Қымбатшылықтың басты себептерінің бірі – алыпсатарлық

Қазіргі таңда Қазақстанда азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы күнделікті өмірде халықтың экономикалық жағдайына үлкен әсерін тигізіп жатыр. Әсіресе, ет, нан, сүт, көкөністер мен жемістердің бағалары күннен-күнге өсіп барады. Бұл жағдай ел азаматтарының күнкөрісіне қиындықтар туғызуда, сондай-ақ отбасылардың бюджетін айтарлықтай қысқартуға мәжбүр етуде.
Жоғары баға тек тұрмысты қиындататын факторға айналып қана қоймай, әлеуметтік ахуалдың нашарлауына да алып келуде. Бұл мәселені зерттеу үшін жүргізілген сауалнамалар мен нақты статистикалық деректерді талдау арқылы, халықтың пікірін нақтырақ көруге мүмкіндік туды десек те болады.

Азық-түлік бағасының өсуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, ішкі экономикалық жағдайдың нашарлауы: инфляцияның артуы, теңгенің құнсыздануы және жалпы экономикалық дағдарыс. Қазақстан экономикасының көптеген секторлары, оның ішінде ауылшаруашылығы импортқа тәуелді болып отыр. Бұл дегеніміз, біздің сырттан келетін тауарлар мен өнімдерге тәуелділігіміз. Ал сырттан келетін өнімдер бағасы әлемдік нарықтағы өзгерістерге, оның ішінде мұнай бағасы мен басқа да тауарлардың қымбаттауына тәуелді.
Екіншіден, ауылшаруашылығында да күрделі мәселелер бар. Өнімдердің бір бөлігі маусымдық, ал қалғаны сырттан әкелінеді. Салада жұмыс істейтін көптеген фермерлер мен шаруашылықтар шығындарын өтей алмай, өнімдерінің бағасын көтеруге мәжбүр. Азық-түлік өндірушілердің арзан еңбек күші мен қолайсыз ауа райы жағдайлары да бағаға әсер етеді.
Азық-түлік бағасының қымбаттауы тек экономикалық қана емес, әлеуметтік проблемаға да айналып отыр. Қымбатшылық әсіресе төмен және орта таптың өкілдеріне ауыр соққы болып жатыр. Мұндай жағдайды көпшілік түрлі себептермен байланыстырады. Бірі инфляция мен экономикалық дағдарысты айтады, басқалары саудагерлердің пайдакүнемдігінен күдіктенеді.
Қазақстандағы бірнеше ірі қалаларда, соның ішінде Алматы, Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларында жүргізілген сауалнамалар бойынша, халықтың 70%-ы азық-түлік бағасының қымбаттауы өздерінің тұрмыс жағдайының нашарлауына әсер еткенін айтып отыр. Сонымен қатар, қатысушылардың 50%-ы қымбатшылықтың себебі экономикалық дағдарыс пен инфляция деп санайды, ал 20%-ы «саудагерлердің пайдакүнемдігі» мен «өтірік бағаны көтеру» мәселесін басты себеп ретінде атайды.
Зерттеу барысында сұралғандардың 40%-ы негізгі қажетті азық-түліктерді алуға мүмкіндіктері шектеулі екенін айтып, «ет, сүт, көкөніс секілді өнімдерді жиі ала алмаймыз» деген пікірлерін білдірді. Олардың көбі «тұтынушылық заттар үшін бұрынғыдай ақша жеткіліксіз» деп мойындады.
45 жастағы Алматы қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Зәуре Қуанышқызы:
– Мен бір апта бұрын ғана азық-түлік дүкенінде болдым. Нанның бағасы 100 теңгеден 170 теңгеге қымбаттапты. Бұл біз сияқты қарапайым отбасылар үшін өте қиын. Балаларға жақсы тамақ беруге, олардың денсаулығын сақтау үшін сүт өнімдеріне ақша жетпейді. Етке де ақша жоқ, тек тауық етін ғана аламыз. Қалған уақытта картоп, көкөністермен күн көреміз. Алдыңғы айларда бәрі арзанырақ болатын, – дейді.
39 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Қанат Мұратұлы:
– Нан мен сүт өнімдерінің бағасы қымбаттап кетті. Көкөністер мен жемістердің бағасы да жоғарылап жатыр. Бұрын 1-2 келі көкөніс сатып алғанда, 500 теңге кететін еді, қазір сол 1 келі картоптың бағасы 250-500 теңгеге жетті. Кәсіпкерлер үшін де жағдай қиын. Сауда нарығындағы сұраныс төмендеген. Бұған себеп сырттан келетін өнімдердің қымбаттауы мен теңгенің құнсыздануы деп ойлаймын. Қымбатшылықтың бәрі сырттан келетін өнімдерге байланысты. Импортқа тәуелділік артып кеткен. Біз қазір өзімізде өндірілетін өнімдерді ғана сатып аламыз, бірақ олардың да бағасы қымбаттап жатыр, – дейді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2024 жылдың соңында азық-түлік өнімдерінің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 15%-ға қымбаттаған. Әсіресе, ет және сүт өнімдерінің бағасы 20%-ға, көкөністер мен жемістер 25%-ға дейін өскен. Нан бағасының орташа өсуі 10%-ды құраған.
Мысалы:
— 2024 жылы бір бөлке нанның орташа бағасы 120 теңге болса, 2025 жылдың басында ол 170 теңгеге дейін жетті.
— 1 келі сиыр етінің бағасы 3 500 теңгеден 4 200 теңгеге дейін өсті.
— 1 литр сүттің бағасы 450 теңгеден 630 теңгеге көтерілді.
— Картоптың бағасы өткен жылы 220 теңге болса, биыл 270 теңгеге өскен.
Сауалнамаға қатысушылардың 65%-ы «Үкімет тарапынан азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары қабылданбаған жағдайда, жағдай жақсармаса, тағы да қымбатшылыққа ұрынатынымызды сеземіз» деп мәлімдеді. Осы орайда сауда нарығындағы өзгерістерді де айта кеткен жөн. Қымбатшылықтың тағы бір себебі – жеткізілім тізбегіндегі үзілістер мен азық-түлік өндірушілерінің материалдық шығындарының артуы. Бұл жағдай Қазақстандағы ауылшаруашылығы мен сауда нарығына тікелей әсер етуде. Бұған қоса, сыртқы сауда келісімдерінің өзгеруі мен теңгенің құнсыздануы да өз үлесін қосып отыр. Мысалы, құс еті мен сүт өнімдерінің бағасы соңғы бірнеше айда 15-20 пайызға өскен.

