Күрделі ота сәтті өтті

Денсаулық саласының мамандары тынымсыз еңбек етеді. Өйткені адамның денсаулығы оның басты байлығы. Елімізде халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында көптеген іс-шаралар жасалуда. Дәрігерлердің ерен еңбегін әрдайым бағалап, дәріптеп отырымыз тиіс. Мәселен, Мойынқұм ауданының дәрігерлері жуырда оқыс оқиғаға тап болған азаматтың өмірін сақтап қалды. Оқиғаның мән жайын науқастың туысы Мақпал Кенжеханқызы баяндап берді.
– Менің інім 2023 жылдың тамыз айында жұмыс орнында шахтада тастың астында басылып, апатты жағдайға тап болды. 18 сағатта інімді зорға қазып, құтқарып сыртқа шығарыпты. Жедел түрде Мойынқұм аудандық орталық ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Апаттан соң інім өз аяғымен жүріп барғанымен жарақаты ауыр, халі нашар болғаны анық. Інімнің сол қолы ісіп, бүйректері жұмыс жасамай қалған.
Мойынқұм аудандық орталық аурухананың бас дәрігері өзінің бақылауында ұстап, аурухананың дәрігерлерімен бірге өміріне төніп тұрған қауіппен күресіп, қолынан келген жағдайдың бәрін жасады. Мойынқұм ауданының дәрігерлері қолдан келген көмектерін көрсетуден аянбады. Бас дәрігер Ахмеджанов Данияр Даулетбекович Тараздан екі мәрте — травматолог, сосудистый хирург, анестезиолог-реаниматолог дәрігер мамандарын шақыртты. Дәрігерлер екінші мәрте келген кезде інімді шұғыл түрде Тараз қаласына жеткізу қажет екендігін айтты. Ертесінде Таразға санитарлық авиация арқылы інімді алып кетті. Қазір інім Тараз қаласында көпбейінді қалалық ауруханасында стационарлық ем алуда. Қазіргі таңда інімнің өміріне қауіп жоқ, -дейді Мойынқұм ауданының тұрғыны Мақпал Кенжеканқызы.
Ия, мұндай жағдайға кімнің, қай уақытта тап болатыны белгісіз. Дегенмен адам өмірі үшін арпалысқан дәрігерлердің еңбегін атап өтіп, тегін медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік жасап отырған медициналық сақтандыру қорының жүйелі жұмыстарын атап өткен жөн. Өйткені жылдан жылға медицина саласы заманауи құрылғылармен жабдықталып, сапасы артып келеді.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, аударым қаражатын санамастан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмектің басым көпшілігі қолжетімді болуда.

«Медициналық сақтандыру» қорының
Жамбыл облыстық филиалы