Қырманы астыққа толы Қостанай – Арқаны жырға бөледі

Қостанай облысында биыл 106 миллион тоннадан астам астық жиналды, ал ауыл шаруашылығы өнімдерінен түскен кіріс 332 миллиард теңге. Бұл өте үлкен көрсеткіш!

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «Қуатты өңірлер – Қуатты Қазақстан» акциясы аясында Астанада әр өңірдің сән-салтанаты жарасқан мәдени күндері жалғасуда. Әсіресе сенбі-жексенбі күндері Астана қаласында жәрмеңкенің көрігі қызады. Себебі табиғи өнімге сұраныс күшті. Сонымен қатар әр облыстан жеткізілген азық-түліктердің бағасы да Астана базарларынан 15-20 пайызға төмен.  Бұл  жолы Астанаға ­– Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстары артынып-тартынып жетті. Біз сөз еткелі отырған Қостанай облысы жәрмеңкесі әдеттегідей қала әкімдігінің алдындағы алаңда ұйымдастырылды. Қостанайлық кәсіпкер азаматтар Астанаға 400 т өнім жеткізіпті.

2 күн бойы облыстың  14 ауданы мен 3 қаласының 74 кәсіпорны ауыл шаруашылығы өнімдерін саудаға шығарды. Атап айтқанда, Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Жітіқара, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Қамысты, Меңдіқара, Науырзым, Сарыкөл, Таран, Федоров, Ұзынкөл аудандары мен Арқалық, Рудный, Қостанай қалаларының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды. Малдың барлық түрлерінің еті – 53 тонна, көкөністер  – 180,  сүт өнімдері – 14,0,  шұжық өнімдері және еттің жартылай фабрикаттары – 10, жарма және макарон өнімдері – 15 тонна, нан-тоқаш және кондитерлік бұйымдар – 13,  жұмыртқа – 250 мың дана, ұн – 45 тонна. Барлық өнім Астана қаласының нарықтарында қалыптасқан орташа бағадан 15-20 пайызға арзан болғандықтан Астана жұрты дән риза.

01

Қостанай облысының күндеріне орай Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз мәслихат өтті. Оған Қостанай облысы әкімдігінің өкілдері, облыс əкімінің орынбасары Сергей Карплюк, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Б.Мурзин, облыстың мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қатысты. Олар өңірдің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін кең көлемде қамтып әңгімеледі. Сонымен қатар, брифингте Қостанай облысы әкімдігінің өкілдері облыс әкімі мен Татарстан президенті Рустам Миннихановтың келісімі нәтижесінде келесі жылы Қостанайда сабан той республикалық деңгейде аталып өтетінін хабарлады.

Осы брифинг аясында өңір басшыларымен сұхбаттасудың сәті түсті.

ҚОСТАНАЙ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ

-Сергей Алексеевич, алтын астықты жауын-шашынға ұрындырмай жинап алғандарыңызбен құттықтаймын. Енді сұраққа көшейін. Тәуелсіздік алғалы Қостанай облысы ел есінде қандай игі істерімен қалды деп ойлайсыз?

-Жылы құттықтауыңызға рахмет.Тәуелсіздік жылдары Қостанай облысы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтқанда, аграрлық және өнеркәсіптік секторда, тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік салалардағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Тарқатып айтсам, 25 жылда 4,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы 2 жылдың ішінде 90 мың шаршы метр алаңымен 21 үй салынатын болады. Сонымен қоса, Тәуелсіздік жылдары облыстың білім беру және денсаулық сақтау саласының бюджеті 15 есе, мәдениеттің  бюджеті 9 есе және спорт бойынша 63 есеге өсті.

-Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, Денсаулық пен Білім саласына бөлініп жатқан бюджет қаржысы қомақты көрінеді. Оның іске асырылуы қай деңгейде?

