Құрылыс жұмыстары аяқталуда

Мемлекет тарапынан кейінгі жылдары елімізде басқа салалармен бірге денсаулық саласына да үлкен мән беріліп келеді. «Дені саудың-жаны сау» демекші, алғашқы байлықтың өзі денсаулық болғандықтан бұл өте орынды да. Соның бір дәлелі  аудан орталығынан 250 келушіге арналған  3 қабатты емхана пайдалануға берілсе, енді орталық аурухана  соғу қолға алынғалы отыр. Бұлардан басқа жыл сайын ауданымыздың екі-үш ауылында жаңадан соғылған дәрігерлік амбулаториялардың пайдалануға берілуі де аудан халқына жасалып отырған жағдайды көрсетсе керек.
Биылғы жылы ауданымыздың екі ауылында осындай жаңа типтегі дәрігерлік амбулаториялар соғылып жатса, соның бірі 3 мыңнан астам халқы бар Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылында соғылып жатқан 25 келушіге арналған  дәрігерлік амбулатория құрылысы.
Біз аталған құрылыс жұмысымен танысу  үшін округ әкімі Нүркен Өнетаевпен бірге жұмыс басына кештете келгенімізде мұндағы қызу еңбекке тап болдық.
Жалпы аумағы 347,43 шаршы метр жерді алып жатқан, құны 236772,527 мың теңге тұратын құрылысты Талғат  Тұрсынмұратов басқаратын «НұрТұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшылары биылғы жылдың тамыз айында бастаған екен. Бүгінде қабырғасы қаланып, төбесі жабылған ғимараттың есік, терезелері салынып, сырты сыланған. Маңайы қоршалып қойылыпты. Құрылысшылар ішкі бөлмелерді сылап жатқанын көрдік. Бар болғаны 3 айда көптеген жұмыстар атқарылған. Осы жерде құрылыс учаскесінің басшысы Тафик Розиевке жолығып, әңгімеге тартқан едік.
-Біз бұл құрылыс нысанын тамыз айында бастап, алдағы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай құрылыстың негізгі жұмыстары бітті десе  де болады. Енді екі-үш күнде ішкі сылақ жұмыстары бітіп, әрлеу жұмыстары қолға алынады. Бізде жұмыс кестесі қатаң сақталуда. Жұмыста ешқандай кідіріс жоқ. Мұнда 26 адам жұмыс істеп жатса, олардың жетеуі жергілікті азаматтар. Мекемеге қажетті құрал-жабдықтар түгелдей алынып қойылды. Ғимаратқа газ, су, интернет желісі кіргізіліп, электр жарықтары орнатылды. Бір сөзбен айтқанда құрылыстың 80 пайыз жұмысы атқарылды,- дейді Тафик Розиев.
Дәрігерлік амбулаторияға Жамбыл облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болғандықтан жұмыстың атқарылуын олар жиі қадағалап отыратынын білдік. Құрылысшылар мекемені газга байланысты апатты жағдайда жылытуға, сондай-ақ тосын жағдайда қосымша электр энергиясын беруге байланысты қажетті жабдықтарды мекеме ауласына орнатып та қойған. Мекеме маңайын абаттандыру жұмыстары да қолға алыныпты.
Құрылысшылар күздің қара суығы мен жауын-шашынына ұрынбай ғимаратты уақытында пайдалануға беру үшін уақытпен санаспай еңбек етуде.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Жетібай ауылы.