Құрбан айт құтты болсын, жәмиғат!

Ұлық мейрамды ресми түрде мемлекеттік деңгейде атап өтуге қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болды.  Елбасымыз 2005 жылғы желтоқсанның 30-ында қол қойған, «Еңбек туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып табылады.

Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы — Құрбан айт күндері де таяп келеді. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра — мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Бұл күндердің ұлықтығы сол — мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. Құрбан — араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, «қабыл болсын»-деу арқылы достық пен ағайындықты, бауырмалдықты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, қош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен сәлемдесу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәбір айту — хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті.

«Иә, Құдайым оңдасын,

Оң жолына бастасын.

Бір жарылқап тастасын.

Жамандыққа жазбасын,

Жақсылыққа бастасын!

Құдай құлымын дегейсің,

Мұхамед үмметімін дегейсің.

Шадияр досым дегейсің,

Шайтанның сәрінен сақта,

Патшаның кәрінен сақта.

Намаздың қазасынан сақта,

Пайғамбардың туында қыл,

Ауызды кәусәр суында қыл.

Иман байлығын бер,

Деннің саулығын бер.

Бір Аллаһ Жаратушы жарылқасын.

Ықыласты батамды қабыл алсын!»-деп қарттар батасын беріп, құрбан шалады.

Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығының да ыңтымағын, берекесін арттырсын!

Қадірлі оқырман, шалған құрбандарыңыз қабыл болып, Алланың мейрім-шапағатына бөленейік! Отбастарыңызға амандық-есендік тілейміз.

 

Зор құрметпен:

«ЕлАна» қоғамдық-таңымдық сайты