Қырғыз-Тәжік шекара мәселесіне нүкте қойылды

Орта Азия елдері үшін өткен аптадағы айтулы оқиғалардың бірі Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан басшыларының кездесіп, шекара келісіміне қол қойғаны болды. Осылайша көп жылға созылған шекара дауы шешімін тапты.

12 наурыз күні Бішкекке Тәжікстан президенті ресми сапармен келді. Әуежайдан қарсы ала шыққан Садыр Жапаров онымен ыстық ықыласты бейнеде құшақтасып көрісті. Кезінде қол алыспай кеткен басшылардың бұл кездесуі татулықтың орнағандығын білдіретін еді. Бішкектегі «Ынтымақ Ордаа» сарайындағы кездесуде екі ел басшылары алдымен журналистердің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Тәжікстанмен достық және көршілік қарым-қатынасты дамыту қырғыз елінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін, екі елдің ежелгі тарихы, дәстүрі, мәдениеті жағынан тығыз байланыста екенін атап өтті. Ол сондай-ақ қырғыз-тәжік елдерінің аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас екенін айтты. Садыр Жапаров күн тәртібіндегі басты мәселе 13 наурызда екі ел арасындағы достық, ынтымақтастық, сауда қарым-қатынастарын дамытуға септігін тигізетін құжаттарға қол қойылуы тиіс екенін атап өтті.

«Мен Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау бойынша қырғыз-тәжік үкіметтік комиссияларының тиімді жұмысын ерекше атап өткім келеді. Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қою екі елдің халқы мен әлемдік қоғамдастық тарапынан құпталатын тағдырлы, тарихи оқиға болады деп сенемін. Бұл қадам екі елдің тұрақтылығы мен жалпы Азияның дамуына ғана емес, сонымен қатар бүкіл Азияның дамуына қосқан орасан зор үлес болады», – деді Садыр Нұрғожайұлы.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Садыр Жапаровқа жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдірді. Ол қырғыз және тәжік халықтарының ежелден тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын, көрші болғанын айтты. Ол құжаттарға қол қою екі ел арасындағы жаңа қарым-қатынастарға жол ашатынына сенім білдірді. Ол бұл келісімдердің екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастыққа септігін тигізетінін атап өтті. Эмомали Рахмон қырғыз тарапына Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекет басшыларымен Наурыз мерекесін бірлесіп тойлау туралы ұсынысты қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін жабық форматта өткен кездесулердің соңында екі ел арасындағы тарихи маңызы бар мәселелер бойынша басшылардың соңғы шешімге келгендіктері белгілі болды. Келесі күні маңызды құжаттарға, яғни екі ел арасындағы шекара мәселесі бойынша келісімге қол қойылды. Қырғыз баспасөздерінде жарияланған ақпараттарға қарағанда, бұл кездесуде шекара мәселесі бойынша нақты шешімдерге келген. Жалпы, бұл маңызды басқосу аясында мақұлданған құжаттарды ретімен айта кеткен жөн.

Президенттердің кездесуінен бұрын қатысты мекеме басшылары су-энергетика нысандарына қол жеткізу және жол құрылысы мен пайдалану мәселелері бойынша екіжақты құжаттарға қол қойған. Олардың қатарында: су-энергетикалық нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын салу және пайдалану, жол қиылыстарын орналастыру және пайдалану туралы, ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы, Бішкек пен Душанбе арасындағы бауырластық байланыстарды орнату туралы бес келісім бар.

Осы қарсаңда төрт меморандум қабылданыпты. Олар: жер сілкінісіне төзімділікті қамтамасыз ету, энергия тиімді және жасыл технологиялар мен қала құрылысын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы, өнеркәсіп және жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы, терроризмді қаржыландыруға және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы күрес саласындағы бақылау және ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы, экспорт саласындағы мекемелер арасындағы ынтымақтастық туралы болған.

Бұдан бөлек, 2025-2027 жылдарға арналған жастар саясаты, дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық, Ош облысының Чон-Алай ауданы мен Тәжікстанның Лахш ауданы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы ынтымақтастық және Қырғызстанның Ош облысы мен Тәжікстанның Таулы Бадахшан облысы арасындағы сауда-экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастық бағдарламасы қатарлы төрт хаттамаға қол қойылған.

13 наурызда қол қойылған тағы бір құжат – Қырғызстан мен Тәжікстан арасында тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдары туралы кеден органдары арасында алдын ала ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы хаттама. Қол қою рәсімінен кейін «Қызыл-Бел» және «Қайрағаш» аралық шекара өткелдерінің ашылу салтанаты өтті.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасында бес бақылау-өткізу бекеті бар: «Кулунду» («Овчи-Калъача»), «Қызыл-Бел» («Гулистон»), «Қайрағач» («Маданият»), «Қарамық» және «Бор-Добо» («Қызыл-Арт»). Ақпараттарға сенсек, қалған үш шекара бекеті де алдағы уақытта ретімен ашылады екен.

PS: Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы 1006,84 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2011 жылға дейін шекара сызығының 519,9 шақырымы нақтыланып, есепке алынып, үкіметтік делегациялармен бекітілген екен. Қалған 486,94 шақырымы соңғы үш жылда нақтыланған.

Қырғыз-тәжік ортасындағы шекара дауы 2021 жылы сәуірде әскери қақтығыстарға ұласып барып басылғаны есімізде. Бұл қанды оқиғадан кейін шекаралар жабылған еді. Осыдан кейін Ресей президенті Путин екі ел арасындағы даулы мәселені шешуге біраз араласып көрген. Алайда Украинаға шабуылдан кейін бұл әңгіме жабылып қалғандай еді. Дегенмен қырғыз-тәжік елдері арасындағы сан реткі келіссөздер мен талқылаулар жалғасып келген. Осылайша екі жақ соңғы шешімдерге келіп, даулы мәселенің нүктесін қойды. Сөйтіп, «енді Орта Азияда соғыс басталып кетуі мүмкін» деген үрейлі болжамның бір нұсқасының үні өшті.

Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