Қыран текті қаламгер
Сөз сүлейі
(Қазақстанның халық жазушысы Қ.Жұмаділов 80 жаста!)
«Ақ қағаз – арым, қара сия – қаным» деп ағынан ақтарылатын Қабдеш Жұмаділов өмір бойы кәсіби жазушы болған десек қазіргі ұрпақ таң қалар. «Ғұмырымды кәдімгі фанаттар секілді тек осы ала қағазға… жазу-сызуға арнаппын» дейтін жан сырында да, өкіну емес, мақтаныш бар. Халық жазушысының өмірбаянына қарасақ, «Қазақ әдебиеті», «Жазушы» баспасы, «Мелекеттік Баспасөз Комитетінде» істеген қызметінің бас-аяғы 16 жыл екен. Тек қана жазудан ырыздығын айырып, отбасын асыраған сөз сүлейі келер күнге анық қалатын іс – бірыңғай шығармашылық еңбекпен айналысып, 35 жылды артқа тастапты.
«Қаламақы – пара емес, еңбекақы» деп жазып жатқан Қ.Жұмаділовті қалың елі «Қарасөздің Қабдеші» деп бағалады. Қаламынан 10 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгіме, оның сыртында көптеген көсемсөздері жарыққа шыққан Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов 80-нің сеңгірінен қазақ даласына қырандай қарап, сергек отыр. Себебі, аға буынның қатарындағы ақсақал жазушымыздың оқтын-оқтын саңқ ете (көбінесе наразы) қалатынын естіп те, көріп те жүрміз. Олай дейтініміз, марқайюынан мұңы, қуанышынан күдігі басымдау келетін жазушының қазіргі шығармашылығы – тарихи уақыттың нақты шындығымен тамырлас жатқанында деп санаймыз әрі «ойлы адамға қызық жоқ бұ жалғанда» деп Абай атамыз да текке айтпаған ғой (Крыловтан).
Сексеннің қандай болатынын Асан қайғыдан бастап, Жамбылға дейін айтылған сөздердің әуеніне құлақ қойсақ, «көз алдыңдағы қарайған екеу болып», «босатып буыныңның шегелерін», «орға құлатайын» деп жүретін жас екен. Ары қарай тереңдемей-ақ қойғанда. Ал Қабдеш аға осы бір қатал қағидатпен келіскісі жоқ. Жыл сайын бір кітабын жарыққа шығарып жатыр. Оның бәрі, әлбетте, жазушы сексенде екен деп өзінен-өзі келе қойған жоқ, күнді түнге, түнді күнге жалғаған ұзақ та ауыр еңбектің нәтижесі. Тағы да таң қалмасқа болмайды: қазір қалам мен қағаздан арзан ештеңе жоқ, сөйтсе де одан небір қымбат дүниелер жарық әлемге жол тартуда.
Бұл реттен келгенде, Қ.Жұмаділовтің соңғы жылдарда өндіріп жазған шығармашылық еңбектері оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жатыр дейміз. Жазушының «Әріп пен Сара» (2013), «Аққуды атпас болар» (2015), «Академиктің көз жасы» (2015) атты небәрі екі-ақ жылдың ішінде баспадан шыққан кітаптарына 9 повесть, 10-нан аса әңгімелері және әр кездегі сыр-сұхбаттары топтасыпты. Мұндағы хикаяттар мерзімді басылымдарда жарық көрген және аталған кітаптарына алғаш рет еніп отыр екен әрі осы жағымен де үлгі көрсетіп келеді. Демек, сексендегі сөз сүлейінің қаламгерлік қарымынан тағлым түйген абзал.
