«Күндіз —Түркістан, түнде — Ауғанстан» ба?.. немесе елді елеңдеткен оқушылар төбелесінен кейін туындаған ойлар

Елімізде, елімізде ғана емес-ау, түркі халықтарының, әсіресе Орталық Азия халықтарының арасында рухани орталыққа айналып, «Екінші Мекке» атанған киелі мекен — Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Осы бір қасиетті топырақтан Алла бұйырып жар сүйген отыз жылдан астам уақыт ішінде, аталмыш «қайынжұрт» қаланы да, аталмыш облыстағы арнайы тілшіміз Шадияр Молдабек екеуміз жыл сайын газетіміздің «Ауыл» экспедициясы аясында журналистік іссапармен аралап шығатын аудандар мен ауылдарды да, ол жақтың қарапайым әрі қонақжай халқын да азды-көпті болса да бір кісідей білемін десем өтірік айтпағаным шығар. Бұл қасиетті өңірге біздің «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің (биылға дейін «Qazaqstan zamany» аталған) Бас директоры, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Сәуле Мешітбайқызының да табаны талай тиген. Сол сапарларымыз барысында Түркістанның жетістіктері жайлы талай-талай жағымды мақалалар жариялағанбыз. Сондықтан да жуырда әлеуметтік желі арқылы тарап, бүкіл елді шулатқан Түркістандағы мектеп оқушыларының төбелесіне қатысты ойларымды ортаға тастағанды жөн көрдім.

 

Кім кінәлі?

Жанбақыт Мерекеұлы

Рас, осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын ел-жұрттың санасында іргетасы V–VI ғасырларда қаланған Түркістан қаласы XXI ғ. басында — облыс орталығы емес, өзінше тәрбиеге ие, түркі халықтарының рухани орталығы болады деген болжам басым болды. Бұл болжам XIV ғасырда Ақсақ Темірдің әмірімен салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалқайып тұрғаны үшін ғана емес, кесене аумағында Абылай хан, Есім хан, Тәуке хан, Хақназар хан, Қазыбек би, Бөгенбай батыр сияқты жүздеген хандарымыз бен батырларымыздың жатқандығы, осы қалада ислам дінінің бір діңгегін уағыздаған Қ.А.Ясауи бабамыздың қылуетке кіргенге дейінгі өмірімен де сабақтастылығы, сонымен қатар, осы аймақта жатқан қасиетті орындардың да көп болуына орай туындаған болатын. Әрине, бұл, Түркістан облыс орталығы болған тұста қаланың немесе халықтың рухани өмірі тоқырап қалады деген сөз емес, қайта қаланың да, қараның да экономикалық, әлеуметтік және рухани жағынан дамуына даңғыл жол ашылатыны анық. Бірақ облыстық аппараттың осындай абыр да сабыр көші-қоны кезінде, жергілікті Білім бөлімі жасөспірімдердің, яғни «мектеп оқушыларының тәрбиесін естен шығарып алмады ма?» — деген ой да қылаң береді. Егер осы мәселеге арыдан келсек, бүгінде кім төбелеспей жатыр, анау Ақтөбе мен Қызылордада да мектеп оқушылары суық қару алып төбелескенін осы бір жақын уақыттарда телеарна жаңалықтарынан айтып жатты емес пе?! Сондықтан мұндай келеңсіздіктер кез келген жерде, кез келген аймақта кездесіп жататынына күмәнім жоқ. Түркістанда болған жағдай ертең Алматыда, одан кейінгі күні Таразда, тіпті Астанадағы шен-шекпенділердің мұрнының астында болып жатса да таңданбайтын болдық. Міне, осы мақаланы жазып отырғанда, радио Ақтөбеде жоғары сынып оқушыларының арасында төбелес болып, бір жасөспірімнің кеудесіне қадалған өткір заттан қайтыс болғанын хабарлады. Өкінішті. Демек, мұндай келеңсіздіктер мен қылмыстар әлі де жалғаса береді деген сөз. Мұны тоқтату үшін не істеу керек?
Әрине, жайшылықта «Тәрбие — тал бесіктен», яғни отбасынан басталатынын айтып таңдайымыз тақылдайды. Ата-ана тәрбиелей алса, тәрбиелей алды, болмаса тәрбиешілер мен ұстаздарға қарай итере салады. Ал бейшара ұстаздар әр баланың қасында жүріп, төсегіне дейін апарып, жатқызып қайтуы тиіс пе, сонда? Бұлай дейтінім, балалар мектеп ауласынан тыс қалтарыс-бұлтарыстарда бұзықтық жасаса да, төбелесіп, қылмыс жасаса да, таяқ жеп, сөгіс алатындар, тіпті қызметінен қуылатындар мектеп басшылары мен ұстаздар екені даусыз. Мұндай кезде Білім министрлігі де, Ішкі істер министрлігі де, облыс пен қала әкімі де, тіпті аудандық білім бөлімдері де сүттен ақ, судан таза шығып, жауапершіліктен жалтарып, жазадан бұлтаратындарын қайтерсің?! Бейне қылмыс өзге мемлекетте жасалып жатқандай. Бізді құртатын да осы бейқамдығымыз ғой.
Осы орайда: «қоғамда болып жатқан осындай келеңсіздіктер мен жүгенсіздіктерге, түрлі дәрежедегі қылмыстарға кімдер кінәлі? Оларды болдырмаудың жолдары бар ма?» деген сұрақтар еріксіз ойға оралады. Мүмкін, «Балық басынан шіриді» дегенді ескере отырып, әшейінде «реформашыл» ҚР Білім министрлігінің өзінен бастап, өзгелерін қоштатып, ауқымды әрі халыққа тиімді етіп реформалау керек шығар.

