Күрделі мәселелер шешімін табады

Еліміз елеулі қадамдарға аяқ басып, жаңаша жаңғырудың жолына түскен заматта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауы жарияланды.

«Amanat» партиясы қазақстандық көшбасшы партия ретінде еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Жолдауда «Ауыл аманаты» жобасын қолдау керектігі сөз болған. Мемлекет басшысының қоғамды жаңғырту мен еліміздің экономикалық бағдары идеясын толық қолдаймыз. Жолдауда айтылғандай партия «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдауға дайын.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені осыдан айқын көрінеді. Келесі кезеңде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек», деген өзекті мәселе де қозғалады.

Бұл ел Президентінің халықпен бірге екенін көрсетіп тұр.Жолдауда Президент партияның «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. «Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», деп Президент партияның беделін көтерді. Біз де Мемлекет басшысының сенім үдесінен шығуымыз керек деп есептеймін.

Өзге қазақстандықтар сияқты менің де көңіліме жылы ұялаған мәселе – тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажеттігі болып тұр. Осы ретте, ел Президенті: «Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн.

Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады. Сонымен қатар, монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпар алады» деді. Бұл өте дұрыс шешім.

Президент өз Жолдауында бизнес мәселесіне ерекше тоқталды. Оның мәнісін ашып айтсақ, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кететінін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев «оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы» деп қорытады. Сондықтан, Мемлекет басшысы Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек деп есептейді.

Сөз соңында айтарым, Жолдаудың тақырыбы айқындап тұрғандай, онда еліміздегі экономикалық бағдар егжей-тегжейлі зерделене, халыққа ұсынылып отыр. Ол мәселелерді шешу жолында бізге қоғамдық сана мен таза ниет керек. Сол себепті, ортақ іске бел шеше кірісу – біздің міндетіміз.

 

Күлайым ШАҒАТАЕВА,АҚ ЖОЛ ГАЗЕТІ