Қымбатшылық көлеңкесіндегі күнкөріс
Қазіргі жастар үшін білім алу – болашақтағы табыс пен мансаптың есігін ашатын маңызды қадам. Бірақ соңғы жылдары студенттерге арнап жасалған әлеуметтік жағдайлардың төмендігі олардың оқуымен қатар, күнкөрісіне де кері әсерін тигізіп отыр. Қымбатшылық пен төмен жалақының әсерінен студенттердің өмір сүру деңгейі қиындықтарға тап болып, кейбірі оқуын жалғастыру үшін қосымша жұмыс істеуге мәжбүр.
Сөмке мен кітаптан басқа не бар?
Қазіргі таңда азық-түлік, тұрғын үй, транспорт және басқа да негізгі қажеттіліктердің бағасы өсіп барады. Мысалы, Алматы немесе Астана сияқты ірі қалаларда пәтер жалдау бағасы айтарлықтай қымбаттап, студенттердің баспанасыз қалуына әкелуі мүмкін. Күннен-күнге көтеріліп жатқан азық-түлік бағасы да студенттерге ауыр салмақ салуда. Құны арзан әрі қарапайым тағамдардан басқасы студенттердің қалтасын қуатты қысымға ұшыратып отыр. Бұл жағдай денсаулықты сақтауға, психологиялық жағдайды реттеуге де кері әсер етеді.
Төмен жалақы және қосымша жұмысқа мәжбүрлік
Екінші жағынан, Қазақстандағы студенттердің көпшілігі ата-анасының қолдауымен өмір сүруді жалғастыруда. Бірақ ата-ананың ақшасы да жартымсыз. Сондықтан студенттер қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Бірақ жоғары оқу орындары талап ететін оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын ұштастыру студенттердің денсаулығына да, сапалы білім алуына да кері әсерін тигізеді.
Қазақстандағы жастарға арналған жұмыс орындарының көбінде ең төменгі жалақы ұсынылады. Студенттер өз кезегінде өз мамандықтарына қатысты жұмыс таба алмай, көбінесе қоғамдық көлік жүргізушісі, сатушы, курьер секілді қызметтермен шектеледі. Бұл жұмыс орындары олардың болашақтағы мансабына ешқандай пайда әкелмесе де, күнкөрістің қамы үшін олар осындай жұмыстарды орындауға мәжбүр.
Азық-түлікке кететін шығындар
Қымбатшылық әсіресе студенттердің тамақтану шығындарын арттырады. Әдетте, студенттер бюджеттік тұтынушы болып саналады және олардың көпшілігі өз күндерін қарапайым өткізіп, барынша арзан азық-түліктерді тұтынуға тырысады. Соңғы бірнеше жылда азық-түлік бағасының өсуі студенттер үшін айтарлықтай қиындықтар туғызуда. Мысалы, студенттер әдетте оқу орнына жақын орналасқан арзан асханалар мен кафелерді іздейді, бірақ ол жерлердегі бағалар да уақыт өткен сайын жоғарылап барады. Егер бұрын бір студент бір күнде 1 000-1500 теңгеге тамақтанып жүрсе, қазіргі таңда бұл сома айтарлықтай көбейіп, 2500-3000 теңгеге жетуі мүмкін. Мұндай шығындар бір айда 30 000-40 000 теңгеге дейін жетеді, бұл көбінесе студенттің ата-анасынан немесе қосымша жұмысынан алған табысы арқылы жабылады.
Білім мен еңбек арасындағы тепе-теңдік
Студенттердің білім алу мен қосымша жұмыс істеу арасындағы тепе-теңдікті табуы қиын. Жұмыс істейтін студенттер көбінесе лекцияларға қатысуда уақыт жетіспеушілігінен, немесе сабаққа дайындалуға мүмкіндіктері болмағандықтан оқу үлгерімі нашарлайды. Осыған орай, университеттер мен колледждер арасында студенттерге қолдау көрсету механизмдері қайта қарастырылуы керек.
