Қымыз, шұбат – сусынның шипалысы
Ауыл мәдениетін өркендету ісі бүгінгі күннің басты міндеті екені шындық. Кейінгі таланттардың өнерін шыңдап, қатарға қосу, олардың ой өрісін кеңейту мәселесінде ауыл клубтарының орны ерекше. Ауданымыздағы барша мәдениет ошақтары осы бағытта аз мүмкіндіктерін сарқа жұмсап отырғанын ешкім терістей алмайды. Ел руханиятының өрістей бергені заман талабы десек орынды шығар. Кей ауыл, елді мекендерде клуб үйінің жоқтығы сөз болып жүргенімен, ондағы мәдениет жұмыстары мектеп қабырғасынан орын тауып отыр. Келешекте сондай бірді-жарым клубы жоқ ауылдарға мәдениет ошақтары соғылатыны аудан жобасында бар екенін көңілге медеу етуге болады.
Сондай клубсыз елді мекенге саналатын ауданымыздың ең түкпіргі нүктесі «Шахан» ауылы тұғын. Өткен қаңтар айында аталмыш ауылда жаңа екі қабатты мектеп ұрпақ еншісіне беріліп, 50 жылға жуық ағарту ордасы болған М. Әуезов атындағы ғимарат аудан әкімдігінің шешімімен аудандық мәдениет бөлімінің балансына өткеріліп, «Өнер орталығы» деген атауды иеленді. Әрине бұл шахандықтар үшін айтарлықтай қуанышты жағдай еді. Өнер орталығының меңгерушісі болып бекітілген осы ауылдың келіні Жазира Кесекулова клуб қызметкері маманы ретінде іс-шаралар өткізудің көзін тауып жүргенін айтып қойған жөн. Сахна өнеріне бейімдеу, ән, би үйірмелерінің жұмысы қолға алынып қазірдің өзінде нәтижелер көріне бастады десек артық емес. Қарауыл, тазалықшы штаттары да іске қосылған біз сөзбен түптегенде орталық ісі оңды бағытқа беттеулі.
Күні кеше Шахан ауылындағы «Өнер орталығында» Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік ауыл клубының меңгерушісі Сағынтай Әділов пен осы орталық меңгерушісі Жазира Кесекулованың ұйымдастыруымен «Қымыз, шұбат деніміздің саулығы, еліміздің байлығы» фестивалі өтті. Аудандық әл-Фараби мәдениет үйінің жобасына сәйкес атқарылған бұл іс-шара негізінен қазақы ұстанымымызда насихаттауға арналуымен құнды, қымыз бен шұбаттың көнеден келе жатқан қасиетті сусындар екенін паш етудің мерекесі ретінде аталды. Арқа-жарқа ақжарқын көңілмен жиылған жұрт алғаш ауылдың жас өнерпаздарымен бірге аудандық мәдениет үйі әртістерінің өнерін тамашалап серпіліп қалды. Шалқыған ән мен жыр баршаны баурап, талайдан мұндай концерт тамашалай алмай жүрген ағайынның сезімін аспандатты. Фестивальге арнайы құлынды бие жетектеп келген Сарыбарақ ауылының тұрғыны Дания Ордабаева апай биені қалай сауу керек екенін көрсетіп, жиналғандарға саумалдың дәмін таттырса, ауыл келіні Айгүл Дүйсеналиева сиыр сауып, ұлттық өнеріміздің малмен қаншалықты байланыстылығын айқындап танытты.
Ауыл әжелерінің жүн түтіп, ұршық үйірудің қыр-сырын көрсетуі де фестиваль маңызын салмақтандырды. Ал ауыл азаматы Серғазы Тұрсынкұлұлы бабаларынан бері қарай әлі күнге сақталып, әлі күнге кәдеге жарап тұрған үш аяқты қазақы ошақты елге көрсетіп, оның тарихын баян етті. Расында да, қымыз-шұбат атадан келе жатқан ас есебінде орны оқшау. Нешеме дертке дауа екендігі тоқтаусыз айтылып жүр.
Ауыл мерекесіне айналған фестиваль барысында көтерілген қазан ұлттық тағам «Сырбаздан» буы бұрқыраса, бұған қоса тәтті бауырсақ пісіріліп, иісі ауаға жұпардай таралып жатты.
Қалай десек те, ұлттық болмысымызды әйгілейтін осындай әдемі іс-шаралардың ел ішінде бола бергені жақсы. Көп жылдардан болмаған бұл жиынның Шахан ауылы жұртына берген әсері мол болғанын, үлкен-кіші ризашылықпен айтып жақсы көңілде тарқасты.
Ел аманда Шахан ауылының шаттығы жалғаса береріне сенімдіміз.
Байзақ ауданы