Қырғыз қымызын елге енгізуге тыйым салынды
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы ветеринарлық және фитосанитарлық бақылаудың күшейгенін хабарлайды. Мекеменің берген мәліметіне сәйкес, ветеринарлық бақылау 10 қазаннан бастап күшейтілген. Қырғыз өнімдеріндегі тыйым салынған және ластандырғыш заттардың – антибиотиктер, микроорганизмдер, ауыр металдардың тұзын бақылауға алу күшейтілді. Қазақстанға өз өнімін жеткізу құқығы: 15 сүт өндіруші, 8 балық өңдеуші және дайын ет өнімін өндіруші 2 кәсіпорынға, яғни барлығы 25 қырғыз кәсіпорнына берілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Қырғызстандық 5 сүт өңдеу зауытының өнімдерін елге енгізуге тыйым салынды. Себебі, кәсіпорындағы инспекция және елге жеткізілген тауарға жасалған мониторинг кезінде талап бұзушылықтар анықталды. Қырғызстандық екі кәсіпорынның өнімдеріне қатысты лабораториялық тексеру күшейтілді – жеткізілген өнімнің әрбір топтамасы жіті тексеріліп отырады», — деп түсіндірді.
Бақылауды күшейту әрекеттерін орындау кезінде ветеринарлық сертификатты толтыру кезіндегі ереженің бұзылуына қатысты 13-і қазан күні «Риха» ЖШС (Шу облысы) шұжық өнімдері тиелген автокөлік ұсталып, 226 мың 900 теңге (100 АЕК) айыппұл салынды. Жүк қайтарылды. «Қырғызстандық тауарларға деген ветеринарлық бақылауды күшейткен кезден бастап, олардың елімізге енгізілуі мен транзиті азайғаны байқалады», — деп атап өтті министрлік.
Ермек Сахариев