Қытай ақпараты: «Қазақстан қатерлі көрші»,— дейді

Қытай жұрты ең көп қолданатын WeChat  әлеуметтік желісіндегі «Тянь Тай Шань» тобында белгісіз бір автордың мақаласы жарияланыпты. Автор: «Қытай Қазақстан туралы не ойлайды? Түркиямен тізе қосқанымызды неге қаламайды? Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінен қандай қауіп күтеді? Қазақстандағы қазіргі саяси жүйенің сақталғаны Қытай үшін неге маңызды?— деген сауалдарға жауап іздеп көрген сыңайлы. Осыған орай dalanews.kz:

«Қытай билігі әдетте мұндай жазбаларға қырағы қарап, «қырқып» тастап отыратын еді, бұл мақаланың кеңінен талқылануына неге көзжұма қарап отыр? Енді соған тоқталсақ. Редакциясының пайымдауынша автор пікірі: «Осыдан біраз бұрын БҰҰ жиналысы аясында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Сыртқы істер министрлігі басшыларының бейресми кездесуі өтті. Бұл ұйым түркітілдес мемлекеттерді – Түркияны, Әзірбайжанды, Қазақстанды, Қырғызстанды, Өзбекстанды және Түркіменстанды бір тудың астына біріктірген ұйым. Көшбасшысы – Түркия. Одан кейінгі орында – Қазақстан. Бірі батыс, бірі шығыс болып билеп-төстеп отыр. Түркияның қандай, нендей ел екенін бәріміз білеміз. «Шыңжаң тәуелсіздігінің» артқы тіреушісі, пантүркизм жалаугері. Арманы – алдағы уақытта тұтас түркітілдес елдерді біріктірмекші.

Бұл ел осы бірігуге Қытайдың Шыңжаң аумағын қоспақшы. Бұл ойда Түркия жалғыз емес. Қазақстанға да селқос қарамауымыз керек. Бұл елмен көршіміз. Бірақ, біз әлі күнге дейін бұл елді жеткілікті деңгейде білмейміз.  Қазақстан соңғы жылдары Қытаймен тығыз байланыс орнатты. Дегенмен, тарихта, қытай мен қазақ ортасында қан қарызымыз бар (Автор: Үш аймақ Үкіметінің төңкерісін интернеттен өзіңіз қарап алыңыз дейді), ерте заманнан бергі кек алынбай жатып, оған жаңа кек қосылуда. Былтыр Қазақстанда кең көлемде Қытайға қарсы наразылық оқиғасы болып, сол жерде 10-нан артық қытай саудагері өліп, оннан астам адам жарақаттанды. Саудагерлердің дүкендерін үптеп-түптеп кетті. (Автор бұл жерде былтырғы жер дауы кезіндегі толқуларды меңзеп отырса керек. Бірақ оншақты қытай азаматының қайтыс болып, соққыға жығылғаны, дүкендердің тоналғаны туралы қандай ақпаратқа сүйеніп отырғаны белгісіз. Редакциядан). Қазақстан Қытайдан қорқады. Бұрыннан қорқады. Әрі кек сақтап келеді. Алайда экономика жағынан ол Қытайға жалынышты, бағынышты.

