Қырғызстан: А.Атамбаев қатты кетті, неге?
ИА Regnum: «Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қырғыз БАҚ-тарында таратылған 2017 жылғы 7 қазандағы Қырғыз Республикасының Президенті А. Атамбаевтың елбасына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдірді»,— деп хабарлайды. Министрліктің: «Мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынастарда жол берілмеуі тиіс деп санаймыз. Қырғызстан Президентінің сайлау алды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәнді және жалған пікірі елдеріміз арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлық байланыстарына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз. Қазақстан тарапы қырғыз халқымен дәстүрлі бауырластық қатынастарын дамыту жолына берік болып қала береді»,— делінген ресми мәлімдемесінде. Мәселенің өзіне келсек, 7-і қазан күні Алмазбек Атамбаев: «Н. Назарбаев Қырғызстанда өтіп жатқан президент сайлауына араласты. Қазақстан тарапы өзіне ыңғайлы үміткердің жеңіске жетуіне мүдделі болып отыр. Мен не себепті қазақстандық биліктің мұндай әрекетке барып отырғанын түсінемін. Олар Бакиевты жақсы көреді. Қырғызстанның экс-президенті. Бакиевтер әлі күнге дейін Қазақстанда мерекелер өткізіп тұрады. Қазақстан президентінің: «Алматының Жалпы ішкі өнімі Қырғызстаннан 5 есеге жоғары»,— деген сөзіне келсем, Қазақстанның ЖІӨ Қырғызстан экономикасынан 20 есеге үлкен. Қазақстанда орта есеппен әр азаматтың ЖІӨ бізден 10 есе жоғары. Бірақ неліктен көрші мемлекетте зейнетақы бізбен салыстырғанда жарты есеге ғана жоғары, тарифтері біздікінен 5 есеге көп?» — деп сұрақ қойған болатын. Еске салсақ, бұдан сәл ертеректе Қырғызстан Назарбаевтың Қырғызстан президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановпен Алматыда кездесуіне қатысты нота жіберіп, біздің СІМ де оларға сондай НОТА жолдап, айтылғандардың бәрін теріске шығарған.
kazakhstanzaman.kz