-Нақыт фактлерге жүгінсем, осы жылдар аралығында облыста 22 денсаулық сақтау нысаны мен 16 жаңа мектеп салынды. Ал биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі жаңа балабақша мен бір мектеп іске қосылды. Бір айта кетерлігі, Қостанайда республикалық бюджет есебінен облыстық онкология диспансерінің емханасы салынды.

Сонымен қатар, соңғы үш жылда облыстағы жоғары технологиялар арқылы жүрекке жəне басқа да органдарға бұрын қолжетімсіз болған 2,5 мың ота жасалғанын айтпай кете алмаймын. Денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан бағдарламалар мен жұмыстар нəтижесінде қостанайлықтардың өмір сүру ұзақтығы 7,5 жылға ұзарғаны осы айтқандарыма дәлел. Ал, жалпы əлеуметтік салада құны 15 миллиард теңгеге бағаланған 48 жоба қолға алынды.

03

-Тәуелсіздіктің 25 жылдығын әр облыс өз деңгейінде атап өтуде. Сіздердің мерейтойға қандай тартуларыңыз бар?

-Қостанайлықтар еліміздің мерейтойын тойлауға белсенді кірісіп кетті. Барлық мерекелік іс-шараларды, біз 5 ауқымды акциялар бойынша құрылымдадық, олардың әрқайсысын тақырыптық бағытқа арнадық.

Бірінші кезекте облыс халқының барлық әлеуметтік топтары арасында Тәуелсіздіктің жетістіктерін насихаттау кеңінен ұйымдастырылды. Идеологиялық жұмыс «Тәуелсіздік туралы сөз» акциясы аясында жұмылдырылды. Төрт жүз жиырмадан астам қалалар мен аудандардың, шалғайдағы ауылдардың тұрғындары жеті мың жеті кездесуге қатысты.

«Бір ел – бір халық» акциясы шеңберінде Қостанай облысының барлық өңірлерінде жыл басынан бастап екі мың алты жүзден астам мерекелік іс-шара өткізілді, олар арқылы біз қоғамдағы Тәуелсіздік құңдылықтарын нығайтамыз, мемлекетіміздің дамуының жетістіктерін көрсетіп, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық сындарлы саясатының айналасында азаматтарды біріктіреміз.

Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеуін ұйымдастыруда ерекше орынды қайырымдылық және халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдауы алады. Облыста ауқымды «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырылды, оның аясында жыл бойы өңірде түрлі әлеуметтік акциялар өтеді.

Жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдау мақсатында облыста «Қамқорлық», «Мектепке жол», «Ризашылык», «Бала күлкісі», «Ана жүрегінің жылуы» акциялары өткізіледі. Бүгінгі күнге 15 мыңға жуық балаға көмек көрсетілді.

-Бүгіндері Қостанай облысы «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында жеңіл автокөліктерді көптеп шығаруда. Осы жайлы айта кетсеңіз?

-Оныңыз рас,  «ССКӨБ» АҚ, тау-кен кәсіпорнымен қатар біздің өңірдің визит карточкасы автомобиль жасау және металлургия болып табылады. Соңғы жылдары мына кәсіпорындар «ЕвразКаспианСталь» ЖШС, «АгромашХолдинг» АҚ және «СарыаркаАвтоПром» ЖШС өңірдің экономикасына зор үлес қосып келеді.

Автомобиль өнеркәсібі– бұл Қостанай облысының индустриясын дамытуда басым бағыт. Бүгінгі таңда аталған саланың кәсіпорындары Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде жалпы құны шамамен 20 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жобаны жүзеге асырды.

АО «АгромашХолдинг» АҚ және «СарыаркаАвтоПром» ЖШС екі кәсіпорын шығарылымы жинаудың ұсақ және ірі көлемде құрастыру әдісімен жүзеге асырылатын 7 брендтің автомобильдерінің 55-тен астам модельдерінің өндірісін игерді (SsangYong, Peugeot, Geely, IVECO (жолаушылар және жүк), Toyota, Hyundai, JAC).