Жоғары жақтың жауаптары:құрғақ уәделер

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық экономика министрлігі қымбатшылықтың алдын алу үшін бірнеше шаралар қабылдағандарын айтып отыр. Атап айтқанда, олар ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсынысты теңестіру, экспортқа шығарылатын өнімдерді бақылауға алу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу үшін заңнамалық актілер енгізілгенін мәлімдеді. Алайда, халықтың көптеген пікірлері мен шағымдарына жауап ретінде жоғары жақтан нақты әрекет немесе өзгерістер байқалмайды. Инфляция мен экономикалық дағдарыстың әсерін тоқтату, бағаны тұрақтандыру шараларын енгізу бойынша нақты жоспарлар жоқ. Әлеуметтік желілерде Үкіметті сынға алушылар көбейген сайын, «бағаны тұрақтандыру үшін мемлекет барынша күш салуда» деген жауаптар қайталануда, бірақ халық бұл уәделерге сенімсіздікпен қарайды. Елдегі азық-түлік бағасы осы деңгейде тұрақтаса, көптеген қарапайым адамдар үшін өмір сүру қиындайды. Неге? Себебі, халықтың басты сұрағы: Үкімет халықтың жағдайын ойлап жатыр ма?

Нарықтағы әділетсіздік: халықты кім қорғайды?

Азық-түлік бағасының өсуі, ең алдымен, халықтың тұрмыс деңгейіне әсер етіп отыр. Қымбатшылықтың басты себебі – нарықтағы әділетсіздік пен жемқорлық. Саудагерлер мен азық-түлік жеткізушілердің кейбірі заңсыз бағаны көтеріп, пайда табуды көздеп отырғаны белгілі. Бірақ осы жағдайды бақылауға алу үшін Үкімет тарапынан нақты әрекет жоқ. Мемлекет нарықтық экономикаға қолайлы жағдай жасау үшін түрлі ережелер мен заңнамалар енгізуді ұсынса да, олар кейде халықтың қалтасына ауыр салмақ түсіретін жағдайларды реттейді деген пікір аз.
Көптеген сарапшылардың айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша нақты реттеу механизмдері болмаса, қымбатшылықтың әлі де жалғаса беретіні анық. Сонымен қатар, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі де өз деңгейінде жұмыс істемей отыр.
Халықтың наразылығы әлеуметтік желілерде ашық көрініс табуда. «Қымбатшылық енді шыдай алмайтындай болды! Әсіресе қарт адамдар мен жұмыссыздар үшін өте қиын. Үкімет не істейді, халықты неге ойламайды?» деген пікірлер жиі кездеседі. Көптеген қазақстандықтар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін мемлекеттік реттеу шараларын күтіп отыр.
Қорытындылай келе, азық-түлік бағасының өсуі қоғамдағы ең өткір мәселелердің біріне айналды. Бұл тек экономикалық емес, саяси мәселе де. Бұл жағдай қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын ауырлатып қана қоймай, қоғамның жалпы тұрақтылығына да қауіп төндіруі мүмкін. Үкімет тарапынан жиі айтылатын уәделер мен шаралар белгілі бір дәрежеде нәтиже бермейді. Халықтың нақты сұрағы – қымбатшылықпен күресте олардың мүддесін қорғайтын біреу бар ма? Нарықтағы әділетсіздік пен баға өсімін реттеу мәселесіне қатысты мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істемесе, бұл жағдай тек одан әрі ушығып, халықтың наразылығы күшейе береді. Қазірдің өзінде халықтың көпшілігі осындай жағдайларға қарсылық білдіріп, Үкіметтің халықтың жағдайын жақсартатын шаралар қабылдауын сұрауда. Барлық ел үшін азық-түлік қауіпсіздігі басты мәселе болып қала береді.