Құрылыс саласын елеулi өзгерiстер күтiп тұр
«100 нақты қадам» стратегиялық құжатының төрт қадамы (46-49) тiкелей құрылыс саласын жаңғыртуға арналған. Аталған реформаны жүзеге асыру мақсатында былтыр қазан айында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы кейбiр заңнамалық актiлерге бiрқатар өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлдi. Құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы қағидаты енгiзiлiп, жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткiзуге байланысты мемлекеттiк монополиядан бiртiндеп бас тарту iсi қолға алынды. Сонымен қатар, құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдiсi енгiзiлiп, бұл салада кеңестiк кезеңнен берi қолданылып келе жатқан ескi нормалар мен ережелердiң орнына (ҚНмЕ) еурокодтар жүйесi қолданыла бастады.
Рұқсат алу жолы жеңiлдетiлдi
Есте болса, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2015 жылы ҚР Үкiметiнiң кеңейтiлген отырысында елде құрылыс саласын дамытуға көп жағдайда құрылысқа рұқсат алу мәселесi кедергi келтiрiп жүргенiн айта келе, осы тәртiптi жеңiлдету жолдарын ұсынған болатын. Бұл мәселе бес институционалды реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамында» көрiнiс тауып, құрылысқа рұқсат алуда 30-20-10 қағидатын енгiзу тапсырылды. Осыған орай бүгiнде құрылысқа рұқсат алу жолы жеңiлдетiлдi. Яғни, сәулет-жобалау тапсырмаларына ең көп дегенде 30 күн, жобаны келiсуге 20 күн, ал, ең негiзгi рұқсатты алуға 10 күн кетедi. Бұрындары бұл процесс бiр-екi жылға созылатын.
Атап өтерлiгi, құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алу бүгiнде хабарламалық тәртiпке ауыстырылды. Тапсырыс берушi немесе мердiгер құрылыс жұмысын бастаудан алдын мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органына электронды портал арқылы хабарлама жiберiп, құрылысты бастауға құқылы. Мұндай оңтайландыру құрылысқа рұқсат алу мерзiмiн қысқартып қана қоймай, мердiгердiң немесе инвестордың уақытын үнемдеуiне және артық құжаттар өткiзбеуiне мүмкiндiк берiп отыр.
Жаңа заңда құрылысқа рұқсат алуға қойылып келген бiрқатар талаптар алынып тасталған. Мәселен, тапсырыс берушiнiң иелiгiнде меншiк құқын беретiн жерi болса, жергiлiктi атқарушы органнан құрылыс нысанын салу үшiн жер бөлу туралы шешiм күтудiң қажетi жоқ. Тапсырыс берушiге жергiлiктi өртке қарсы қызметтен, жоба жасау үшiн жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарынан – рұқсат, сейсмологиялық агенттiктен қорытынды алудың керегi жоқ. Мiне, осы өзгерiстердiң бәрi де құрылысқа рұқсат алу мерзiмiнiң қысқаруына септiгiн тигiзуде.
Аталған iс-шаралардың дұрыс орындалуы құрылыс жұмыстарын бастауды жеделдетумен қатар, құрылыс жүргiзу барысында заң талаптарының сақталуына да ықпал етуде. Бұл iс-шаралардың орындалуын өңiр басшысы Бейбiт Бәкiрұлы Атамқұлов тиiстi басқарма басшылары мен аудан, қала әкiмдерiнен талап етiп, қатаң бақылауда ұстауда.
Ал, стратегиялық жоспардың 48-қадамы құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдiсiн енгiзуге бағытталған. Ресурстық әдiс – бұл жобаны жүзеге асыру үшiн қажет шығындар (ресурстар) элементтерiн ағымдағы тарифтер мен бағаларды калькуляциялау арқылы құрылыс өнiмiнiң құнын анықтау әдiсi. Бұл – шынайы, динамикалық даму жағдайындағы нарыққа ең бiр бейiмделген әдiс.