Даму үшін қысқа уақыт ішінде Қостанай облысының автомобиль өнеркәсібі бұл саланың жоғары өсу қарқынын көрсетті — 2010 жылдан бастап қостанай алаңында 30 мыңнан аса автокөлік жиналды.

-Сұрақтарыма жауап бергеніңізге рахмет!


ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚОМАҚТЫ ҮЛЕСІН ҚОСЫП КЕЛЕДІ

Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Б.Мурзинмен сұхбат

-Қостанай шұрайлы жерімен, егістік алқабымен танымал өңір. Биыл да қырманға мол астық жиналды. Егін алқаптарын жедел жинап алу үшін жаңа техникалар сатып алынып жатқаны анық. Олардың өнімділігі сенімді ақтап отыр ма?

-Бірден айтайын, 25 жыл ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 332 млрд. теңгеге дейін өсті. Иә, егіс алқаптарында жаңа техникалар жұмыс істейді. Мысалы, 1991 жылы 3,9 млн. га алқапта 24,7 мың комбайн жұмыс жасаса, қазір 2016 жылы 4,2 млн. га жерде 10,6 мың жаңа комбайн егін орағына түсті. Яғни, астық жинайтын комбайндардың өнімділігі 2,5 есе өсті. Сұрағыңызға нақты жауап бере кетейін. 2004-2016 жылдар аралығында 180 млрд. теңгеге жаңа техниканың 22,3 мыңы сатып алынды. Тек биылғы жылы облыс шаруашылықтары 15,3 млрд.теңгеге 964 техника сатып алды.

-Облыста малшаруашылығын дамыту   қалай жүзеге асуда? Осы жайлы айтсаңыз?

-Мал шаруашылығын дамыту бойынша оң үрдістерді нығайтуға бағытталған бағыт жалғастырылып жатыр. Бүгінгі күні облыста мал шаруашылығымен 1063 ауыл шаруашылық кәсіпорындары айналысады. Өндірістік сектордың ірі қара мал басының үлесі жалпы табында 43% құрайды. Бұл көрсеткіш соңғы 3 жылда 1,5 есеге артты.

-Ірі-қараны асылдандыру жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

-Шынын айту керек, бұл саланың қарқынды дамуының маңызды резерві ірі-қара малдың тұқымдық құрамын одан әрі жақсарту болып табылады. Еттің экспорттық әлеуетін арттыру бойынша жобаны іске асырудың басынан бастап (2011-2015 жж.) шетелден облысқа 13,4 мың асыл тұқымды ірі қара мал басы әкелінді, оның ішінде 9,6 мың бас (72%) ет тұқымды. Асыл тұқымды ірі қара мал (Бұдан әрі ІҚМ) басының үлесі осы кезең ішінде жалпы табында 18%-ға дейін өсті (75,5 мың бас). Бұлар меніңше жаман көрсеткіштер емес.

-«Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары мал шаруашылықтарына жаңа серпін бере алды ма?

-«Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтарымен бірлесіп оны іске асыру кезеңінде ІҚМ 22 мың аналық басы сатып алынды. Бүгінгі таңда жылқы малын дамыту бағдарламасы бойынша 980 бас жылқы (жылдық жоспардың 81%), «Алтын Асық» бағдарламасы бойынша 2,8 мың қой сатып алынды.

-Облыстағы аграрлық сектордың дамуына тоқталсаңыз?