Қаламнан қуат алған…
Жазушының жоғарыдағы үш кітабын оқып отырып, әр хикаят, әр әңгіме, әрбір сұхбаттардың соңындағы жазылған жылы мен айына назарым ауа берді. Содан бәрін қарап шыққан соң, таң қалу мен қаламгерлік қажыр-қайрат туралы еріксіз ойға қалдым. «Әріп пен Сара» (2013) кітабындағы «Абылайдың ақырғы күндері», «Әріп пен Сара», «Ханның басы қанша тұрады» хикаяттары 2012 жылдың сәуір, мамыр, тамыз айларында жазылыпты. «Сөйлеп бір кетсе Сүйінбай…» деп алтын діңгек ақынның өзі айтқанындай, жазушы бұрқыратып 5-6 әңгімелерді қоса жазғанын тағы да олардың соңында қойылған даталардан анық көріп тұрмыз. Сонда сәуірден басталған шығармашылық жұмысы қараша айларына дейін үздіксіз жүргені байқалады. Оның арасында ақсақалымыз тағы қайда барғанын біз білмейміз және оған уақытты қалай тапты екен деп қайран қап отырсақ, мына кітабында түрлі басылым беттерінде берген сыр-сұхбаттары, белгілі жиындарда сөйлеген сөздері, сонымен қатар естелік-эсселерінің де айы, жылына дейін анық жазылып қойыпты. Бейне бір Қабдеш ағамыз жүйткіген конвейерге бәрін де салып үлгерген. Күш-қуаты тасқындаған жастарда болатын қарқынмен 2013-2014 жылда екі кітапты және жазып тастаған жазушының кәрілік жөнінде айтқан бір сыр-сұхбатын оқығаным бар еді, сөйтсе де мына еңбектері бізге үлкен қажыр-қайратты жұмсап істелгенін көрсетіп тұр. Әрине, бұрынғы құйылып жататын кестелі сөздер мен қуатты ойлар сексендегі қаламға оңайшылықпен орала бермес, ал бірақ жазушы шығармаларының соңына қойылған даталарға оқырманның көзі түспеуі тіпті мүмкін емес дедік. Және, бұлардың бәрін тағы да жоғарыда айтқанымызды растап, ыстық күйінде, бұрынғы жазғандарымен араластырмай жаңа жинақтарына енгізіп отырыпты. Ал осының бәрін оқып шығып, ол оқығаныңды игеріп, тоқып алу үшін де аз уақыт кетпейді. Бұл үш кітаптың өзі бір үлкен зерттеуге негіз болып қана қоймай, бір адамның бірқанша уақыт еңбектенуіне толық жетеді. Айталық, жазушының көтерген тақырыбы, оның тарихи негіздері, идеясы, ізденістері, тағы басқа да толып жатқан көркемдік критерийлердің барлығы да қысқа қайыруға көнбейтін шаруалар. Сондықтан да аталған үш кітапты қазақ әдебиетінің соңғы жылдардағы жалпы көрсеткіші ғана емес, күні кешегі, айналасы екі-үш жылдағы табысы екендігін баса айтқым келеді. Әлбетте, қаламы мен қайсарлығына көбірек арқа сүйейтін халық жазушысы арзан мақтауға соншама елп ете қалмайды, тиісті атағын алған, жазарын әлі де жазып жатыр, жасарын жасап келеді, ең ұлы сыйлық осы ғой! Жалпы, мұратына жеткен адам туралы не айтуға болады?!
Менің ойымша, қазақ әдебиетіндегі Абылай хан бейнесі қалай жазсаң да таусылмайтын тақырып. Бұл ерлік пен даңққа толы, ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен аласапыран дәуір. Жоғалтқанымыздан қайтарғанымыз, қосқанымыз көп және соның бәрі де қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның саяси картасын айқындаған мақтанышқа толы тарихы. Осы жолда Абылай хан мен оның даңқты батырлары қалдырған ұлы іздері сайрап жатыр. Бастауы Бұқар, Тәтіқара, Үмбетейлерден шығып, ел ішіндегі тарихи дастандарға ұласқан, одан кейін С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов, І.Есенберлинге дейін созылып жатқан Абылай хан бейнесі – Әбіш, Сәкен, Қабдеш, Маман Байсеркеновтерден кейін де бітіп қалған жоқ. Жазылып жатыр және жазыла бермек. Әр автор өзінше тұлғалайды. Оның өміріндегі қым-қиғаш оқиғаларды былай қойғанда, Абылайдың жан дүниесіне өздерінше үңіліп көреді. Достоевский айтпақшы, психологияға басады. Рас, Абылайдың асыл арманы, оның ұлы мақсаты қазақ деген халықтың мәңгілік мұратын баянды ету болғанына Қ.Жұмаділов те шәк келтірмейді. Қазақтың ханы нені ойлады және нені ойлауға тиіс деген жалпыұлттық сұрақтардың аясынан қарасақ та, Абылайға өзі қатысқан барлық істерін өзіне саралатып көргені қалыптасқан көркемдік әдіс десек те, жазушы баяндаған тарихи ахуалдың жалпы барысын оқырман жеңіл қабылдайды. Сондай-ақ, Абылайдың жастық шағында жамалған «сабалақ», «құл едің» дейтін «өмірбаянын» кейін хан болғанда да бетіне бастыра беретін авторлардан Қабдеш аға өзін аулақ ұстағаны бізге ұнады. Ал мынау эпизодтағы: Халдан Сереннің тұтқынында болғанда Абылай хан қазақ ханының деңгейінен түспей тұрып тілдескені, ал Уақ Өтеген батырдың оған үстіме отыр деп жата қалғаны (қоңтайшы орын ұсынбай тұрғызып қойған кезде), халық пен қараның бір тілек, бір мүдденің жолында айрандай ұйыған кезіне мысал болғанындай көңілге шаттық ұялатады екен.
