағыттың мақсаты жасырылған. Сол себепті мұсылманның бір міндеті қасиетті Құран Кәрімді оқу.
Құранды оқу үшін қажет шарттар:
1.Шынайы ниет
Құранды Алла разылығына бөлену үшін оқу керек, сонда Алла Тағала оқуыңызды оңайлатып, алған біліміңізді қайырлы етеді.
2.Құранды ұқыпты ұстау
Құранды дәретпен ұстау керек. Жерге қоюға болмайды. Құран оқып отырған адамның киімі таза, әурет жерлері жабық болғаны абзал.
3.Ыңғайлы орын таңдау
Бар ойыңызды оқуға бұру үшін тыныш, оңаша, ыңғайлы орын таңдаған абзал.
Құранды оқудың үш жағдайы бар:
1.Оқу және Құранның арабша мәтінін түсіну.
2.Мағынасын түсінбей, арабша мәтінді оқи білу.
3.Оқи алмау және арабша мәтінді түсінбеу.
Бұл істегі ең маңыздысы – бастау. Аяттың басын жаттасаңыз соңы өздігінен орайланады.
Құранды оқу ережесі
1.Құранды оқыр алдында «Әузу биЛЛахи мина-шшайтани-ражим» деп айту керек.
2.Әр сүренің басында «Бисми-ЛЛахи-Рахмани-Рахим» дейді.
3.Оқып отырған адам асықпай, әдемі дауыспен оқығаны абзал.
4.Мұсылман адам Құранды дұрыс оқу үшін араб әріптері мен дыбыстарының қалай оқылатынын білуі тиіс.
Құранды тек мән-мағынасыз оқып қоя салуға болмайды. Себебі Құранды оқығаннан кейін, оны күнделікті өмірде қолдану керек. Адам Құранды әр оқыған сайын ойлануы тиіс. Мейірім аяттарын оқыған кезде Алладан мейірім сұрауы, жаза туралы аяттарды оқыған кезде жасаған күнәлары үшін кешірім сұрауы қажет.
Құран – Алланың сөзі, Жұмақтың кілті. Ал Құранның кілті араб тілі. Сондықтан Алла разылығына ие болғысы келетін адам араб тілін үйреніп, Құранды араб тілінде оқығаны жөн.
Келесі кеңестер сізге қасиетті Құранды жаттауға көмектеседі:
- Құранды жаттау жоспарын жасаңыз (мысал үшін күніне қанша аятты жаттауыңыз керек) және сол жоспарыңызды орындаңыз.
- Құранды күнделікті оқып, жаттап отырыңыз. Себебі аяттарды неғұрлым жиі оқысаңыз соғұрлым есте сақтау оңай болады. Апталап, айлап үзіліс жасамаңыз.
- Бұл істе бөгде ойлардың алаңдатпауын қадағалаңыз. Өзіңізді бөтен ойлардан аулақ ұстауға тырысыңыз.
- Аяттарды мағынасымен қосып есте сақтаңыз: аятты оқымас бұрын аудармасын оқып, жазылған сөздің мағынасын түсініңіз.
- Жаттар алдында өзіңіз жаттағыңыз келетін аяттың аудио нұсқасын тыңдаған жақсы. Бұл сізге аятты дұрыс оқып, дұрыс жаттауға көмектеседі.
- Сүрелерді дауысыңызды шығарып оқыңыз.
- Ең бастысы Алла Тағаладан Құранды жаттауда көмек, жеңілдік беруін сұраңыз.