 

Бір жылда 2000 қылмыс жасалған

Иә, «Күндіз — Түркістан, түнде — Ауғанстан» — деп, ел аузында қалған сөзді осыдан кем дегенде жиырма жыл бұрын естіген шығармын, нақты есімде жоқ. Естуімше, мұны айтқан Түркістан қаласының Ішкі істер бөліміне басшылыққа келген, ұлты өзбек азаматы болуы керек. Өзі қатал әрі тәртіпті қатаң қадағалайтын талапшыл басшы болыпты-мыс. Сонымен біраз уақыт қызмет істеген әлгі басшы бір күндері қылмыспен күресуден әбден шаршағанда: «Күндіз — Түркістан, түнде — Ауғанстан екен ғой» ,— деп кейіген екен. Қалай дегенде де, «мешкей деген жақсы ат емес» екендігі бесенеден белгілі. Бұл тәмсілсымақ қазіргі Түркістанның күн бетін көлегейлеген таңба сияқты. Десек те, киелі қаланың көптеген тұрғындары әлгі айтылған «әпербақан» сөзді әлдеқандай мақтаныш тұтатын сияқты. Соның буымен өздерін батыр сезініп, ісініп, кебініп жүретіндер де жетерлік көрінеді. Өкінішке қарай, ондайларға бұл сөз үшін мақтану емес, қайта намыстану керектігін айтып, түсіндіріп жатқан адам бар дегенді естіген емеспін. Ал ондай идеологиялық жұмыстарды кім жүргізуі керек? Әкім бе, әкімнің идеология жөніндегі орынбасары ма, әлде Ішкі саясат бөлімі ме? Осы мәселеге келгенде жергілікті билік осалдық танытып отырғаны анық. «2019 жыл — Жастар жылы» деп жар салып жатырмыз. Ал көптеген жастарымыздың көзі ояу, көкірегі соқыр. Тіпті, күні кеше ғана көкірегі ояу дейтін кейбіреулеріне хабарласып, Түркістандағы жағдай туралы сұрағанымда: «Біздің түркістандықтар ешқашан Түркістан туралы жаман ештеңе айтпайды» — деп, жалған патриот бола қалыпты.
Дегенмен, көзі ашық, көкірегі ояу, шын намысшыл жастар мүлдем жоқ емес екен. Мені осы қуантты. Ғаламторды парақтап отырып, Түркістан өңірінің тумалары, әріптес, іні-қарындасымыз Серік Жұмабеков пен Жадыра Нұрмахановалардың «Заң медиада» жарияланған пікірлерін оқыдым. Оқыдым да жоғарыдағы «Күндіз — Түркістан, түнде — Ауғанстан» ба?..» деген сұрақты тақырыптың жауабын тапқандай болдым. Серік өз ойын Түркістандағы келеңсіздіктерді тізе отырып, тиісті органдарға жазған хаттарынан мысалдар келтіре отырып жеткізген екен. Сол ғаламтордағы жазбадан үзінділер келтіре кетейін:
«Мұндай келеңсіздіктердің киелі қалада өршіп кеткендігіне байланысты мен кезінде 2016 жылы ҚР Бас прокуроры болған Жақып Асановқа арнайы хат жазған болатынмын» деген Серіктің хатынан үзінді келтіргенді жөн көрдік. «Мені толғандыратыны, туған жерімде, қасиетті Түркістан қаласында қылмыс атаулы өршіп кетті, мұны Өзіңізге жеткізуді азаматтық парызым санадым. Қылмыстың өршуі жөнінен Түркістан қаласы облыс бойынша алдыңғы қатарда тұр. Оны статистикалық деректі өзіңіз ақтарсаңыз да байқайсыз. Мендегі мәліметтер бойынша, 2016 жылдың соңғы 10 айында Түркістанда жалпы екі мыңнан аса қылмыс тіркелген. Бұл не масқара?! Атам қазақ екінші Меккеге балап, бүкіл мұсылманның рухани ордасына айналған Түркістан бүгін адам естіп, көз көрмеген қылмыстардың ошағына айналып барады».

