«Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы

Жамбыл мен Алматы облыстары бірлесе «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізді.

​Оқу-жаттығу Қордай ауданы «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық маңызы бар автожолдың 205 шақырымында (Қордай асуы) ұйымдастырылды.

​Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Алдымен техникалардың жай-күйін тексеріп, бұдан соң жауыптылардың дайындық деңгейін бақылады.

​Командалық-штабтық оқу-жаттығу арнайы дайындалған сценарий бойынша жүргізілді.

​Оқу-жаттығу барында авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру, адамдарды іздеу және құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету, қауіпті аймақтардан жылыту пункттеріне, жақын елді мекендер мен емдеу мекемелеріне эвакуациялау шаралары іс жүзінде тексерілді.

​Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдары, азаматтық қорғау қызметтері, төтенше жағдайлар департаменті және оның бағынысты бөлімшелері, ҚР ТЖМ-нің «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің Жамбыл облыстық филиалы,
Полиция департаментінің құрылымдық және бағынысты бөлімшелері атсалысты.

​Жамбыл мен Алматы облысынан барлығы 150 адам, 42 бірлік техника жұмылдырылды.

​Өз кезегінде қос өңірдің әкімі оқу-жаттығу жинына атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, төтенше жағдайдың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мақсат екенін жеткізді.

​Айта кетейік, Жамбыл облысының барлық аудандарында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға дайындық бойынша оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Оған 850-ден астам адам мен 200 техника тартылды.

Ағымдағы жылдың 10 айында төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы орган және азаматтық қорғау құрылымдарымен бірлесіп 7 933 оқу-жаттығу өткізді.

​Облыс құтқарушылары 344 адамды құтқарып, 600 адамды эвакуациялады, зардап шеккен 47 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Жамбыл облысы әкімдігі