Құрбан айт мерекесі тойланды

«Қазфосфат»ЖШС «Қаратау» тау- кен өңдеу кешенінің еңбек ұжымы мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айтты өз дәрежесінде мерекелеп өткізді. Мерекелік шаралар «Фосфорит» стадионында болды. Мерекеге кешеннің еңбек ұжымы, ардагерлер шақырылды. Мереке аудандық мешіттің имамы Қонақбаев Ғалымдардың құттықтау сөзімен, Құрбан айт туралы уағыз насихаты мен басталды. Содан соң кешеннің өнерпаздарының күшімен шағын мерекелік ән шашу болды. Көрермендер «Айжан қыз» бишілер тобының үштігінің әсем әндерін, мың бұралған билерін тамашалады. Жергілікті ақын, өнерпаз Талғат Хұсайынов мерекелік арнауын тарту етті. Мақтаныштарымыз Ғани Тұраров, Самат Серікбаевтың нақышына келтіріп орындаған әндеріне көпшілік дән разы болды. Жиналған көпшілік әншащудан соң құрбан айт мерекесіне арналған дастарханнан дәм татып, аруақтарға арналып құран бағышталды. Содан соң кезек спорттық ойындардан жарыстарға тиді. Асық атудан, арқан тартудан, ләңгі тебуден, қол күресінен, кір тасын көтеруден, қой көтеруден жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды. Жасөспірім балалар үшін үш жерден батут қойылды және балалармен ойнайтын ертегідегі кейіпкерлерден аниматор балалар арасында өнер көрсетті. Құрбан айт мерекесін тойлауды ұйымдастырған қыз,жігіттерге жиналған жұртшылық рахметін, алғыстарын айтты.

Диханбай Ақділда