ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ-ҚАЛА ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНДА
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысанды аралады. Әуелі қала әкімі Жібек жолы мен Балуан Шолақ көшелерінің қиылысындағы жол салу жұмыстарын көрді. Қазір мұнда жол негіздемесі дайындалуда. Күн райы мүмкіндік беретін болса, асфальт салу жұмыстары басталады.
Айталық, биыл жалпы ұзындығы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшеге шағал жол төселуде. Сонымен қатарда биыл шаһарда 23 шақырымды құрайтын 12 жаяу жүргінші жолының құрылысы жүруде.
Шаһар басшысы өз кезегінде жол құрылысын сапалы әрі межеленген мерзімде аяқтау керектігін жауаптыларға ескертті.
Бұдан кейін қала әкімі «Тектұрмас» кешенінде бой көтеріп жатқан «Ежелгі бекініс» имаратына аялдады. «НұрТұрсын» ЖШС мердігерлігімен құрылысы жүріп жатқан нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Сәтін салса осы жылдың желтоқсан айының ортасына дейін аталған жұмыстар толығымен аяқталады деп жоспарлануда.
Нысанның авторлық қадағалаушысы – «Урбостиль», техникалық қадағалаушысы – «Компания ЛиТас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
– Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар үшін бұл құрылыстың орны ерекше. Қаламыздың сан ғасырлық шежіресін түгел қамтитын кешен тек тұрғындар ғана емес, туристер үшін де таптырмас орынға айналып, қызығушылықтарын туғызады деген сенімдемін. Сондықтан құрылыс жұмыстары жоғары деңгейде атқарылуы керек. Оның үстіне тиісті жұмыстар аяқталған соң, нысан аумағын құрылыс қалдықтарынан тазалап, осында аялдаған қонақтар үшін қолайлы жағдай туғызуға тиіспіз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.