Құс патшасы қыран бүркіт
Құс патшасы қыран бүркіт, қырық жыл ғұмыр сүргесін тоқырауға ұшырайды. Аспаннан шүйлігіп келіп бүргенде, жемтігінің желкесін үзетін хан шеңгелі, жалмауыз кемпірдің тырнақтарындай өсіп, икемге келмей қалады екен.
Қанжардай қайралған, имек, өткір тұмсығы, жүзі жұқа пышақтай, мұқалып қалады. Аң аулауға икемсіз болып қалғасын, қыранның да күн көрісі қиындап кететін көрінеді. Көп қыранның, осы қорлыққа шыдамай, өздерін құздан тастап, құлап өлетіні сондықтан екен.
Ілеуде біреулері ғана, құз басындағы ұясына шығып, күш қайратын бойына жинап, тұмсығын таудың қия тасына соға-соға төрт күнде тұмсығының қауашағын етінен ажыратады.
Өзін жантүршігерлік азапқа салып, ханшеңгел тырнақтарымен құздың қия тасын бүре-бүре сегіз күнде тырнағының тұқылдарын етінен ажыратады. Жанын жегідей жеген азапқа шыдап, құз басында арып-ашып, аш-жалаңаш, тамақсыз үш ай жатады.
Құс патшасы қыран бүркіт, тоқсан күнде толық, қайта түлеп шығады. Имек тұмсығы, жаңа қанжардай қайралып. Шеңгелдей тырнағы, болаттан құйылған жаңа семсердей қайтадан қалпына келеді. Осы азапқа жаны шыдаса, ғұмырын тағы отыз жылға соза алады екен байғұс қыран.
Қырықтан асқан пенде де тоқырауға ұшырайды. Себебі қырық жас, балалықпен даналықты жалғайтын алтын көпірдің дәл ортасы. Ғашық болайын десем кәрімін, өлейін десем жаспын-демекші, организімге түсініксіз мезгіл.
Бірақ пайғамбарға да пайғамбарлық қырық жасында келді. Демек қырық деген, елдің жүгін артатын нардың жасы. Жаратқанның разылығы үшін, елдің игілігіне қызмет етсең, жүк артқан нардан қай жерің кем. “Халыққа адал қызмет етсең, қадірің соның ішінде”
Қырықтан асқан құрдастарыма! Қырандай қайта түлеңдер. Жанды аясаң жау жеңер. Жау деген не? Ол өзіңнің нәпсің. Біреуді жеңсең күштісің, өзіңді жеңсең құдіреттісің. Құдірет деген не? Болатты қайта балқытқан жалындай, бейқам, өмірге үйренген жанмен тәнді қайта тәрбиелейтін мінез.
Оған керек заттар не? Жанға-рухани азық, ойға-оқу, тәнге-жаттығу керек. Нәтижеге қалай тез қол жеткізсек болады? “Тасты тесетін, судың күші емес, тамшылардың тұрақтылығы” Адам үшін:”Қырандай қайта түлеу”-дегеніміз не? Жаттығуларды жалықпай, тұрақты түрде, күнделікті жасап, әдетке айналдыру. Іске сәт қырандарым!
Марат Сқақовтың
фейсбук парақшасынан