Хикаяттағы екі хан бірін-бірі шын түсініп, өзді-өздерінің жетістіктері мен кемшіліктерін өзара сарапқа салып, арғы түбінде шыңғыстық қандардың тоғысып жатқандарын сыр қылып кеп, қазақ-жоңғар қарым-қатынастарына жаңаша көзқарас білдіріп жатқандары да сөз жоқ авторлық пікір, алайда оны жоққа шығарудан бұрын, осынау екі елдің арасында үнемі адам еттері қайқы қылышпен туралып жатты деген стереотипті ұғымды жазушы батыл бұзғанын қаперге алған жөн болар еді. Тіпті, Шыңғыс ханды Халдан Сереннің өзі «моңғол емес, қазақ қой, ал сен өз орныңда отырсың» деп Абылайды қолпаштауы қазақ оқырманына жағады. Әрине, бұдан бүгінгі екіұдай пікірлердің таңбасы айқын көрініс тапқан, алайда осыны Халдан Серенге айттырған жазушы оны сатқын деп отырған жоқ, қайта қадірін арттырып жіберген.
Бәрі бәрін ой елегінен өткізіп көрген Абылай хан жоңғарлармен үнемі соғысып өтпеген екен, қызын күң, ұлын құл қыла бермепті. Топышты екі елдің береке-бірлігін сақтау үшін, қазіргіше айтсақ, дипломатиямен алған, Әмірсанаға да анда болып, ақырына дейін оған тірек те бола білді. Бірақ, азуын айға білеген жоңғар да жер бетінен жойылып кетті. Оны Абылай өз көзімен көрді. Орнында бар оңалар дейді халық, бұған бүгінгі Қазақстан куә, ал орнында жоқтарға не айтасың, тек тарихтың ащы сабағы боп мәңгі қалды. Ал осынау қатігез ғасырда билік құрған Абылай хан қазіргі қазақ ұлты үшін орны қай жерде болуы тиіс, қалай қастерленіп жатыр, міне осындай мәселелер көп толғантқандықтан, оның рухына арнаған дұғасындай болып жазылған Қ.Жұмаділовтің«Абылайдың ақырғы күндері» атты тарихи-психологиялық (философиялық та) хикаяты оқырмандарға да әр қилы ой салады деп санаймыз.
Әріпті іздеу
«Әріп пен Сара» хикаяты өнер адамдары мен өнер туындысының тағдырын толғайды. Қазақ әдебиетіндегі айтыс өнерінің асылы саналатын «Біржан-Сара» айтысы туралы әр алуан пікірлер бар. Оның ғылыми, тарихи, әдеби әрі болжам түрінде айтылып жүрген көптеген мысалдары да кездеседі. Бірақ, бәрі де айтысты әдебиет тарихынан сызып тастамайды. Оның бәрін өзара салыстырып жату ұзаққа кететін болғандықтан, жазушының осы шығармасы несімен өзгеше, соған тоқталайық. Автор «Біржан-Сара» айтысы болмаған дейтін пікірді толық қуаттайды. Оның авторлық шығарма екеніне де қосылады. Ал айтыстың авторы Әріп Тәңірбергенов болғанын да растайды. Жазушы Әріп пен Сараның арасындағы махаббатты және уақыттың теңсіздік деп аталатын шағында құрбан болған көп жастардың бірі ретіндегі олардың оқиғаларын, ел арасындағы рулық, билік тартыстар мен тағы басқа да тарихи жайттарды (Базаралы, Балағаз оқиғалары) рет-ретімен келтіре отырып, өз ұстанымын аяғына дейін алып шыққан. Әріптің Сараға деген шын сүйіспеншілігінің куәсі және күллі қазақ жастарының осындай жолына да азаматтық, ақындық үнін тастап жазып шыққан «Біржан-Сара» айтысы өзінің өмірден алынғандығымен әрі махаббатпен қағазға түскенінің арқасында халыққа кең тарапты. Өмірде әр түрлі пенделік жағдайлардың салдарынан қосыла алмай кеткен қос ғашықтың халыққа айтқан арманы, мұңы мен зары, тіптен айыптауы да сықылды боп, тарихи уақыттардың небір жауындары мен дауылдарынан негізгі авторынан айрылып болса да жеткен «Біржан мен Сара» айтысы емес, «Әріп пен Сараның» хикаясы» деп жазушының қадап айтқан тарихи-көркем хикаяты қазақ прозасына кеп қосылған тағы бір тың дүние деп білеміз.