-Аграрлық сектордың индустриялық-инновациялық дамуының қарқыны өсіп келеді. Индустрияландыру жылдары облыстың АӨК-де (агроөнеркәсіп кешенінде) 72 млрд. аса теңге меншікті және қарыз қаражатын тарта отырып, 180 инвестициялық жоба іске қосылды, оның ішінде 58 жоба Индустрияландыру картасы шеңберінде іске асырылды. Жаңа 3600 жұмыс орны құрылды. Іске қосылған сәттен бастап осы кәсіпорындар 80 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Ағымдағы жылы 400 жаңа жұмыс орынды ашып жалпы сомасы 7 млрд. теңгені құрайтын 24 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр (18 жоба енгізілді). Өңдеу секторының 50%-дан астамын азық-түлік өндірісі алады, бұл облыстың тек өзін ғана негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге емес, еліміздің басқа да аймақтарына өнімді жеткізуін ұлғайтуға іс жүзінде мүмкіндік беретіндігін айта кеткім келеді.

-Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет.


КЕЙКІНІҢ БАСЫНЫҢ ОРАЛУЫ — РУХЫМЫЗДЫ КӨТЕРДІ

(Облыстың мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовпен болған сұхбат)

-Ерлан Болатұлы, күні кеше Кейкі батырдың басы отанына оралды. Қостанай халқына бұл оқиға қалай әсер етті?

-«Құланның ажалын» оқыған адамдар Кейкінің кім болғанын біледі. Батыр бабамыз азаттық жаршысы емес пе еді? Біле білгенге Қостанайлықтар ғана емес, барлық қазақ жұрты үшін Кейкінің басының елге оралуы — 11үлкен жаңалық! Тәуелсіздіктің 25 жылдығында, одан қалды Амангелді Иманов бастаған ұлт азаттық қозғалысының 100 жылдығы шеңберінде үлкен шаралар қолға алынуда. Бұған үкімет басшысының қолдау білдіргенін баса айтуымыз керек. Осылайша үлкен шаруа тындырылуда. Қостанайда Кейкінің басының елге оралуын осы тақырыпты зерттеп жүрген, сондай-ақ елге танымал зиялы қауым өкілдері, ел ағалары жақсы қабылдады. Ашып айтайық бұл тақырыпта көптеген зерттеулер жүргізілген, оның көбісі Кейкінің өліміне қатысты көптеген деректерді көтеруге, құндылығын ескеруге, елге насихаттауға бағытталған жұмыстар болатын. Сонымен қатар, Қостанай облысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша Торғай өңірінің көрікті жерлерінің, тарихи мекендерінің картасы жасалған. Сол картаның шеңберінде Кейкі батырдың кесенесі, ажал құшқан жері, Амангелді батыр бастаған көтерілістің  болған аймағы, штаб пәтері сол картада белгіленген. Сондықтан біз осы дүниелер арқылы тәуелсіздіктің өскелең ұрпағын ұлтжандылыққа тәрбиелеуге күш салып жатырмыз.  Кейкі батырдың басының елге оралуына байланысты бұл жұмыс әрі қарай жалғаса береді. Конференциялар, өзгеде шаралар өткізілуде.  Қалың ел батырдың басының елге жерленуін асыға күтуде. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе. Біз бұл оң шешім табады деген ойдамыз.

                     БИЫЛ ҰЛЫ АҒАРТУШЫ ҰЛЫҚТАЛМАҚ!

-Алдағы уақытта  Қостанай өңірі қандай мәдени іс-шараларға басымдық бермек? Осы жайлы айтасыңыз?

-Қостанай, Торғай өңірлері тарихи мұраларға өте бай. Бұл бағытта жұмыс жүрмей жатыр деуге болмас, жүріп жатыр. Бірақ жарнамасы аздау болуы мүмкін. Бір ғана мысал келтірейін. Биыл ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығы. Осының шеңберінде  көптеген шаруалар атқарылды. Біріншіден Ыбырай атамыздың жүріп өткен жолымен маршруттар жасалды. Ыбырайдың туған жерінен бастап, жерленген жеріне шейін аралап көруге. Торғайдағы мектебі, Қостанайдағы мектебі қалпына келтірілді. Атамыздың мұражайы күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір ол жерлерде құнды-құнды деректер, көне жәдігерлер сақталып тұр. Ендігі жерде Ағартушының 175 жылдығын тойлау бізге үлкен сын болғалы тұрғанын жасырмаймыз.  Таяуда 20 қазан Ыбырай атамыздың туған күні. Соған қатысты  Арқалықтағы Ыбырай атындағы институтта үлкен конференция өтпекші. Сондай-ақ Алтынсаринның мұрасын, адами келбетін терең зерттеуге байланысты жаңа қадам жасалуда. Себебі ол кісінің шығармалары болғанымен, ол жайлы жазылғанымен, өмір жолы, қызметі көп зерттелмеген. Осыған байланысты белгілі ғалым, ақын, Серікбай Оспанов деген ағамыз «Сөнбес шырақ» деген кітап жазып шықты. Ол кітап жуырда жарық көрді. Біз мерей тойды дүркіретіп той жасау арқылы емес, ел есінде қалатын өнегелі істермен атқаруды жөн көреміз. Келер жылы да келешек ұрпақ үлгі етер ұлы тұлғаларға  құрмет көрсету жалғасын табады.

-Сұхбатыңызға рахмет.

 

                   АЙТЫСТЫҢ АҚТАҢГЕРЛЕРІ ДӘРІПТЕЛДІ

Айтыс ұлттық өнеріміз, суырып салмалықтың ең биік шыңы. Асылы, айтыс – күнделікті қоғамға үн қосып отыратын өнер. Кешегі ко­му­нистік партия да айтысты тәрбие құ­ралы ретінде пайдаланғаны сондықтан.Тәуелсіздік алып, тоталитарлық жүйе­ден құтылдық-ау дегенде қалың ел өзінің қазығына қайта оралып, қазақ­шылыққа бет бұрып, айтысқа құшағын айқара ашты. Сол тұста ұлттық идеяны ұлықтауда, салт-дәстүрімізді дәріптеуде, тағылымы мол тарихымызды тануда айтыс өнері өлшеусіз қызмет етті. Ұлтты дүр сілкіндіріп ұйқысынан оятқан айтыс қоғамдық құбылысқа қолма-қол үн қосатын жауынгерлік жанрға айналды. Бүгіндері қазақ айтыс өнері шарықтау шегіне жетті. Даму үстінде. Жаңашыл, озық ойлы жас буын өсіп келеді. Тәуелсіздіктің арқасында ақиқатты баса айтып, қоғамдағы келеңсіздіктерді түйреп өтетін өткір ойлар да айтылып жүр. Жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді, кейде айтыс дүниенің құлына айналып бара жатқандай көрінетіні бар. Қазір эстетикалық мәні төмен, әлеуметтік астардан ада, ауыз екі әзіл-қалжыңмен-ақ асығын алшысынан түсіре­тін “айтыскерлердің” қарасы көбейіп барады. Өкініші, соңғы кезде айтыстағы жеңіл ойлы желөкпе ақындардың бағы жана бастады. “Аңқау елге арамза молда” деген осы. Қазір айта алсын, айта алма­сын, екі ауыз сөздің басын құраса болды, қолына домбыра ұстап айтысқа шығатын әдет шықты. Бұл кемшілік жойылмай, айтыстың қадірі артпасы тағы белгілі. Осындай да кешегі кеңестік дәуірде, қысылтаяң сәттерде асыл өнерімізді ардақтап, бабадан жеткен киелі өнерді әспеттеген аға буын ақындарға ізеттілік көрсетіп отыру жағы кемшін түсіп жататынын несін жасырайық. Олар дүние үшін емес, саф өнердің жандануы үшін барын салды. Халықтың мерейін көтеру жолында қызмет жасады. Ешкімнен сый-сияпат күтпеді. Ол кездегі ақындар «көзден кеткесін көңілден де» өшкендей әсерге бөлеп жүретін.

 Күні кеше осы бір келеңсіздіктің түбіріне балта шабылды.  Астана қаласында өткен Қостанай облысы күндері аясында сол өңірдің Мәдениет басқармасының бастамасымен Астана қаласындағы ұлттық мұражайда елге кеңінен танымал үш бірдей халық ақынына құрмет көрсетілді. Олар Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбековалар.  «Айтыстың ақтаңгерлері» деген  атпен өткен кешке халық көп жиналды. Жақсы-жақсы естеліктер айтылды. Жырдан шашу шашылды.

Бұл игі шараға Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов қатысты. Ол жиналған жұртшылықты Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, ақындарды сый-сияпатпен марапаттады.  —  Біз бүгін еліміздің мәдениетіне, қазақ халқының өнеріне зор үлес қосқан ақындарымызға құрмет көрсеткелі отырмыз. Биыл Қостанай облысына 80 жыл толды, осы орайда Қонысбай Әбіл мен Әсия Беркеноваға облыс атынан Құрмет медалін тағуға рұқсат етіңіздер, — деді облыс әкімі. Шырайлы оңтүстіктің ақыны Әселхан Қалыбековаға да ерекше құрмет көрсетілді.

— Бұл басқосу Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып отыр. Облысымыздың Астанадағы күндерін пайдаланып, өңірден шыққан белгілі тұлғаларға құрмет көрсетуді жөн деп санадық. Дәл осы күні Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтуде, сол себепті халық ақыны Әселхан Қалыбекованы да арнайы шақырдық. Осылайша, Елорда сахнасында қазақтың үш бірдей халық ақынының басын қостық. Қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің тұғырлануына рухани тұрғыда септігін тигізген тұлғаларды тануы керек, — деді Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

ҚОСТАНАЙ МЕН ТОРҒАЙ ЕГІЗ ҰҒЫМ

Қонысбай Әбіл: Қостанай облысы басшылығының үш халық ақынының халықпен кездесуін ұйымдастыруы — өнерге, мәдениетке көңіл бөлуі деп түсінемін. Шыны керек бізді де іздейтін адамдар бар екен ғой деп қуанып қалдық. Астанаға азық-түлігімен артынып-тартынып келген Қостанай облысы азаматтарының, артқарған жұмыстарының пайыздарымен таң қалдырмай, өздерінің иманилық іс-шараларымен, көргендіктерімен қуантқандарына шүкіршілік айтамын. Мұның бәрі айналып келгенде жоғарыдағы басшыларға байланысты нәрсе ғой. Қостанай облысы басшылығының өзгергеніне де көп бола қойған жоқ. Бүгінгі әкім елдің аузында жүрген, халық құрметтеген азамат. Осындай бойында қазақы қаны басым жігіттің алда атқарар игілікті ісі көп боларына сенемін.

Қостанай — атақты өлке. Сырт жерде жүріп атын атасаң басқа елдің адамдары танып жататындай  берекелі де құйқалы өңір. Тарихтан да оқып жүрсіздер, Торғай ашылып-жабылып жатқан кездің өзінде аттары бірге аталып, біте қайнасып кететін. Торғай екінші рет жабылғанда менің айтқаным бар еді: — «Қостанай қай кезде де жанашырым, астына алды тағы қанатының. Баладай болып тұрмыз шешесі өліп, Қолына келген ұлы анасының» деп. Бұл сөзім бекер емес. Осы Қостанайдан екі рет енші алып шықты біздің Торғай. Сондықтан Қостанай бізге бөтен емес. Торғай мен Тобыл өзендері қатар ақса, Нұрхан мен Нұржан секілді ақындар да бірге аталады. Мал шаруашылығы мен астық жөнінен Қостанай қашаннан республикада өз орны бар аймақ. Сол себепті қандай мақтауға да лайық.

РУХАНИЯТҚА КӨҢІЛ БӨЛГЕН БАСШЫҒА АЙТАР АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ!

