Курчатовтан – Павлодарға!

Екібастұз қаласының 66 жасар тұрғыны Ертіс өзені арқылы Курчатовтан Павлодарға дейін жүзіп өтпек. Ертіс өзені арқылы жүзіп өтетін команда Павлодардан Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласына жолға шықты. Аталмыш экспедиция «Ертіс Думаны» мерекесі аясында жүзеге асуда.

— 7 күнге созылатын бұл шара 22 шілде күні басталды, — дейді Павлодар География үйінің директоры Александр Вервекин. – Экипаждың бір бөлігі Май ауданының Көктөбе ауылында ауысады. Қатысушылар өзенді төрт ескекті жеңіл қайықпен және ПавГео-ның «Колибри» қайығымен жүзіп өтеді. Экипаж құрамында Астана, Павлодар, Екібастұз, Новосібір қалалары мен Май, Успен аудандары және Ақсу ауылдық аймағынан барлығы 21 адам бар.

Жүзу қашықтығы 281 шақырым. 66 жастағы екібастұздық танымал велотурсит Анатолий Пырлик ең жасы үлкен қатысушы. Дегенмен ол өте тәжірибелі спортшы. Екі жыл ішінде ол 5 вело-экспедиция жасады. Мәселен, Анатолий Филиппович мұз үстінде Байқалға дейін, Қ. Сәтбаев каналы арқылы Қарағандыдан Ақсуға дейін жүріп өткен. Міне, осындай жерлестеріміз көпке үлгі! Экипажды 28 шілде күні Павлодар қаласының төменгі Жағалауында қарсы аламыз. Ол күні Ертіс Думаны мерекеленеді.

Айта кетейік, бұл экспедицияны павлодарлық «Жасыл ел» облыстық штабы мен География үйі Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың қолдауымен өткізуде.

Өз тілшімізден