Ол қазба байлығын, оның ішінде энергия байлығын Қытайға ғана сата алады. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы Қазақстанның дамуына көмектеседі. Осы себепті Қазақстан президенті Назарбаев билікке келгелі бері Қытаймен жақындасудың, әріптесудің сан түрлі амалдарын іздеуде. Алайда Назарбаевтың жасы келіп қалды. Ал мұрагерлік мәселесі бастан аяқ шешілген жоқ. Бұл — Қазақстанның ең үлкен жасырын қаупі. Қазақстан жаңадан тәуелсіз мемлекет атанғанымен, ұлты, діні, экономикасы, саяси-қоғамдық мәселелері күрделі. Мұның бәрі Назарбаевқа келіп тіреліп, сол кісіге байланып тұр. Біз Орта Азиядағы ахуалды алдын-ала болжауға тырысамыз. Назарбаев биліктен кеткен күні Қазақстанда аласапыран туындаса, бұл ел екінші Иракқа айналуы мүмкін, ал мұның зардабы Шыңжаңға тиюі мүмкін.  Орта Азиядағы тұрақтылықты сақтау үшін Қытай мен Ресей бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрған. Осы ұйым аясында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бар «терроризмге, сепаратизм және радикализмге қарсы соққы беру туралы Шанхай конвенциясына» қол қойды. Алайда бұл үшеуі сонымен қатар, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің мүшесі, олар Түркиямен қас-қабағымен ымдасуы мүмкін. Түркиядан қайыр күтуге әсте болмайды. Бәрібір бауырына, бәрібір жақынына тартады. Кейбір елдер үшін ұлттық және діни көзқарас ерекшелігі мемлекеттен де жоғары. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі 2009 жылдың қазанында құрылған.

Дәл осы ұйым құрылудан үш ай бұрын Шыңжаңда сұмдық оқиғалар орын алды. Түркия пантүркизммен уланған бүлікшілерді айыптаудың орнына «Қытайды жазықсыз жұрттың белінен басты» деп қаралады. Осыдан кейін-ақ Түркияның ойы қандай қатерлі екендігін аңғаруға болады. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі экономика, мәдениет қатарлы барыс-келісті дамыту мақсатында құрылғанмен, кейін келе Араб ұлттық ынтымақтастығы кеңесі сияқты ықпал ету аясын кеңейтуі мүмкін. Араб ұлттық ынтымақтастығы кеңесі де алғашында экономика, мәдениет алмастыруды дамытуды мақсат тұтқан. Келе-келе саяси және әскери функцияға ие болып, аймақтық істер араласа алатын маңызды күшке айналды. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі де күндердің күнінде өзінің ықпал ету шеңберіне саяси-әскери функцияны енгізуі мүмкін бе? Қытай бұл ұйымның басқан ізін аңдып отыруы керек. Қазақстан территориясының көп бөлігі Азияда, аз бөлігі ғана Еуропа бөлігінде.  Тарихи және географиялық себептерге байланысты Қазақстанның Қытай және Ресеймен байланысы өте мығым. Қазақстанға қызығатындар көп. Тоғыз жолдың торабында жатыр.

Соның бірі – АҚШ. АҚШ-тың Орта Азиядағы осы күнге дейінгі тірегі – Өзбекстан еді. Бірақ, соңғы 10 жылда бұл екеуінің байланысы нашарлап кетті. Соңғы жылдары АҚШ назарын Қазақстанға аударды. Шыны керек, Қазақстан бұған қарсы емес. Екі елдің экономикалық қарым-қатынасы күн сайын нығаюда, екі ай бұрын бес жылдық әскери-ынтымақтастық жоспарына қол қойылды. АҚШ дегенмен Орта Азияға сұғанақ тырнағын оңтайлы кіргізсе де, Назарбаевтың көзі тірі болғандықтан, Қазақстанға үзілді-кесілді бақылау жасай алмайды.

Бұл арада АҚШ үшін ең ұтымды амал Американы жақтаушыларды сүйемелдеп, Шыңжаңның қасына «жарылғаш зат» орнатпақшы. Қазақстан бізге қатерлі көршіге айналуы мүмкін. Одан сырт Қазақстан «бір белдеу – бір жол» ішіндегі «бір белдеудің» бірден бір басар жолы, егерде бұл жерде «бір белдеуге» тосқауыл қойылса, Қытайдың барлық стратегиялық жоспары суға кетуі мүмкін! Ал АҚШ үшін Қазақстанның ішінен Қытайға қарсы тұлғаларды табу қиын емес. Ал Қытай үшін Қазақстанның билік басына Назарбаевтың саясатын жалғастыратын, Қытайға қырын қарамайтын адамның отырғаны керек. Уақыт оздырмай, осы бағытта іске кірісу керек»,— деуге келіп саяды.

«Тянь Тай Шань», dalanews.kz

Дайындаған — Ермек Сахариев