Қыс «шілдесі»
Қазақта жаздың және қыстың шілдесі деген ұғым бар. Қазіргі уақытта тілдік қолданыстан түсіп, көмескіленіп бара жатқан бұл ұғымдардың шығу тегіне үңілсек, табиғаттағы әр құбылысты қалт жібермеген ата-бабаларымыздың даналығын аңғарамыз. Жаз шілдесі шықпай, аптап күн ыстығы басылмайды, ал қыс шілдесі шықпай, аяздың беті қайтпайды. Осыған орай, жаз шілдесі маусым, шілде айларында басталып, қырық күнге созылады.
Ал қаңтар айымен бірге келетін ауа райының өзгерісі, қардың қалың жауып, боран болуы – «Қыс шілдесі» деп аталған. Ол кезді қыстың күшіне еніп, сақылдаған сары аязбен байланыстырған. Халық болжамына сәйкес, бұл – қаңтардың соңғы 15-нен 29-ы күндеріндегі аяз. Бұл кезде қыс күшіне еніп, түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяз болады. Қазақ мұны «Қыс шілдесі» деп бейнелі түрде атаған. Бұл уақытта малды да, жанды да қыс аязы қаңтарып қояды. Ал халық есепшілерінің пайымынша, Үркер мен Ай арасындағы бұрыш тіктөртбұрыш жасап орналасса, қыс шілдесі уақыты басталады деп есептеген.
Аймақта кешелі бері толассыз қар жаууда. Қыс «шілдесі»-нің келгені осы ма екен…
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы