ҚҰТТЫ ҚОНАҚ КЕЛСЕ…….
“Құтты қонақ келсе, қой егіз табады”-демей ме? Қыстың көзі қырауда, малды ауылдың машахаты көбейеді. Күнін малмен көріп отырған ауыл қазағы түн ұйқысын төрт бөліп, таң атқанша көз ілмей, қораға шығып мал қарайды. Себеп, жаңа туған төл қатып қалмауы керек.
Ерте қашқан малдың ерте туатыны да заңдылық. Енесі кексе болса төлін аязға қатырмайды. Бірінші рет туған тоқты мен тушалар қатырып алуы әбден мүмкін. Кейбіреуі тіпті баласын бауырына алмай басыңды ауыртады.
Ондай малдың ауызын престің жібімен керіп, баласы бауыр басып кеткенше қасында тұрып емізесің. Енесі төлін мүлдем бауырына алмаса сиырдың сүтімен бағуға тура келеді. Бөтелкені көргеннен балаша қуанған қозы лақты көргенде, ерекше мейірімің оянады.
Құйрығын бұлғаңдатып, бөтелкені қомағайлана емген қозы мен лаққа қарап көзің тоймайды. Сондай сүйкімді естен кетпейтін ерекше көрініс.
Жаңа туған төлді енесі жалап, емізіп болған соң, бойын жылыту үшін үйдің ішіне, пештің қасына алады. Бойы жылынған соң, бауырын жазып, енесін іздеп, бөрінің көтіндей шулайды-ау жарықтықтар.
Мына видеоны көріп отырып, бала кезде болған бір оқиға есіме түсіп бір күліп алдым. Тоқсаныншы жылдардың басы болса керек. Бесінші немесе алтыншы класта оқитын кезім.
Ауылға екі досымен Алматыда тұратын Бақытжан ағам келді. Бәрі студенттер. Елдің бәрі комерсант болып жүрген кез. Шыттай кейініп алған, аяқтарында адидасс, бұттарында варенный джинсый, үстерінде пухавик, қоқай көрмей, тез байып кеткісі келіп жүрген, қалада туып, асфальтта өскен, кіл байдың балалары.
Ауылдан сексен сиырдың терісін жинауға келіпті. Сексен сиырдың терісіне сол заманда Алматыдан су жаңа жигули алуға болады екен. Есептері сұмдық енді. Қораның үстінде жатып тулақ болған екі теріні көрсетіп едім, ондай “старый коровый кожа”болмайды-деді біреуі. Жаңа сойылып, тұздалған свежый тері керек екен оларға.
Құдай салмасын свежый сексен теріні бірден қайдан табасың. Амал жоқ, ағаң үшін не істемейсің. Бір болса малшы ауылда болар-деген үмітпен, қыстауда отырған, әкемнің танысы,қойшы Асан ағаға су таситын “водовозға” мініп тайдық төртеуміз.
Қыстау, жапан далада тұрған жалғыз үйге кешқұрым келіп түстік. Үш бөлмелі қоржын там екен. Құдайы қонақ келді-деп үй иесі Асан аға мәре-сәре болып қалды. Қазанға ет салды.
“Құтты қонақ келсе, қой егіз табады”-деген. Как раз мал төлдейтін уақытқа тура келдіңдер. Жаңа ғана “Төлімнің басы” туды “ҚҰТТЫ қонақ екенсіңдер”-деді Асан аға.
Жеңгей қазандағы еттің қамырын түсірді. Төрде бесіктегі немересін тербетіп отырған әже “біссіміллә”-деп табақтағы етке бірінші қол салды. Ет желініп болған соң кіре берістегі темір пеші бар бөлмеге төртеумізге төсек салып берді жеңгей.
Далада боран ұйытқып тұр. От қарыған шойын пештің үсті қып-қызыл шоқтай болып қызарып тұр. Бөлме ыстық өртеніп тұр, жұтатын ауа жоқ. Амал жоқ, шешініп жаттық.
Бір ауыз қазақша білмейтін өңкей қаланың баласы. Бір нәрсе болса қолдарын кір сабынмен жуып, спиртпен сүртіп жүрген “чистоплотный” жігіттер. Бәрі әппақ труси мен әппақ нәски киіп алған. Денелері де қыздың денесіндей әппақ екен.
Түннің ортасында шыңғырған ащы дауыстан бәріміз шошып ояндық. Ышқынып барып, қорыққаннан светті жақтым. Құдай салмасын екі жүздей жаңа туған лақ пен қозының ортасында жатырмыз. Әлгі жігіттердің әппақ трусилерінің бәрі сары ала боқ болған.
Сөйтсем, түнімен егізден, сегізден мал төлдеген Асан аға барлығын қатып қалмасын деп біз жатқан бөлмеге, темір пештің түбіне тасыған. Үсті кеуіп, бойы жылығасын қозы мен лақтар бөлмені кезіп, енесінің емшегін іздеген.
Қараңғыда емшек екен-деп бір қозы бір жігіттің ерніне жабысады. Жігіт түсімде қызбен сүйісіп жатыр екенмін-деп олда өлімді салады.
Че то не то, көзін ашса, қараңғыда бір қап қара бәле тілін сумаңдатып тұр. Ондайды көрмеген қаланың баласы шошығаннан жан дауысы шығады ғой.
Светті жақсам үйде емес, как будто қораның ішінде, малдың ортасында жатқандаймыз. Айналдырып тышқан. Жігіттердің аузынан сразу ұшық шығып кетті. Ұйықтамай таңды көзімен атырды.
Таң ата Асан аға берген сегіз сиырдың терісін сүйреп ауылға қайттық. Кетіп бара жатып аяқ киімімізге не болған-деп үшеуі де аяқ киімін шешті.
Жаңа кросовкілерінің ұлтарақтарының үшеуінің де басын кесіп алған. Бәсе, бас бармағымыз түсіп кете береді-дейді. Менің аяқ киімім ескі болып жаным қалды. Немерелеріме көз тимесін деген ырыммен, әлгі кемпірдің істегенін бірден білдім.
Сол кеткеннен жігіттер, ауылға ат басын бұрмай мол кетті. Бауырлар, ауылға келіп тұрыңдар. “Құтты қонағым”- келді деп құшағын айқара ашатын ауылдағы ағайынның көңілі кең ғой шіркін………..
МАҚСАТ СҚАҚОВ