Ресурстық әдiс жоба бойынша және еңбек шығыны, құрылыс машиналарын қолдану уақыты, материалдар, бұйымдар, конструкциялар және осы ресурстарға ағымдағы бағалар сынды ресурстық көрсеткiштердiң сметалық нормаларының шығынын, инвестициялар нысандарының құнын жоғары нақтылықпен, талап етiлген уақытта материалдық және еңбек ресурстарына ағымдағы бағалар негiзiнде анықтауға мүмкiндiк бередi.
Құрылыс құнын анықтауда экономикасы дамыған елдер тәжiрибесi ескерiлдi. Бұрын құрылыс құны 2001 жылғы бағалар деңгейiнде базистi индекстiк әдiспен есептелiнген болса, ендi нақты нарықтағы бағалармен есептелуде.
Сараптама дұрыс болмай, сапа түзелмейдi
Соңғы жылдары құрылыс саласында кәсiби деңгейi өте төмен немесе құрылыс саласынан мүлде хабары жоқ кездейсоқ «мамандар», техника тұрмақ құрылысшысы жоқ, тек құжат жүзiнде ғана сақадай-сай фирмалар қаптап кеткенiн несiне жасырамыз?! Бұл, әрине, құрылыс сапасына кесiрiн тигiзiп-ақ келдi. Ұлт жоспарында құрылыс сапасын жақсартудың тиiмдi жолы ретiнде жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткiзуге байланысты мемлекеттiк монополиядан бiртiндеп бас тарту және жобаларды сараптауды бәсекелес ортаға тапсыру ұсынылды. Мемлекеттiк сараптама жекеменшiк секторға бұған дейiн де берiлiп келген. Алайда, жекеменшiк ұйымдарға техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi емес жаңа объектiлерге ғана сараптама жүргiзуге рұқсат берiлген едi.
Қаржыландыру көздерiне қарамастан, ықтимал қауiптi құрылыс объектiлерiне жататын жаңа өндiрiстiк ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi жаңа объектiлердi, олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiктiк коммуникацияларды салу жобаларына тек мемлекеттiк сараптама ғана жүргiзiлдi. Көп жағдайда мемлекеттiк монополиядағы мамандардың жобаларды қарау мерзiмi өте ұзаққа созылып, соның кесiрiнен көптеген мемлекеттiк бағдарламалардың орындалу мерзiмi бұзылып жатты. Ұлт жоспарының 47-қадамы сараптамаға қатысты осы олқылықтың орнын толтыруды көздейдi. Биылғы 1 қаңтардан бастап жобаларды сараптау қызметi жекеменшiктiң үлесiне берiлiп, аккредиттелген, құрамында жобалау-сметалық құжаттаманың тиiстi бөлiмi (бөлiгi) бойынша жобалау саласында аттестатталған сарапшылары бар ұйымдар ғана сараптау қызметiн атқаруға көштi. Ол өз кезегiнде жобаларды сараптауды уақтылы, сапалы жүргiзудi қамтамасыз етедi. Алдағы бiрер жылда жобалау жұмыстарын сараптамадан өткiзудiң басым пайызы бәсекелес ортаға бiртiндеп өтпек.
Сонымен қатар, ведомстводан тыс кешендi сараптамаға жататын, бiрақ мемлекеттiк монополияға жатпайтын және мемлекеттiк сатып алу нысаны болып табылмайтын жобалардың сараптамасын кез келген аккредиттелген сараптама ұйымы жүргiзуге құқылы. Сараптама ұйымдарын аккредиттеудi сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүргiзедi.
Айта кетерлiгi, жекеменшiк сараптаманың ортақ талаптары болады. Сараптамадан өтетiн жобалардың сапасы мемлекеттiк сараптамадан кем түспеуi керек. Мұны мемлекет тұрақты түрде бақылайтын болады.
Кез келген жекеменшiк сараптамалық ұйым екi критерий бойынша жұмысқа кiрiсе алады: аккредитациядан өтуi және сараптама ұйымдары палатасына мiндеттi түрде тiркелген болуы тиiс.
Бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында сараптама жұмыстары жөнiндегi инжинирингтiк қызметтер көрсетудi жүзеге асыратын аккредиттелген 5 сараптама ұйымы бар.
Аталған реформаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2015 жылғы 28 қазандағы №366-V Заңына көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлдi. Мәселен, аталған заңның 32-бабы 2-1 тармағы ендi жобалау қызметiне және құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия алу үшiн өтiнiш берген өтiнiш иелерiнiң және осы қызмет түрiн жүзеге асыратын лицензиаттардың құрамында аттестатталған инженер-техниктердiң болуын мiндеттеп отыр.
Жобалау және құрылыс салу процесiне қатысушы инженер-техниктердi мемлекеттiк емес аттестаттау орталықтары аттестаттаудан өткiзедi. Ал, бұл орталықтар сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган тарапынан аккредиттеледi. Қазiргi уақытта облысымызда бес аттестаттау орталығы жұмыс iстеуде.
Инженер-техниктердi аттестаттаудан өткiзу аса маңызды. Осы арқылы олардың кәсiби дайындық деңгейi мен құзыреттiлiгi, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердi қаншалықты бiлетiнi анықталады. Сонымен қатар, бұл олар жүзеге асыратын жұмыстардың сапасын жақсартуға, құрылыс саласында болып жатқан өзгерiстердi, жаңа талаптарды қаншалықты меңгергенiн де көрсетiп бередi.
Атап өтерлiгi, жобалау және құрылыс процесiне қатысушы аттестатталған инженер-техниктердiң аталған қызмет түрлерiн жүзеге асыратын басқа ұйымдарда жұмысты қоса атқаруына заңмен тыйым салынған.
Заңға енген тағы бiр өзгерiс – техникалық қадағалау саласындағы өзгерiстер. Жаңа заң бойынша бiрiншi және екiншi жауапкершiлiк деңгейiндегi техникалық және технологиялық жағынан күрделi объектiлерге техникалық қадағалауды осы қызметтi орындау жөнiндегi аттестатқа ие, құрамында кемiнде үш сарапшысы бар аккредиттелген заңды тұлғалар жүргiзуге тиiс. Ал, техникалық қадағалау сарапшысының аттестаты бар жеке тұлғалар екiншi және үшiншi жауапкершiлiк деңгейiндегi техникалық жағынан күрделi емес объектiлерге техникалық қадағалау жүргiзе алады.
Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган аккредиттеуден өткiзедi.
Оңтүстiк Қазақстан облысында техникалық қадағалауды жүзеге асыратын, аккредиттеу куәлiгiн алған 8 мекеме бар.
Сәулет, қала құрылысы туралы заңына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлгенге дeйiн техникалық қадағалауды аттестаты бар жеке тұлғалар атқаратын. Техникалық қадағалаушы тарапынан жiберiлген кемшiлiктер үшiн тек өзi жауапкершiлiкке тартылып, ол қызмет атқаратын ұйым бәрiнен сырт қалып кететiн. Сонымен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың сенiмдiлiгiн және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау сарапшысы да жауапкершiлiкке тартылмайтын. Осы мәселенi шешу мақсатында техникалық қадағалаушы мекемелер мен ғимараттардың сенiмдiлiгiне техникалық тұжырым жасайтын мекемелердi аккредиттеп, әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту туралы Оңтүстiк Қазақстан әкiмдiгi тарапынан 2015 жылдың 23 маусым айында №10/2966 хатпен ҚР Ұлттық экономика министрлiгiне ұсыныс жiберiлген болатын. Сол ұсыныс Үкiмет тарапынан қолдау тауып, былтыр 28 қазанда қабылданған заңға енгiзiлдi. Осыған орай техникалық тұжырым жасайтын мекемелердiң аккредитациядан өтуi мiндеттелiп, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершiлiкке тарту көзделген.
