Күнбатыс Алашордаға –100 жыл

Күнбатыс Алашорданың 100 жылдығына орай Алаш арысы, қазақтан тұңғыш заңгер, Күнбатыс Алашорда үкіметінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовке арнап туған жері Бұлдырты ауылдық округінің Қарақұдық елдімекенінде,  халықаралық Самара-Шымкент тас жолының бойынан ескерткіш белгі ашылды.

Ескерткіш белгінің ашылу салтанатында Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, әдебиеттанушы ғалым, эссеист,  филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұрат, өлкетанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Жайсаң Ақбай сөз сөйлеп,  Жаһанша деген елдің құрметі мұнымен бітпейтіндігін, алаш ақтаңдағына арналған белгінің өзектілігі барын, жастар үшін  зор тәрбиелік, ұлтжандылық, рухани маңызға ие екендігін атады, айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізілуі қажеттігін айтты.

Ескерткіш белгіні аудан әкімі Т.Төреғалиев,  әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты М.Тәж-Мұрат, өлкеатуншы ғалым Ж.Ақбай, Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз К.Федянин ашты.

Күнбатыс Алашорданың 100 жылдығына арналған шара  Бұлдырты орта мектебінде жалғасып, мұнда мектеп музейі ашылды. Лента қию рәсімін  Сырым ауданының құрметті азаматы, алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті Дәметкен Сүлейменова мен Бұлдырты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қален Ахметқалиев жүргізді. Музейдегі аудан, ауыл, мектеп тарихы, Жаһаншаға арналған бұрыш, жас ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындататын жәдігерлермен Бұлдырты орта мектебінің оқушысы Жанерке Матышева таныстырды.

Бұлдырты ауылдық мәдениет үйінің фойесіне қойылған «Алаштың рухы – ұлттық рух» атты  кітап көрмесінде  Алашорда тарихы, Күнбатыс Алашорда және Жаһанша Досмұхамедов туралы  өмірдерек қамтылып, көрмемен Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің библиографы Эльмира Әлденова таныстырды.

Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева алаш тарихының тереңіне бойлап, танымдылығы мен тағылымдылығын зерделеп, ұрпаққа сый-сыбаға етіп ұсынып, «Алаш аманаты» атты құнды дүниені жинақтап, құрастырды. Төрт бөлімнен тұратын кітапта Жаһанша туралы Мәскеу мұрағатынан алынған құжаттар,  Семей, Мәскеу қалаларына ауданнан барған экспедиция,  былтырғы Алашорданың 100 жылдығына орай  өткен шаралар, онлайн конференциялар, семинарлар, ауданға басқа облыстардан келген экспедициялар, 100 алаш қайраткерінің  өмірдеректері жарияланған. Оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың тұсауын шара қонақтары М.Тәж-Мұрат пен  Ж.Ақбай кесті.

«Күнбатыс Алашорданың идеологиялық маңызы» атты  облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияның панельдік отырысы ауылдық мәдениет үйінде өтті. Конференцияда алғаш болып сөз алған аудан басшысы Т.Төреғалиев Жаһанша Досмұхамедовтың Орал облыстық съезінде сөйлеген сөзінен үзінді келтірді: «Азаттықтың таңы атты, Тілекке құдай жеткізді.  Бұрын біз құл едік, бүгін, міне, теңелдік. Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың қолына беру.  Қазақ алдағы уақытта өз тағдырын қолына алады. Желбіреген бостандықтың туы бәрімізді бірлікке, туысқандыққа шақырады. Қазақ шаңырағы бәріне пана бола бермек. Тек ауызбіршілікте болайық, ағайын!».

Сырым ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Жайсаң Ақбай: «1913 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған  алаш қайраткерлері «Біз екінші жапон боламыз» деген екен.  Жапонияда аз уақыттың ішінде  мэйдзы реформасының негізінде  феодалдық ел артта қалып, дамып, 1905 жылы Ресей империясына соққы берді. Алаш қайраткерлеріне тағылған кінә «жапон тыңшысы» деген ат  болды. Халық жауы, ұлтшыл болып қудаланып, жазаланған арыстарға тағылған бір кінә осы. Жаһанша, Халел және үш серігі алаш қозғалысы тоқтатылғаннан кейін, үй жағдайындағы тұтқында отырып, Сталинге түсініктеме берді.  Халқымызға не істедіңдер деп қапа болып, халықтың мүддесі үшін күрескендерін дәлелдеген. Сол құжаттың соңында «Сіздер қаншама тонды теріс айналдырып, қазақ халқына бостандық береміз десеңдер де,  қазақты орыс халқының құлдығында қалдыратын болсаңдар,  біз ешуақытта күресті тоқтатпаймыз» деген. Міне, осы сөз олардың үкімі болы. Бес арысты орыс үкіметіне зияны тиеді деп,  ату жазасына кесті. Міне, бүгінде сол  алаш арыстарының алдына қойған  мақсаттары орындалды» деп тарих беттерінен сыр шертті.

Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Мақсат Тәж-Мұрат ауданның тарихшы мұғалімдерін, музей қызметкерлерін, оқушыларды  алаштың тарихы жайлы елдің аузында жүрген әңгімелерді көбірек жинауға шақырды. «Алаш қозғалысы ешқашан үзілген жоқ.  Тіпті кеңес әдебиетінің өкілдері Ғабит Мүсірепов, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Жәрдем Тілеков сынды қаламгерлеріміздің шығармаларында да алаш тарихы суреттелді. Мәскеудің он бір мұрағатында Батыс Алашорданың тарихы туралы мәліметтер көп. Ең үлкен  3000 адамнан тұратын әскери жасақ Күнбатыс Алашорданың құрамында болған. Жымпитыдағы прапорщиктер мектебі мен Ойылдағы юнкерлер мектебінің – өзі үлкен тарих»,- деді.

Конференцияда Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық  университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, Сырым ауданының құрметті азаматы Дәметкен Сүлейменова, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Светлана Бахишева, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Жәңгір хан атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің  оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртас Сафуллин қатысып, Алашорда Үкіметі, Жаһанша туралы пікірлерін ортаға салды.

Мақсат Әнесұлы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының  Президенті Мұрат Жұрыновтың Алашорда Үкіметінің 100 жылдығы мен Алаш автономиялық  Республикасының  100 жылдығына орай «Алаш» мерекелік медалін  Сырым ауданы әкімі  Т.Төреғалиевке, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваға, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Есқайрат Хайдаровқа, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың  тарих кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Альфия Байболсыноваға табыс етті.

Күнбатыс Алашорданың 100 жылдық мерекелік шарасы Бұлдырты даласындағы қызықтармен жалғасты.  Сырым ауданы әкімі Т.Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, тойды өткізуге демеушілік еткен кәсіпкерлер Ербол Бекжанов, Боранбек Айтмақов,  Кәкен Нұрғалиев, Кабулов Қуандықты марапаттап, алғыс хат табыс етті.  Ауыл ақсақалы, Бұлдырты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қален Ахметқалиев ауылдастары атынан сөйледі.

Жаһаншадай арыстың кіндік қаны тамып, табаны тиген жерде  аламан бәйге, тай жарысы өтіп, шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктер даланы дүбірге толтырды. Театрландырылған қойылым,  мерекелік концерт,  қол күресі, қазақша күресі, қой көтеру жарысы, ұтыс билеттері ойыны халық назарына ұсынылды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, дастарқан дәмге толып, ауылдың алты ауызы шырқалды.

Қазақы аттардың аламанында  Қаратөбе ауданынан Е.Бахитовтың тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші болып Шыңғырлау ауданынан Ш.Алмағамбетовтың тұлпары келсе, аламанның үшінші жүлдесін Тасқұдық ауылынан М.Төлеуовтің тұлпары алды. Тай жарысынан жүлделі 1 орынды Ақтөбе облысының Қобда ауданының тұлпары, жүлделі 2 орынды Бұлдырты ауылынан Е.Жәленовтың тұлпары, жүлделі 3 орынды Ақтөбе облысы Қобда ауданынан Н.Ордыбаевтың тұлпары иеленді.

Арқан тартысуда 1 орынды Өлеңті ауылының жастар құрамасы жеңіп алды.   2 орынды Сырым жастарының құрамасы иеленсе,  3 орын 1987 жылы туылған ерлер құрамасына тиесілі болды. Қол күресінде  С.Сапарғалиев білек күшінің мықтылығын дәлелдеп, 1 орынға ие болды.  2 орын А.Төреғалиевке, 3 орын А.Қаржауовқа бұйырды.  Гір тасын көтеруде 1 орынға А.Қуанышев, 2 орынға Г.Рамазанов, 3 орынға  Ғ.Қазақстан  қол жеткізді. Қазақша күресте С.Ихласов жауырынын жерге тигізбей, 1 орынды иеленді.  Екінші және үшінші орындарды А.Нұрмұқанов, пен А.Гумаров бөлісті.

ШынарМОЛДАНИЯЗОВА