Құрылыс алаңында қызу еңбек
Ауданымыз — облыстағы халықтың саны жағынан алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Оның үстіне біздің аудан Тараз қаласының іргесінде орналасқандықтан мұнда сырттан көшіп келушілерде көп. Бүгінде аудандағы халық саны 110 мыңнан асты. Алайда ауданға көшіп келушілердің барлығын тұрғын үймен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бүгінде аудан бойынша 1500-ден аса адам үй кезегінде тұрса, үй салу үшін жер телімі кезегінде 10 мыңнан аса адам тұрғанын айта кеткен жөн.
«Баспана – бақыт шамы» демекші, «үйі жоқтың күйі жоқ» болатынын жақсы түсінген аудан басшылары бұл өзекті мәселені шешудің жолдарын қарастырып келеді. Оған аудандағы Жетібай, Базарбай, Мырзатай, Диқан, Бурыл, Үлгілі ауылдарында көптеген үй кезегінде тұрғандар үшін инженерлік-инфрақұрылым құрылыстары дайындалды. Онда бір емес бірнеше жаңа көше жолдары дайындалып, электр желілері, ауыз су жүйелері тартылып қойылды. Сондай-ақ Тараз-Сарыкемер трассасы бойынан аудан орталығына кіре берісте 5 қабатты әрқайсысы 60 пәтерлі 10 үй соғуды жоспарлаған еді. Соның биылғы жылы төртеуіне 1752016,0 мың теңге бөлініп, 12512 шаршы метр жерді қамтитын жұмыс шілде айында басталған болатын. Біз сол кезде көптен күткен үлкен төрт үй құрылысы басталғаны туралы шілде айының орта кезінде “Үлкен үйлер құрылысы басталды” деп аудан халқына сүйіншілеген болатынбыз.
Міне содан бергі 4 ай уақытта «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшылары уақытпен санаспай жұмыс істеудің арқасында аталған 4 үйде бой көтеріп, дайын болуға жақындап келеді.
Бұл құрылыс жол бойында болғандықтан күніне ары-бері өткен сайын үйлердің жаңа кейіпке енгенін сырттай көріп, қуанып жүретін едік. «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, өткен аптада қызу еңбек қайнаған құрылыс алаңында болдық. Мұнда үлкен “КамАЗ” көліктері әртүрлі құрылыс материалдарын бірінен кейін бірі әкеліп жатса, қаз-қатар тұрған үлкен 8 кран бетон плиталарды лезде жоғары көтеріп жатты. Ал дәнекерлеушілердің ширақ қимылдарына қызыға қарап, біршама уақыт қызықтап тұрып қалдық.
-Сіздер алғаш келгенде алғашқы үйдің панелдері жаңадан ғана қойыла бастаған еді. Енді міне бірінші үйіміз 95, екінші үйіміз 85, үшінші үйіміз 65, төртінші үйіміздің 50 пайызы бітіп отыр. Құрылыс материалдарынан еш кедергі жоқ. Негізгі материалдар өзімізде дайындалса, кейбірі Алматы қаласынан әкелінуде. Бүгінде құрылыс жұмысына механизатор-жүргізушілерді қоса есептегенде 200-ге жуық адам тартылған. Олардың 30 пайыздан астамы жергілікті азаматтар екенінде айта кетейін. Олар уақытпен санаспай еңбек етуде. Кейінгі күндердегі жел, жаңбыр жұмысқа кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес. Соған қарамастан үйлерді соғу кестесінен қалмай келеміз. Амандық болса биылғы жылдың соңына қарай бұл 4 үй пайдалануға берілетін болады, — деді құрылыс учаскесінің бастығы Дамир Ақылов бізбен әңгімесінде.
Дамирмен бірге аталған 4 үйдің сыртқы көрінісін қызықтап қана қоймай, ішіне де кіріп, аралап көрдік. 1-3 бөлмеден тұратын алғашқы үй дайын десе де болады. Ал екінші үйде аяқталуға жақын екені көрініп тұр. Екі үйдің де электр желілері тартылып, жылыту батареялары орнатылған екен. Енді унитаз, раковина, газ плиталары қойылса кіре беруге болатындай. Ал үшінші үйдің шатыры жабылып жатқанымен, ішіндегі әрлеу жұмыстары аяқталып қалыпты. Соңғы үйдің 4-5 қабаттары тұрғызылып жатқанымен ішкі кейбір жұмыстары қоса атқарылуда.
Екі үйдің сырты түгелдей қапталып қойылса, үшінші үйді қаптау жұмыстары да аяқталуға жақын. Міне мұндағы қайнаған қызу еңбекке қарағанда құрылысшылар өз сөздерінде тұрып, сапалы соғылған үйді биылғы жылы пайдалануға беретіндеріне сенуге болады.
Аталған 4 үйге байланысты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары да аяқталып қалыпты. Бұл жұмыстарды «Д и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1276808,4 мың теңгеге жүргізуде. Бүгінде бұл жұмыстардың 90 пайызы аяқталып отыр.
Құрылысшылардың бүгінгі қарқынды қимылдарына қарағанда алдағы жаңа жыл мерекесінде ауданымыздың 240 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Жақында өткен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аталған жерден 5 қабатты тағы 6 үй құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындауға тиісті қаржы қаралды. Демек, ауданда алдағы жылдары тағы осындай 60 пәтерлік 6 үй салынатын болады. Бұл да аудандағы пәтер кезегінде тұрғандар мәселесін түпкілікті шешпегенімен халық сұранысына аудан басшыларының жасап отырған әрекетін көрсетсе керек.
Сүндетулла Әбілов.