Қымбат әшекей, сыйлықтарды қалай бағалап, декларацияда көрсету керектігі жарияланды

Қазақстанда мерейтойлар, сырға салу, қыз ұзату, үйлену, шілдехана, тұсаукесер және басқа да той-томалақтар күн сайын дүркіреп өтіп жатады. Шоумен, асаба Айбат Никулиннің айтуынша, әсіресе кейінгі кезде қыздың жағы, соның ішінде әкелер барынша қымбатырақ сыйлық ұсынумен көзге түсіп қалуға тырысады. Бұған қыз балалардың әкеге жақын болуы ықпал етсе керек, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Тойларда бірнеше бөлмелі элиталы пәтерлер, жол талғамайтын, көргенді тамсандыратын көліктер, асыл тұқымды жылқылар, шетелдік аукциондардан сатып алынған қымбат картиналар, гауһар және басқа асыл тастар мен бағалы металдардан жасалған салмақты әшекейлер, бір шишасының өзі бірнеше мың доллар тұратын арақ-шарап өнімдері сияқты құнды тартулар ұсынылады. Енді соның бәрін декларацияда көрсетіп, мемлекетке жария етуге тура келмек.

Әрине, егер сыйлаған адам оны қаншаға сатып алғанын көрсетіп, мақтану үшін чегін қоса ұсынса, онда оны декларациялауда еш қиындық тумайды. Ал егер ешқандай құжаты болмаса, декларация тапсырушы оның құнын қалай біледі?

Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті, сарапшылармен бірлесіп, жалпыға бірдей декларациялау кезінде коллекциялау заттарын бағалау және оларға сараптама жүргізу мәселелері жөнінде арнайы жадынаманы әзірледі. Бұл туралы uchet.kz порталы да хабарлап отыр.

Мемлекеттік кірістер органы мамандарының түсіндіруінше, Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда (форма 270.00) келесі мәліметтерді көрсету қажет:

  • шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
  • шетелдік банктегі 7,3 мың доллардан (3,5 миллион теңгеден немесе 1 000 АЕК-тен) асатын ақша;
  • шетелдік компаниядағы қатысу үлесі, акциялары;
  • бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткойндер және басқасы);
  • үлестік қатысу шарты (тұрғын үйдегі үлесі);
  • инвестициялық алтын (құйма алтын);
  • зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
  • үйде не басқа жерде сақтаулы 34,5 миллион теңгеден (10 000 АЕК) аспайтын қолма-қол ақша (одан асатын қаржыны қолма-қол сақтауға тыйым салынған);
  • басқа тұлғалардан алынған және нотариалды куәландырылған қарыз шарттары;
  • құны 3,5 миллион теңгеден асатын басқа да мүлік: мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және басқасы.

Осы соңғы талап көп пікірталас тудыруда. Мемкірістер комитетінің түсіндіруінше, мәдени құндылықтардың, тарихи жәдігерлердің, әшекейдің, асыл тұқымды жануардың, сыйлықтың және басқасының құны 3,5 миллион теңгеден асатын-аспайтынын алдын ала білу үшін бағалаушы жалдауға тура келеді.

Мысалы, картинаны бағалау үшін Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің сарапшысын жалдау талап етілмек.

Бұл ретте, ведомство барлық бағалауды декларацияны тапсыру мерзіміне дейін, яғни 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жасау қажеттігін ескертеді.

Егер бағалаушы затты 3,5 миллион теңгеден асатын сомаға бағаласа, ол дүниені декларацияда көрсету керек болады.

Мемкірістер комитетінің мамандары осы соңғы талапты орындау «ерікті» екеніне назар аудартты. Мәселен, үйіңізде құны 20 мың долларға дейін жететін Саванна мысығы, немесе әрбір басы елде 6 миллион теңгеден сатылатын Ақалтеке жылқысы болса, сіз оны бағаламауыңызға да болады. Бірақ егер кейін оны сату ниетіңіз болса, бағалап, декларацияда міндетті түрде көрсетуіңіз қажет.

Қаржы министрінің «Бағалау стандарттарын бекіту туралы» 2018 жылғы 5 мамырдағы №519 бұйрығына сәйкес, Қазақстанда коллекциялық заттарға – өнер туындылары, көне (тарихи) заттар, бағалы тастар, зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, нумизматикалық немесе филателиялық коллекциялар, сирек кітаптар және архив-мұрағат материалдары жатады. Бұған салықшылар асыл тұқымды үй жануарларын қосып отыр.

Сонымен, осының бәріне сараптама мен бағалауды жүргізу құқығы келесі тұлғаларға беріледі:

  • «Жылжитын мүлікті бағалаушы» («Оценщик движимого имущества») сертификаты бар, өнер туындыларын, зергерлік бұйымдарды және басқасын бағалау бойынша мамандандырылған қосымша даярлықтан өткен кәсіби бағалаушылар. Даярлықтан өткені дипломмен, сертификатымен, арнайы курстан не оқыту семинарынан өткені туралы куәлікпен расталуы шарт.
  • Коллекциялау заттарын, соның ішінде мәдени, тарихи құндылықтарды, көне заттарды, картиналарды және басқасын бағалау бойынша эксперттік қызметтерді көрсетуге Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қызметкерлеріне, ҚР Суретшілер одағының және Қазақстанның Көркемөнер академиясының мүшелеріне, сондай-ақ, зергер-эксперттерге құқық берілді.