Мысалы, стипендия көлемін арттыру, жеңілдетілген жұмыс режимі мен жатақханалардағы орындардың санын көбейту секілді шаралар студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарта алады. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен жұмыс орындары арасындағы ынтымақтастықты күшейту, студенттерге мамандықтары бойынша тәжірибе жинауға мүмкіндік беру қажет.
Жатақхана мен тұрғын үй мәселесі
Тұратын орын мәселесі де студенттердің күнкөрісіне қатты әсер етеді. Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда жатақхана орны тапшы, ал оның бағасы да жылдан-жылға өсіп келеді. Бір студенттің жатақханадағы айлық ақысы 15 000-30 000 теңге аралығында, бірақ бұл да үнемі жетпейді. Кейбір студенттер жеке пәтер жалдауға мәжбүр болады, бірақ бұл жағдай олардың қаржылық жағдайын одан әрі қиындатады. Пәтер жалдау құны Алматы мен Астана сияқты қалаларда айтарлықтай жоғары, сондықтан көптеген студенттер қалтадағы аз ғана ақшамен өмір сүріп, тұрмыс жағдайларын үнемдеуге тырысады.
Жұмыс іздеу және уақыт тапшылығы
Студенттердің көпшілігі өз күнкөрісін қамтамасыз ету үшін қосымша жұмыс істейді. Бірақ оқу мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңай емес. Көп студенттер таңертеңнен кешке дейін оқу орнында немесе оқудан тыс уақытында қосымша жұмыс істейді. Мысалы, кейбірі кафе мен мейрамханаларда аспаз немесе даяшы болса, кейбіреулері онлайн платформаларда фриланс ретінде жұмыс жасайды. Бірақ бұл жұмыстардың көбісі уақытша және төленетін жалақының төмендігіне байланысты көбіне кәсіби дамуға, білім алуға, яғни оқуына толыққанды уақыт бөле алмайды.
Түйін:
Шешімдер мен үміт
Студенттердің жағдайы – мемлекеттің білім беру жүйесіне және жастар саясатына қатысты маңызды мәселе. Қымбатшылық пен төмен жалақының көлеңкесінде, студенттердің болашағы тек олардың білім алуымен ғана емес, олардың күнкөріс жағдайымен де тығыз байланысты. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік деңгейде нақты шаралар қабылданып, олардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған жүйелі саясат қажет. Тек осылайша жастарымызға болашақта білім мен еңбек арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, сапалы өмір сүруге мүмкіндік беріледі.
Қымбатшылық пен төмен жалақы олардың күнкөрісін қиындатқанымен, бұл мәселеге назар аударуға тұрарлық. Студенттер – болашақтың мамандары, олардың білім алу мүмкіндіктері мен өмір сүру жағдайы қазіргі қоғамның әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты. Олар өз оқуын қиындықсыз аяқтап, кәсіби маман ретінде жұмыс істеу үшін білім алумен қатар тұрмыстық мәселелерді шешуге де күш салуға мәжбүр.
Қазіргі жағдайда шәкірттердің жайлы өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан көбірек қолдау қажет. Бұл – тек әлеуметтік көмек немесе шәкіртақы ұсыну ғана емес, сонымен қатар білім беру саласындағы реформалар, жатақхана мен тұрғын үй мәселесін шешу, студенттердің қосымша жұмыс істеуге деген қажеттілігін төмендететін жүйелі шараларды қабылдау қажет.
Бүгінгі таңда олардың күнкөрісі біршама күрделі мәселелерді туындатуда. Азық-түліктің қымбаттауы мен жалақының төмендігі әсіресе жоғары оқу орындарында оқитын жастар үшін үлкен ауыртпалыққа айналуда. Олардың көпшілігі өздерінің оқуымен қатар қосымша жұмыс істеп, табыс табуға мәжбүр. Бірақ бұл табыс оқу мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және ең бастысы, күнделікті қажеттіліктерін өтеуге де жеткіліксіз болуда.
Шәкірттің жағдайы қоғамның әлеуетті болашағы үшін маңызды, сондықтан олардың күнкөрісіне жағдай жасау білім беру жүйесінің ғана емес, жалпы әлеуметтік саясаттың басты міндеті болуы тиіс.
Іңкәр БИТИМОВА