«Ханның басы қанша тұрады» атты тарихи хикаят Кенесары Қасымов туралы жазылған. Бұл тарихи тұлға да аз жазылған жоқ. Бұның да бастауында Нысанбай жырау тұрса, «Хан Кене» мен «Қаһар» қазақ прозасынның шедеврлері боп әдебиет тарихында қалды. Жазушы Думан Рамазан да осы ұлттық қаһарман туралы көп жұмыс жасап жүр. Ал 2012 жылы жазылған Қ.Жұмаділовтің бұл хикаяты негізінен тарихи жүлгені қатаң сақтаған. Сол уақытта болған барлық тарихи жағдаяттар, батырлар және олардың жасаған ерліктері, тіптен Кенесарының айналысы, отбасы жағдайларына дейін түгелдей дерлік қамтылған. Оның мақсат-мүддесі де жалпы көзқарастардан алшақ кетпеген. Хандықты көксеп, жеке басының қамын күйттеді дейтін айыптауларға да жазушы қатал қарсы тұрған. Оның тарихи тұлға деңгейіне бір де бір қылау түсірмей баяндаған. Қыл аяғы Қалығұл сияқтылармен тілдесуінің өзі ірі. Әрине, Кенесары басқадай болуы мүмкін емес. Кеудесін төсеп жауға да шапқан, басына қиын кез туғанда артына бұрылып ап, жолдастарын тастай қашпаған, өйткені ол өз күресінің не екенін жақсы білген. Ол өлімнен ешбір қорықпаған. Себебі, осы ісінің түбі өліммен аяқталатынын да жақсы білген. Тек, сатқындық пен опасыздыққа қайран қалып өтіпті. «Ханның басын тым арзанға сатқан жоқсыңдар ма? Сол ақшаны мен-ақ беретін едім ғой сендерге…» деп (Қалығұлға). Төскейде малы, төсекте басы, қарын бөле болмаса да, діні бір қазақ пен қырғызға аузы түкті кәпірдің істемеген айласы қалды ма екен? Қырғызды қойшы, өзіміздің сатымсақтардың да ұлт алдындағы ұятты істерін қашанғы жасырып-жаба бермекпіз деп, олардың атын атап тұрып көрсеткен Қ.Жұмаділовті кім дейміз? Оны оқырман өзі сараптай жатар, біз үшін ол Кенесарыны жазып отыр, демек сөзі де осы бір қаһарман ұлдың ісі мен заманындағыдай ащы да шын болуы керек. Қашанғы ауызша айтыла бермек. Өмірдің өзі қателіктерден тұрғанымен, кейде соның өзі дұрыс жолға салып жібереді. Мысалы, Кенесарының замандастары оның әрекеттерін өз уақытында қатты айыптап, шам көріпті. Сөйтсе, оның ісі Ұлт Тәуелсіздігі дейтін ұлы мұратпен ұштасып жатыпты ғой. Оның сол он жылғы соғысы орыс отаршылдығын едәуір кешеуілдеткенін ескерсек, осы сияқты қазақ даласындағы барлық көтерлістердің қазақ халқының жауынгер жұрт екенін оларға мойындатты. Әйтсе де, тарихи еңбектер, осы бағыттағы көркем шығармалар, кинофильмдер, тіпті ел арасындағы сөздерге дейін болсын, ұлттардың жауынгерлігі жөнінде Кавказ халықтарын айта береді және солар көп дәріптелген, бұл рас, ал қазаққа келгенде, ылғи бір теріс көзқарастар қалыптасқан, неге шындық айтылмайды. Сөйтсек, Кенесарының кезіндегі намыссыздық әлі сол күйінде сияқты. «Басшысы жоқ, жан-жаққа тартқан қазіргі қазақ күйі тарихи тұлғаның денесі біріккенге дейін жалғаса бермек…» деп ауырлау сынмен аяқталған бұл хикаят кейбір түйткілді мәселелерді қоса қамтып жатыр. Әлбетте, бұл хикаяттан әркім әр түрлі пікір түюге толық қақысы бар және соны ортаға қоюға да шектеу жоқ.
