Құрметіміз бен абыройымызды жоғалтпайық

Бір күні ғылым, надандық, байлық, құрмет төртеуі бас қосып әңгіме-дүкен құрған екен.
Біраздан соң тарқар уақыт таянғанда бір-бірінен қалай қайта жолығатындықтары жайлы сұрайды.
Сонда ғылым:
— «Мені іздеген жан ғұламалардың мәжілістерінен табады», — депті.
Надандық:
— «Мені іздесеңдер арзан күлкіге алданып, бос уақытын жоғалтып жүрген жандардың қасында болармын», — депті.
Байлық:
— «Ал мен болсам зәулім сарайлар мен үлкен үйлердің ішінде боламын», — депті.
Сөз кезегі тиген Құрмет біраз уақыт басын төмен түсіріп, үндемей тұрады да:
— «Мені кім бір рет жоғалтып алса, еш уақытта қайтып таба алмайды», — деген екен…