ҚҰРМЕТ. ДӘСТҮР. ІЛТИПАТ
14 наурыз – Көрісу күніне орай Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде мерекелік шара өтті.
Шара барысында қонақтар «Нұр тарайды Наурыздан» атты кітап көрмесін тамашалап, «Дулати» халықтық студенттік жастар театрының театрландырылған қойылымын көрді. Қойылымда достық, ұлттық дәстүр, жастар тәрбиесі тақырыптары айшықталды.
Шара барысында көпшілік қол алысып құшақтасып, бір-біріне тілектерін жаудырды. Сондай-ақ қариялар ақ баталарын берді.
Мерекелік шара өңір өнерпаздарының ән шашуымен түйінделді.
Атап өтейік, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу дәстүрі – қыстың қыспағы мен қиындығынан аман-есен шыққан халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Сол себепті, бұл мейрамды тойлау, бір күнмен шектелмейді, жыл бойы жалғасады. Өйткені, Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге құрмет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс.
Айта кетейік, бұл күні облыс аудандарының бәрінде тақырып мазмұнын аша түсетін игі шаралар ұйымдастырылды.