Шәкәрімге оралу
«Аққуды атпас болар» хикаяты да өнер адамының тағдыры туралы жазылған трагедиялық толғаныс десем артық болмас. Шәкәрімнің рухына бағышталған бұл шығармасында жазушы ақын өмірбаянындағы кейбір тарихи ақтаңдақтарды ашуға ықыласты болған. Шәкәрім қажының «жапанда жалғыз жаттым елден безіп» деп өзі айтқан кезеңін таңдап алған жазушы сол уақыттағы барлық саяси жағдайларға түгелдей дерлік шолу жасап өтеді. Бәрі де ақынның ойымен, ішкі толғанысымен, кейбір адамдардың іс-әрекеттерімен, сол кездегі қазақ жеріндегі тарихи ахуалдармен өзара бірлікте тұтастай баяндалады. Хикаятта қасіреттің ақын басына ғана төніп қоймай, қалың қазақтың жалпы ахуалы да мүшкілдеп кеткенін тарихи тұрғыдан кең ауқымда қатар алып толғауға жазушының уақыт пен кеңістікті көркемдік жағынан сығымдап, топтап (хронотоп) жібергенімен жинақы шыққан. Өйткені, соншама мол материалдардың басын біріктіру оңай емес. Бұған жазушының байырғы эпикалық тынысы да көп мүмкіндік жасаған деп есептеуге болады. Айталық, әрқашан өтіп кеткен уақыт та, шығарма бойындағы өтіп жатқан уақыт та (сюжеттік), болашақ та Қабдеш аға үшін аса қиналатын нәрсе емес. Бәрін де қиссашыл ақындарша, қалаған жерінде тоқтатып, басқа оқиғаны айтып өту, мысалы «Алпамыс солай жата тұрсын, енді Қаракөзайымның жайын баян етейік» дегеніндей, Абылайдың Топыштан туған Қасымынан кейін «Кенесары деген ұл туатынын, ол орыстармен он жыл айқасатынын білмейді-ау!»; «Біз жақсылықты жұртқа тезірек жария еткіміз келіп, оқиға желісінен озып кеттік білем. Енді тақырыбымызға қайта оралайық» (Кемел Ақышев туралы түсініктеме беріп) деп кететін кездерінде авторлық бейне айқын көрініп қалса да оған оқырман онша ренжи қоймайды. Өйткені, бәрін де өз әлеміне ұйытып алатын автор оқырманын да көп жалықтырмайды. Бұл сөз жоқ дәстүрлі эпикалық үрдіс және соны жазушының шебер меңгергенінде. Себебі, автор халықтың рухани жадысында эпостан келе жатқан тыңдаушылық қасиеттің бар екенін жақсы білетіндіктен, оқырманды өзіне жыршы сияқты баурап алады. Мұның да мысалдары жазушының жоғарыда аталған барлық хикаятарынан мол ұшырасады.
Сөз жоқ, хикаяттағы Құнанбай әулеті, Абай ұрпақтарының басына түскен қуғын-сүргіндер оқырманға қайғы ойлатады. Әсіресе, ақынның атылған соң көкке ұшып шыққан ғазиз жаны пенделердің үстінде қалықтап жүреді. Бәрін де көреді. Адамдардың опасыз іс-әрекеттерінен рухтың өзі ұялғандай. Тек оның пенделер арасында болмағаны және мәңгі бола алмайтыны ғана көңілге қуаныш екен, өйткені ол биікте, ал аспан жер емес қой!..
Шәкәрімнің Зияттың Қытайға кетуіне қарсы келмегені өте дұрыс болыпты, себебі ұрпағы, одан да құнды рухани қазынасы жоғалып кетпеді. Өзін «Мұтылған» деп атаған ардақты ақын, ақ жолдағы қажы – автордың пайымдауынша аққу құстай киелі, оны атпақ тұрсын, қару кезеуге болмайды, ал бұл бүгінгі бізге тарихтың ащы сабағы екенін ұқтыратындай. Өнерді аяқ асты етіп, уақыттың ығында кеткендерді және жалғаншы ұрандар мен алдамшы уәделердің құрбаны болғандарды бейнелеп толғанған жазушының бұл қасіретнамасы қазіргі оқырманды әр түрлі ойға салады деп есептеймін.
Жалпы, жазушының 60 жылға жуықтайтын шығармашылық жолы көркемдік-эстетикалық ізденістердің қызығы мен машақатын көп көргеніне дау болмауға тиіс. Уақытында «Көкейкесті», «Бақыт жолында», «Соңғы көш», «Тағдыр» «Дарабоз» сияқты сүбелі шығармаларына жазылған сын пікірлердің, теориялық талдаулардың бәрі де сюжет, композиция т.б.с.с. әдебиеттік талаптарды жеткілікті айтқан. Ал мына хикаяттарынан аталған шарттарды іздеп әуре болмадық. Себебі, бір қарағанда шаблон тәрізді көрінетін ол нәрселер жазушыны жалықтырған болуы керек. Еркін сілтейтін Қабдеш аға әр түрлі кедергілерді қолдан жасауға құлықты емес және бұл талаптарды қазіргі проза да, оның оқушылары да қойып отырған жоқ. Сондықтан, бағзы бір хикаяны сөйлеп отырған қарияның аузына қалай қарасақ, сол сияқты Қабдеш Жұмаділовтің жазғандары да аяғына дейін оқып шығуға мәжбүрлейді. Өзінің табиғи ағысымен болып кеткен оқиғаларды асықпай, аптықпай (қатаң сюжеттік емес), керек жерінде оларға ілгерінді-кейінді батыл шегініс жасап (жоғарыда бірнеше мысалдар келтіргенбіз), өзінің авторлық көзқарастары мен ұстанымдарын да жасырып-жаппай (мысалы, Әбілхайыр хан, қырғыз халқы туралы, Үрістем, Сыпатайлар, Әріп, коммунистік жүйе, алаш пен большевик қазақтар т.б. жөніндегі), баяндаудың үшінші жағында, кейбір жайттарға таң қала, көбінесе белгісіздік райда қалам тербеуге машықтанған жазушының тәрбиелік, танымдық бағытта ұсынған аталған хикаяттары қазіргі қазақ көркемсөзінің ертеңгі мұрасы.
Бұл шығарма тарихи-танымдық көркем хикаят. Оқырман Қ.И.Сәтбаев туралы ЖЗЛ сериясымен шыққан кітапты және деректі, құжаттық материалдар, ғылыми мақалалар, көркем эссе-естеліктердің де мол қорымен дәл жазушыдай таныс болмаса да біршама хабардар деп санаймыз. Ал осынау ұлы тұлғаның көзін көріп, тәлімін алғандар, шәкірттері, зерттеушілері де бар. Сондықтан Қаныш Имантайұлы туралы жазу оңай емес. Бірақ, жазушы бұлай ойлап, өзінің түйгенін, көзқарастарын, қазақтың саяси-әлеуметтік, тарихи-психологиялық жағдайларын, ұлттық болмыстарымызды, әсіресе, мінез-құлқымыздағы кейбір керітартпалықтарды айтуға һәм айыптауға «Академиктің көз жасын» жазбай қала алмапты.
Қарап отырсақ, Қабдеш Жұмаділовтің аталған хикаяттарының бәрі де тарихи тұлғалар туралы жазылған және соларға көркемдік тұрғыдан өзінше пайымдаулар жасалады. «Өз ұлын, өз асылын ескермесе, ел тегі, қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс ақын айтқанындай, қазақтың көрнекті тұлғаларына әр ұрпақ, әр уақыт өз сөздерін айтып, үнемі оралып отырмақ. Жазушы да осындай мақсаттарды көздеген деп ойлаймыз. Ал, оқырмандар тағы бір рухани дүниемен таным көкжиектері кеңейіп жатса, көркем шындық дейтін мәселе өз міндетін атқарғаны.
Қ.Сәтбаевтың М.Әуезовтен екі-ақ жас кішілігі болмаса, замандас адамдар. Бірін-бірі толықтырған қазақтың марғасқа тұлғалары. М.Әуезов 1947 жылы М.Ритман-Фетисовпен бірлесіп, Қазақстанды Советтер Одағына таныстыру мақсатында «Письмо с Востока» деген мақала жазған, сонда еліміздің ірі жетістігі, көрсеткіші ретінде Қ.И.Сәтбаевтың еңбегіне көбірек тоқталған. Ал Қ.Сәтбаевтың «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы айтқан ойлары қанатты сөзге айналып кеткелі қашан. Ғылымдағы, шығармашылықтағы жетістіктері мен атақ-даңқтары жөнінен осынау екі тұлғаның өзара ұқсастықтары бар. Екеуі де Лениндік сыйлықтың иегерлері, алғашқы академиктер. Тіпті, соңғы демдері де Мәскеуде, операция үстелінде бітіпті. Бір қайран қалатын жайт: жазмышқа озмыш жоқ десек те қазақтың осынау қос қайраткері неге Мәскеуде және өте ұқсас жағдайда дүние салды. 1937 жылғы қызыл қырғында бір жылы туып, бір жылы өлгендерді айтпай-ақ қоялық…
1930-ші жылғы аштық пен Ұлы Отан соғысын көрген, ол аздай, 1951-ші жылы қуғынға түсіп, 1964-те бақилық болған Қ.Сәтбаевтың өмірі мен қызметтік жолын хронологиялық тұрғыдан ауытқымай баяндаған жазушының бұл хикаяты таза көркем шығармадан гөрі деректі повесть деген жанрға көбірек келеді. Автор да «деректі хикаят» деп атап көрсеткен. Мұндағы жалпы ахуалдардың нақты даталары, деректері тарих оқулықтарында, тарихи еңбектерде жан-жақты жазылған. Оны оқырман да жақсы біліп отыр. Ал көркем дүниені қадағалап оқитын адамдарға автор қандай амал-тәсіл қолданған, жазып отырған тұлғаның деңгейін қаншалықты толықтыра алған, психологиялық ізденістері нәтижелі шыққан ба, диалог пен монологтары сенімді ме және идеялық ұстанымы не деген сұрақтар маңызды болады ғой деп есептейміз. Басқа да толып жатқан көркемдік критерийлерді айтпағанда.
Осы хикаятта академик екі мәрте жылапты. Бірі аштықтан көз жұмған Ғазизаның қазасын естігенде, екінші рет Мәскеуге кетіп бара жатып. Бірі соғысқа дейін, бірі соғыстан кейін. Ал қырқыншы жылдарда Қ.Сәтбаев өз өмірінің ең биік мақсаттарын бағындырды. 30-шы жылдардың зұлматында он бестей баланың өмірін сақтап қалған, жеті жүзге жуық қазақты Жезқазған мысына барлау жұмысын жүргізгенде әр түрлі еңбекпен қамтамасыз еткен, еңбек пен ғылымның жолында да талай айтыс-тартысқа түскен Қаныш Имантайұлы замананың запыран уын да көп татыпты. Коммунистік жүйемен түсінісе алар емес. Бір шикілік бар екенін сезеді. Ал 40-шы жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиалын құруы, бірыңғай ғылыми жұмыспен қатар соғыс жылдарында да соғыстағыдай қызмет етіпті. Ұлы Отан соғысында «жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстан металынан құйылса» оған Қ.Сәтбаев сіңірген еңбек аз емес болатын. Сондықтан атақ та, даңқ та ұлы геологты айналып өте алмапты. Ал 50-ші жылдары осы еңбектерін қорғау жолында күреске түсіпті. Күншілдік пен көрсеқызарлықтың, опасыздықтың Одақтық жүйемен тамырласқан сиқына көзі әбден жеткен Қ.И.Сәтбаев өз ұстанымын табандылықпен, азаматтықпен қорғап қана қоймай, қайта қалпына келтіріпті. Өз биігінен ешбір төмендемей іс істеп, сөз сөйлей алған ғасыр тұлғасының өмірі үлгі боп, ұрпаққа мәңгі қалыпты. Хикаят осы жағымен танымдық, тәрбиелік құнын арттырып тұр. Алайда, осының бәрі де «ішке кеткен көз жасы» боп академикті айықпас дертке шалдықтырыпты. «Бұл бодандық дерті болса керек» дейтін жазушының жеке болжамын да қисынға келмейді дей алмаспыз. Тіптен, У.Черчилге айтыпты деп: «Мен – орта деңгейдегі қазақпын. Менің халқым менен әлдеқайда биік!», – деген Қ.И.Сәтбаевтың қанатты сөзін жазушы қайта сараптап бергенде, кісінің көңілі суып қалады екен. Былайғы кезде ұлтжандылық мәселесін жоғарғы нотада алып жіберетініміз рас. Бұл жаман емес, әрине, бірақ «Академиктің көз жасын» оқып отырып жазушының: «Ал, шын мәнінде, мұның халқы ғұламаның өзінен биік пе? Ондай биікке көтерілген ұлт төңірегіне бажайлай көз салып, алды-артын ойламас болар ма? Өзінің азаматын жат пиғылды адамдар соққыға жығып жатқанда, жабыла үн көтеріп, арашалап алмас па?», – деп риторикалық сұрақ тастаған кезінде танауың тасқа ұрылғандай күй кешесің. Басқалардың қандай уәж айтатынын білмеймін, автордың осындай осып жіберетін өткір сындарын оқыған кезде (барлық хикаяттарынан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді) жазушы болу мехнатын арқалап жүргендердің бәрін де қастерлеу керек…
Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің: «Әдебиет – ар жазасы. Ал ар жазасы бар жазадан ауыр жаза!», – деп ескертуі шығармашылықпен айналысатын адамдарға өте үлкен жауапкершілік жүктеген ғой. Осыған да қарамай, сексенге дейін сыр («жыр сүлейі» десек те болады) сүлейі сияқты айтары таусылмаған Қабдеш аға тағы бір жаңа шығармасын алдымызға тартса, оған біз таң қалмаймыз. Тек, ғұмыр жасы ұзағынан болуын тілейміз!
Біз бұдан бұрын Оспан Исламұлы туралы жазылған «Көкжал» деген тарихи хикаят туралы өз ойларымызды айтқан болатынбыз, сондықтан оларды қайталап жатпадық («Ақтұманың «Ханшайымы», «Тозақ оты» туралы). Ал жазушының «Диктатордың ажалы», «Донжуан қораз», «Тирандар тырапай асқан жыл», «Кәрілерге ем болатын дәрілер», «Жағымпаздың ажалы», «Қысыр кеңес», «Құрдастар» сияқты жоғарыдағы хикаяттарымен қатар жазылған шағын әңгімелерінде қазіргі уақыттың алуан түрлі жағдаяттары мол баяндалған. Кейбірі өткен шақтың көркем баяны болса да, бүгінгімен өзара салыстырылады. Мұнда автордың жеке көзқарастары да анық айтылады. Қабылдау, қабылдамау оқырманның өз пайымына байланысты. Ал ортақ пікірге келіп жатса, жазушының негізгі ұстанымы орындалды деген сөз. Өйткені, өткен мен бүгіннің ара жігі соншалықты алыстап кетпепті. Кешегі құлдық қамытты әр түрлі жағдайда, әр басқа көріністермен әлі де сүйреп жүрген сыңаймыз бар. Сондықтан, өткеннің ащы сабағы неге қайталана береді. Осыған қапа болатын халық жазушысы қаламгерлік қайратымен күрес жүргізіп жүргендей. Кейде ащы юмормен пенделік мінездерімізді көз алдымызға келтіргенде күліп отырамыз, әйтсе де бұл күлкіні сыншылдықтың суық қабағы лезде тиып, ұялтады екен.
Қорыта келгенде, өзінің дара стилімен (эпикалық) қазақ көркемсөзіне тынымсыз қызмет етіп келе жатқан Қабдеш Жұмаділов, шын мағынасындағы халық жазушысы. Ал қазақтың өткені мен бүгініне әрдайым оралып отыру дегеніміз – еріккеннің ісі деуге қақымыз жоқ. Бұны, халықтың көркем тарихын, Қабдештей сөз сүлейі толғап жатса, одан оқырмандардың зиян көруі мүмкін емес, қайта рухани дүниенің адамға тіл қатқанын құптау керек.
Ермек Қаныкейұлы