Бірақ олардың да халықаралық және қазақстандық үлгідегі тиісті дипломдары мен сертификаттары болуға, олар мамандандырылған семинарда қосымша даярлықтан өтуге тиіс.

Бағалау бойынша алгоритм

Біріншіден, активтің иесі бағалау компаниясына жүгініп, бағаланатын заттарының тізімін және сапалы фотосуреттерін ұсынады.

Бұл жерде көркем картиналар, мүсінше-скульптуралар, көне заттар және басқасы бойынша оны жасаған шебердің аты-жөні, заттың аты және жасалған уақыты, көлемі және материалының атауы қоса жолдануы керек.

Басқа жәдігер-артефактілер, декоративті-қолданбалы өнер туындылары, көне кітаптар, қымбат сағаттар, коллекциялық монеталар, маркалар және өзге активтер бойынша атауын, мүмкіндігінше, жасалған жылын, иесінің оны қалай қолға түсіргенін (тарихын) көрсеткен жөн көрінеді. Мұның бәрі оның құнының дұрыс бағалануына әсер етеді. Мысалы, қатардағы музыкалық дүкеннен алынған 100 мың теңгелік скрипка мен 15 миллион доллардан жоғары пұлданатын Страдивари скрипкасының бағасы арасындағы алшақтық 7,5 мың есеге дейін жететіні белгілі. Яғни, шебердің есімі мүлік құнын еселеп арттырады.

Зергерлік бұйымдар, әшекейлер, асыл тастар және басқасы бойынша бағалаушы оның тауарлық чегін, сертификатының көшірмесін сұратуы мүмкін.

Бұл ақпараттар болмаса, активтер тізіміне олардың әрқайсысының қысқаша сипаттамасы беру керек болады. Сондай-ақ, фотосуретін қоса тапсыру міндетті.

Екіншіден, бағалаушы не сарапшы сипаттама мен фотоға қарап, алдын ала зерттеу нәтижесінде ұсынылған активтердің құны 1 000 АЕК-тен немесе 2023 жылғы негізде 3 450 000 теңгеден (2024 жылы былтырғы деректер бойынша декларация тапсырылады) асатынын мәлімдеуі мүмкін. Мұндай жағдайда актив иесі онымен Бағалау және сараптама жасау қызметін көрсету туралы келісімшарт жасасады. Тек осыдан кейін ғана бағалаушы маман заттың өзін, түпнұсқасын нақты зерттеуге кіріседі.

Үшіншіден, эксперт немесе сарапшы объектінің орналасқан жеріне өзі барып, сол тұрған, сақталған жерінде мұқият зерттеу жүргізуі қажет.

Бұл талаптың зергерлік бұйымдар мен әшекейлерге қатысы жоқ, яғни, қожайын оларды зерге-сарапшының кеңсесіне өзі алып баруы керек.

Егер актив иесі аса бағалы зергерлік затының ұрлануынан қорқып, оны сейфінен, сақтау қоймасынан, музейден шығарғысы келмесе, онда келісім бойынша зергер-сарапшының өзі баруы мүмкін.

Төртіншіден, бағалау мен сараптаманы орындау мерзімі және тиісті қызметтерді көрсету үшін ақы сомасы әр жағдайда жеке белгіленеді және келісімшартта жазылады.

Бесіншіден, тапсырыс берген актив иесі ақыр соңында «Жылжитын мүлік құнының бағасы туралы есепті» (Отчет об оценке стоимости движимого имущества) алады. Әрбір актив түрінің саны мен бағасы сонда түсіріледі.

1 тапсырыс берушіге 1 есеп толтырылады. Оған эксперттік қорытынды қоса тіркеледі. Декларацияда және салық органында көрсететін басты құжат та осы болады.

Қандай сыйлық декларациялануы керек?

«Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда азаматтар әрбір бірлігінің құны 3,5 миллион теңгеден (1000 АЕК) асатын асыл тұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқыны, экзотикалық жануарды немесе құсты, өз қажеттілігі үшін өсіретін немесе жеке мақсатында пайдаланатын жануарлар мен құстарды декларациялаудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдардан алады», – деп хабарлады Мемкірістер комитеті.

Сонымен қатар, «Жиын-тойда тарту етілген сыйлықтардың бәрін декларациялау керек пе?» деген сұрақ жиі қойылуда.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, бағалы сыйлықтар келесі критерийлерге сәйкес келсе ғана, декларацияланады:

  • шетелде тіркелген жылжымайтын мүлік (пәтер, вилла, коммерциялық ғимарат), көлік, шетелдік компаниядағы үлестер, акциялар. Ал Қазақстанда тіркелген пәтер, көлік, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері тарту етілсе, оны көрсетудің қажеті жоқ: тиісті деректер базаларында Қазақстан аумағындағы мүліктің жаңа иесі бәрібір тіркеледі;
  • 34,5 миллион теңге (10 000 АЕК) шегінде қомақты қолма-қол ақша сомасы;
  • тұрғын үй құрылысындағы үлес, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын;
  • әрбір бірлігінің құны 3,5 миллион теңгеден (1000 АЕК) асатын басқа да мүлік тарту етілсе, оның жаңа иесі қалауы бойынша бұл сыйлықтарды декларацияда көрсетеді.

 

inbusiness.kz