Бiрiншi және екiншi жауапкершiлiк деңгейiндегi техникалық және технологиялық күрделi объектiлердегi ғимараттар мен құрылыстардың сенiмдiлiгiн және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды аккредиттелген заңды тұлғалар жүргiзуге тиiс. Облысымызда бiр мекеме – «Оңтүстiк Аймақ Сараптама» ЖШС аккредиттеу туралы куәлiк алған.
Заңға енгiзiлген тағы бiр өзгерiс – салынған объектiнi қабылдау.
Бiрiншiден, тапсырыс берушi салынған объектiнi пайдалануға қабылдау мен берудi, бекiтiлген жобаға сәйкес, ол толық әзiр болған және сәйкестiк туралы декларация, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың бекiтiлген жобаға сәйкестiгi туралы қорытындылар болған кезде жүргiзедi. Ал, техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi пайдалануға қабылдауды меншiк иесi (тапсырыс берушi) өз бетiнше атқарады.
Екiншiден, ендi мердiгерден (бас мердiгерден) объектiнi қабылдауды техникалық және авторлық қадағалаулармен бiрлесiп, тапсырыс берушi жүзеге асырады.
Үшiншiден, мердiгер (бас мердiгер) мен техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушiден сұратуды алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде сәйкестiк туралы декларацияны, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестiгi туралы қорытындыларды (не терiс қорытындыларды) ұсынады.
Төртiншiден, объект бұзушылықтармен және құрылыстағы шалағайлықтармен пайдалануға қабылданған жағдайда, объектiнi пайдалануға қабылдауға қатысушылар Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.
Еурокод – Еуропаға жол ашу!
Жасыратыны жоқ, елiмiзде құрылыс саласында бертiнге дейiн Кеңестiк кезеңнен берi қолданыстағы құрылыс жүргiзу нормалары мен ережелерi қолданылып келдi. Мемлекет басшысы бес институционалды реформаны жүзеге асырудың қадамдарын қарастырғанда, осы нормалардың орнына еурокодтар жүйесiн енгiзудi ұсынған болатын. Жаңа нормативтердi қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, құрылыс қызметi нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға, сонымен бiрге құрылыс саласындағы шетелдiк қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкiндiк бередi.
Бұл, сондай-ақ, отандық құрылыс өнiмдерiн өндiрушiлердiң еуропалық нарыққа шығуына, еуропалық стандарттарға жауап беретiн өнiм дайындауға, Еуроодақ елдерiнде құрылыс және инжиниринг қызметтерiн көрсетуге, құрылыс материалдары мен бұйымдарын еуропалық сертификаттауға кететiн шығындарды қысқартуға мүмкiндiк бередi.
Еурокодтар Қазақстанда 2015 жылдың 1 шiлдесiнен енгiзiле бастады. Бұл жүйе шетелдiк инвесторлар тарапынан ҚР аумағында құрылыс жобаларын iске асыруға деген жоғары қызығушылықты, сондай-ақ, жобалық-құрылыс қызметiнiң шетелдiк қатысушылары тарапынан бәсекелестiктi күшейтетiнi сөзсiз. Қазақстанға инвестиция салуға, ең алдымен, ЕО елдерi ұмтылатын болады. Олар бiздiң нарыққа еуропалық өндiрiстiң сапалы құрылыс технологияларын және инновациялық материалдарын әкеледi деген сенiм бар.
Елiмiзде осы жүйе енгiзiлсе, құрылыс компаниялары жұмысты әлдеқайда сапалырақ және қауiпсiз орындауға мәжбүр болады. Қазақстанның құрылыс саласын таяу болашақта елеулi өзгерiстер күтiп тұр. Өйткенi, бiзге еуропалық елдердiң құрылыс саласындағы техникалық жарақтандырылу деңгейiне сәйкес келетiн құрылыс технологиялары келiп, даярлаушы зауыттар пайда болады деп ойлаймыз.
Дархан САТЫБАЛДЫ, ОҚО әкiмiнiң бiрiншi орынбасары.