Кісі өлтіріп, түрмеден шыққандар да жетерлік

Жадыра Нармаханова, «Ақ желкен» журналының бас редакторы:
«…Түркістандағы жағдай бұрыннан қатты, қатал еді. «Күндіз — Түркістан, түнде — Ауғанстан» дейтіні бекер емес. Қанша рет айтылды. Бірақ тыңдар құлақ болмады. Таныстарымның өрімдей балалары топ болып кісі өлтіріп, түрмеден бір-ақ шықты. Түрмеден түзеліп келді дей алмайсың. Мектепті бітіре салып түрмеге түскен адам қоғамнан шеттеліп қалады емес пе?.. Айтпасам да, шамалап отырсыздар.
Түркістандағы осы жағдайдың желіге тарағаны дұрыс та болды, бір жағы. Неге? Табалағаным емес. Қоғам шулап айтып, талқыласа, назарда ұстаса, жергілікті билік дұрыс жұмыс істейтін шығар. Бұл су ішкен құдыққа түкіру де емес. Жанашырлықтан айтып отырғаным. Облыс әкімдігіне барып жатқан таныстарым іштей түркістандықтардың пікір білдіріп жатқанын жаратпай отырған болар. «Неге Түркістанның жақсы жақтарын айтпайды?» — деп. Жақсы жақтарын бір кісідей айтып жүрміз. Ал жасөспірімдер арасындағы бассыздыққа үнсіз қала алмайсың. Қанша уақыттан бері сыздап келе жатқан сыздауық бұл».
Иә, міне, бұл — нағыз жанашыр жандардың жанайқайы екенін білдіреді. Айтса айтқандай, киелі қалада притондардың болуы да көңілге томпақ екені рас. Бұл жайтты осыдан оншақты жыл бұрын Түркістанға барған бір сапарымызда әкімдіктегілерге айтқанбыз. «Бізде ондай жоқ» — деп, сол кездегі қалалық Ішкі саясаттың басшысы қанша жерден бет бақтырмаса да, бізбен бірге барған осы қаланың тумасы, сол кездегі әріптесіміз Мұқан Исахан көздерін жеткізгендей болды. Тек осыдан кейін ғана олар бұл келеңсіздікті жоятындарын айтып, уәде беріп қалған болатын. Арада қаншама жыл өтсе да нәтижесін жоғарыдағы әріптестерімнің пікірлерінен байқап отырмыз.

 

Қайта реформалау керек!

Негізі, күллі қазақ рухани астана санайтын Түркістанда жезөкшелер үйін тұтастай жою керек. Сонымен қатар, арақ-шарап, сыра деген әзәзілдерді де дүкен сөрелерінен аластаған жөн. Қонақжай қаланың ішінде мейманасы тасыған, әсем мейрамханалар да жетерлік. Солардың бәрінде де ішімдік қойылуына қатаң тыйым салынып, заң жүзінде қадағалануы тиіс! Мұндай игі шаралар сонау Чешенстанды айтпағанда, өзіміздің кейбір ауылдарда да кездеседі. Бұлай еткеннен тәртіп орнап, ынтымағы арта түспесе, зиян шегіп отырған ешкім жоқ.
Айтпақшы, топ-топ болып төбелесу дегенді өз басым осыдан отыз жыл бұрын естіген «ОБШЯК»-тардың сарқынды жалғасы деп ойлаймын. Былайғы жұрт «Жолдың асты», «жолдың үсті», «ремзавод», т.б, болып бөлініп алып, қырық пышақ болып жататындар тек қана жастар деп ойлауы мүмкін. Бірақ сол жастарға бағыт-бағдар беріп, ұйымдастырып отыратын, тіпті полицияға түсіп, істі болып қалғандары болса, құтқарып алудың қамын жасап отыратын қырықтың ары жақ, бері жағындағы қырма сақалдылар екенін ешкім ескермейді. Ескерген күннің өзінде олар қылмыстық жауапкершіліктен қаға беріс қалып жатады. Меніңше, осы мәселені де мықтап қолға алу керек.
Қысқасы, киелі мекен — Түкістанымыз гүлденіп, бүкіл қазақтың бет түзеп, үлгі тұтар рухани астанасына айналу үшін, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Қазір қалада алып құрылыстар бой көтеріп, алуан-алуан жобалар жасалып жатыр. Бұл қажет нәрсе. Бірақ Түркістанға Елбасымыз айтқандай түбегейлі рухани жаңғыру қажет. Түркістан төрткүл әлемге әсем де биік ғимараттарымен емес, рухани жағынан тазалығымен, пәктігімен, иман байлығымен танылуы қажет.

 

Бет қатталып жатқанда:

Ақтөбедегі оқушы өлімі болған соңғы оқиғадан кейін ғана жоғарыда отырғандардың саналары серпіліп, ұйқыларынан шошып оянғандай болды. үкімет арнайы комиссия құру керектігін айтып, ведомствоаралық комиссия жиналмақ. Меніңше, бұл да жеткіліксіз, әшейін «суға кеткен тал қараймайдының» кері.
Сондықтан жоғарыда айтқан министрліктер мен балалардың құқығын қорғайтын мекемелер, Дін істері агенттігі біріге отырып, біртұтас идеологияға, имандылыққа бағытталған жаңа реформа жасауы тиіс.