ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТУДЕ

Бүгін Құрбан айт мерекесі Жаңатас қаласындағы орталық мешітте айт намазын оқудан басталды. Құрбан айт намазына мешітке халық көп жиналды.
Намаз оқылмас бұрын ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев Құрбан айтының тарихы, ерекшелігі, айт намазының оқылу тәртібі туралы уағыз айтып, құрбандыққа шалынатын малдар туралы мағұлматтар берді.

Жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елге тыныштық, береке мен бірлік тіледі.
Содан соң, Алланың үйіне таң сәріден жиналған жамағат жүзін құбылаға бұрып, сәждеге бас тигізіп, Аллаға құлшылық етті.
Намаз аяқталысымен жиналған жамағат мешіт ауласында жайылған дастарханнан дәм татты.
Айт намазына қатысып, құлшылығын орындап, бір-бірін күллі мұсылманға қадірлі болған мерекемен құттықтаған ағайын құрбандық шалуға кірісті.
Құрбан айтта сойылған малдардың еті аз қамтылған отбасыларға, көп балалы отбасылар мен мұқтаж жандарға таратылып жатыр.
Сонымен қатар, жамағат үшін мешіт ауласында арнайы спорт түрлерінен (гір көтеру, арқан тарту, қол күресі т.б) жарыс ұйымдастырылды.
Осындай іс-шаралар барлық ауыл округтерде өтуде.

Құрбан айт мерекесі адамзатты жақсылық пен ізгілікке, бауырмалдық пен имандылыққа жетелейтін ұлық мереке.

Бүгін Құрбан айттың алғашқы күні аудан көлеміндегі іс-шаралар жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, аталып өтуде.
Жаңатас қаласындағы Дегерес елді мекеніндегі мешітте айт намазына қатысқан жамағатқа Жаңатас қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен спорттық шаралар өтті.
Спорттық шарада жастармен қатар, қарияларымыз да белсенділік танытты.
Жарыс жеңімпаздарына қала әкімі Дүйсенәлі Борсықов сый-сыяпаттар табыс етті.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі