Күйеуіне бойұсынған әйелдің Жәннаттағы орны қандай?

Мәдинада Хаула бинт Туәйт есімді әтір сатушы бір әйел бар еді. Бір күні Хаула мүминдердің анасы Айшаға (р.а.) келіп:

– Мүминдердің анасы! Мен әр күні түнде хош иіс себініп, шымылдыққа кірген келіндей боянып, сыланып күйеуімнің төсегіне кіремін… Мен бұны Раббымның разылығын табу үшін жасаймын. Алайда, күйеуім жүзін менен теріс бұрады. Одан тек ашудан басқа ештеңе көрмеймін, – дейді.

Айша анамыз (р.а.) Хаулаға:

– Алла Елшісі (с.а.у.) келгенше күт, – дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйге келген бетте:

– Хауланың әтір иісін сезіп тұрмын. Үйге Хаула келген бе? Не бұйымтаймен келді екен? – дейді.

Айша анамыз (р.а.) да:

– Күйеуіне шағымданып келіпті, – дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хауладан:

– Айта ғой, Хаула, не болды? – деп сұрайды. Хаула (р.а.) Айша анамызға (р.а.) айтқандарын Пайғамбарымызға да (с.а.у.) баяндап береді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Хаула! Бар да күйеуіңнің тілін тап та, оған итағат ет! – деді.

Хаула да:

– Уа, Алланың Елшісі! Маған бұдан сауап бар ма? – деп сұрады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Әйелдің күйеуінің алдындағы міндеттері – күйеуі түйенің үстінде болса да шақырғанда оның қалауын мақұрым етпеуі. Күйеуінің рұқсатынсыз бір күн болсын ораза ұстамауы. Бұған парыз оразасы жатпайды. Егер күйеуінің тілін алмай, ораза ұстаса,  әйел күнәһар болады, оразасы қабыл болмайды. Күйеуінің рұқсатынсыз үйінен ешбір нәрсе садақа ретінде болсын бермеуі. Егер сонда да тыңдамай, беріп қойса, оның сауабы күйеуіне жазылады, ал, әйелге күнә болады. Тек күйеуінің рұқсатымен ғана үйінен шығуы. Егер рұқсатсыз үйінен шығатын болса тәубе еткенге дейін немесе қайтып үйіне келгенге дейін Алла Тағала және азап періштелері лағынет етеді, – дейді.

Хаула:

– Күйеуімдікі жөн болмаса да ма? – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Иә, жөнсіз болса да, – дейді.

Хаула:

– Күйеуіне бойұсынып, итағат ететін болсам, маған қандай сауап бар, уа Алланың Елшісі? – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Күйеуіне итағат етіп, күйеуінің алдындағы міндеттерін өтесе, оның жақсылығын айтса, өзінің намысы мен күйеуінің мал-мүлкіне қиянат қылмаса, ондай әйелдер мен шәһиттердің арасында Жәннатта тек бір ғана дәреже бар. Егер әйелдің күйеуі мүмин және көркем мінезді болса, ол Жәнатта да күйеуінің әйелі болып қала бермек. Ал егер олай болмаса, Алла Тағала оны шәһиттердің біреуімен үйлендіреді, – дейді.