Халық ақыны Әсия Беркенова: «Қуатты өңір-қуатты Қазақстан» деген бағдарламамен келіп жатырмыз ғой. %d0%ba%d0%be%d1%81%d1%822Шындығында біздің қуатымыз: ішіп-жегенімізде, тамағымыздың тоқтығында, дастарханның молдығында емес қой. Қуатты болу үшін жаның шуақты, рухың асқақ болуы керек. Сондай-ақ руханият, әдебиет пен мәдениет, өнерің биік болуы міндет. Сондықтан өзге өңірлерден біздің ерекшелігіміз: Қазақиядағы үш халық ақынын әспеттеуі. Ол үш ақынның екеуі Қостанайлық: біреуі Қонысбай Әбіл, екеншісі мен. Ал үшіншісі шырайлы оңтүстіктің ақын қызы — Әселхан Қалыбекова. Былтыр біз шығармашылық кешімізді екі өңірде өткіздік. Осы жолы да көшеде даңғырлатып би билеп, даңғазаға ерік бермей, астананың төрінде, руханиятқа сүбелі үлес қосуға мүмкіндік жасаған Қостанай облысы әкімі Архимед Бегежанұлына алғысым шексіз. Айтыс құдайға шүкір күнде теле экраннан беріліп жатыр. Бірақ ақындардың айтыстағы өмірі, айтыстан кейінгі тыныс-тіршілігі көп ескеріле бермейтіні шындық. Олардың ғұмырынан келер ұрпақ үлгі алар белес бар ма екен деген ой көпшілікті неге мазаламасқа? Бүгіндері біз өнердің сахнасында жүрмегенімізбен, өнерлі өрендерді тәрбиелеп, оларға жол көрсетіп жатқандығымыз жөнінде есеп беруге осы кеш ұйымдастырылып отырған секілді.   Бұл кеш көрермендердің көкейіндегі сұрақтарға жауап беруімен есте қалары анық.

БҮГІНГІ АҚЫНДАР БІЗ СЕКІЛДІ ХАЛЫҚТЫҢ СҮЙІКТІСІНЕ АЙНАЛА АЛМАЙДЫ

Халық ақыны Әселхан Қалыбекова: Оңтүстік пен Солтүстіктің арасына Әсия Беркенова мен Әселхан Қалыбекова алтын көпір болдық. Біз екеуміз бір жылда, бір айда, бір күнде өмір есігін ашқан құрбылармыз. Мемлекет басшыларының бір бұйрығымен бір күнде «халық ақыны» аталғанымыз тағы бар. Оны да бірге дүркіретіп тойлағанбыз. Осының бәрін ескеріп Қостанайлықтар мені арнайы шақырып отыр деген ойдамын. Облыстың жас әкіміне, мәдениет басқармасының басшысы Ерланға айтар алғысым шексіз. Жақсы ұйымдастырылған кеш болғалы тұр. Менің келмесіме қоймай, қайта-қайта қоңыраулатып, маған деген пейілдерін көрсеткендеріне дән ризамын.

Бүгінгі ақындарды ақша дәріптеп жатыр ғой. Біздерді кезінде алғыс хат, халықтың ықыласы аспанға көтеріп тастайтын. Сол халықтың ниетінің арқасында әлі күнге ел есінде жүрміз. Қазіргі ақындар ақшаның жүзін көріп айтысқасын болар, қадірлері соншалықты асып тұр дей алмаймын. Олар бәрібір біз секілді халықтың сүйіктісіне айнала алады деу қиын.

Менің қостанайлықтарға айтарым: ел аман болсын! Біздің жеп отырған нанымыздың көбі сол кісілердің еңбегімен болып жатыр. Алла олардың берекесін арттырсын, мейманасын тасытсын! Басшылары ешқандай жаманатқа ілінбесін, тұлпарлары сүрінбесін, сұңқарлары төмен құлдырамасын!

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК