Қытай біздің өнімдерге неге қызығады?
Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдеріне Қытай елі қызығы бастады. Астық пен өсімдік майынан таршылық сезініп отырған шығыстағы көршілер, ақыры қазақ даласында өнген дақылдардың сапасын бәрінен артық көрген сыңайлы. Былтырдан бері Қытайдың арнайы басылымдары Қазақстанның құнарлы егіс алқаптары мен онда өндірілген өнімдердің жасыл азықтық талабына сай екендігі төңірегінде ресми түрде шолу жасауға көшті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мырзаның Қытайға жасаған сапары аясында орнатылған ынтымақтастықтардың кейін, Қытай журналистері Қазақ-Қытай арасындағы астық тасымалында Қоғастағы құрғақ порттың айырықша маңыз алатындығын да қағыс қалдырған жоқ. Сонан бері Қытай жақтың ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен Ұлттық компаниялардың басшылары да сан рет Арқа төріне ат шалдырып қайтты. Ол кездесулердің барлығы нәтижесіз қалған жоқ. Ағымдағы жылдың 25 наурызына Қазақстан Республикасының Бейжіңдегі елшілігінде ҚР АШМ вице-министрі Гүлмира Исаеваның China National Materials Group Corporation Ltd (Sinoma) Қытайлық мемлекеттік корпорациясының төрайымы Хан Рюминмен кездесуі өтті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстаннан Қытайға экспорттау бойынша ынтымақтастық орнату, сондай-ақ агроөнеркәсіп секторына инвестиция тарту мәселелері туралы сөз болды. Қытайдағы 500 ірі компанияның бірі саналатын аталмыш корпоратция биыл елімізден өсімдік майы, зайтүн тұқымдас дақылдарды сатып алуды жоспарларп отырған көрінеді. Осыған орайлас, сәуір айының басында, Қытайдың тағы да бір алпауыт компаниясы «Айцзю», Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында өсімдік майын өндіретін зауытын салу жөнінде облыс әкімшілігімен келіссөздер өткізді. Жалпы жобасының құны 58 миллион АҚШ долларын құрайтын зауыт іске қосылғаннан кейін, жылына 80 мың тонна май шығаруды жоспарлап отырған көрінеді. «Айцзю» трансұлттық компаниясымен жүргізілген келісімнің бізге берер пайдасы, майлы дақылдардың егістік алқабын және өсімдік майы өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Аталмыш компания осы жылғы наурыз айында Қазақстаннан 2 мың тонна өсімдік майын сатып алыпты. Келешекте сатып алу көлемін 200 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлары да бар екен. Осынау ақжолтай жаңалықтарды айта отырып, төменде Қытай елінің неліктен қазақ жерінде өндірілген өнімдерге тәбеттері тарта қалғандығы төңірегінде қысқаша талдау жасап көрмекпіз.
Қытайда коммунистік жүйе орныққаннан кейінгі жерде, олардың ауыз толтырып айтатын басты жетістігі халқының ішер ас, киер киім мәселесін шешіп алғандығы еді. Өткен ғасырдың соңын ала қарқынды даму жолына түскен Қытай елі, бірте-бірте күллі әлемді дайын өнімдерімен қамдайтын алып зауытқа айналып шыға келді. Тек қана өнім өндіріп, қомақты кіріс табуға бір жолата аңсары ауып кеткен қытайлар ол армандарына да жеткендей. Алайда азық-түлік өндірісінде орын алып жатқан түрлі қаралықтардың молаюы, қытайларды тәбиғи әрі таза өнімдермен азықтануға қарай ынталандыра түсті. Астық қамбаларында ұзақ мерзім сақталып сарғайып кеткен күріштерді зауытқа қайта салып, сыртына балауыз бүркіп базарға салыу, жалған жұмыртқа, дәрі-дәрмектермен семірткен егеуқұйрықтардың етін химиялық қоспаларға шылай отырып қой етіне өзгертіп сату, (сиыр етіне өзгертілген доңыз еті Қорғас кедені арқылы Алматы базарларына да кірген еді), бұлардан да сорақысы- үлкен тағамжайлардан ағып шыққан жуынды-шәйінділерден сөзіп алынған майларды қайта өңдеп өсімдік майына айналдыру ісі Қытай еліне жәрия болғандығы еді. Осы алаяқтықпен айналысқан қаншама адамдар сотталғанымен де күні бүгінге дейін тиылмай келе жатқандығы жасырын емес. Қытайда орын алып жатқан алдамкөстіктерді санамалай берсең ұзақ әңгіме. Бұған қоса құнарынан айрыла бастаған егіс атыздары мен климаттағы өзгерістер де азық-түлік өндірісіне айтарлықтай кесірін тигізіп келеді. Осылайша бүкіл дүниені арзан тауарларымен жаулай бастаған Қытай елі енді азық-түлік дағдарысына ұрынудың алдында тұрған жәйі бар. Осыны анық сезінген Қытай үкіметі, енді шетелдерден астық пен өсімдік майы, сүт өнімдерін сатып ала бастады. Сырттан астық сатып алу үшін берілетін рұқсатнамаларды орталықтан тіке басқаратын Қытай елі, Әліде болса сатып алу литцензияларын санаулы ғана мекемелерге беріп қойған. Жоғарыда сөз болған Қазақ елінің АШМ мен Қытайдың мемлекеттік алпауыт компаниялары арасында орнап жатқан келісімдер де, сол орталықтың шешімімен орындалып жатқандығын айта кеткен жөн.
Енді сөз арнасын Қазақстан өнімдерінің Қытай назарын аудара бастағандығы туралы арнаға бұрмақпыз. Қазірге дейін қазақ елін, тек мұнай мен қазба байлықтарға бай мемлекет ретінде қарап келген қытайлардың еліміздің ауыл шаруашылық өнімдеріне деген қызығушылығы да соңғы жылдары қалыптаса бастады. Қытайдың шекаралық аймағы есептелетін Шыңжаң өлкесінің тұрғындары, Қазақ-Қытай арасындағы достық келісімдері негізінде барлыққа келген Қорғас шекарасындағы ашық қала арқылы, біздің азық-түліктерімізді тұтына бастады. Ағарытқыштары тым көп араластырылып кеткен үн мен, қандай химиялық қоспалары қосылғаны былайғы жұрытқа беймәлім өсімдік майын тұтынудан қорқа бастаған адамдар енді, аздап болсада Қазақстанда өндірілген үн мен майды тұтынуға көшті. (бұндада Құлжа, Шәуешек секілді шекара түбіндегі қалалардың тұрғындары) Бұған қоса қазақ еліне берілген Лянюнгаң портынан шығыс оңтүстік азия елдеріне жол тарытқан Қазақстан бидайі да ішкі Қытайдың назарына іліккені тағы бар. Осымен қабаттас Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға жасаған сапарлары аясында орнатылып жатқан келісімдермен, ауыл шаруашылығы саласына стратегиялық инвесторлар тарту жөніндегі елбасы жолға қойған жоспарлар да өз жемісін бере бастағандығы анық байқалады. Өткен айда Қытай кәсіпкерлерімен өткен халықаралық жиналыста тағы жаңалық құлағдар етілді. Көрші елдің инвесторлары Шығыс Қазақстан облысында көлемді ет комбинатын салуға келісім жасады. Алдағы уақытта Қазақстаннан сыртқа экспортталатын ет өнімдерінің 80 пайызы Қытай нарығына жол тартады деген болжам да ашық айтылды. Қазіргі күнде Қытайдың мал шаруашылығы базалары болып есептелетін Шыңжаң, Ішкі монғол, Шизаң (тибет автономиясы) секілді өңірлердің малшылары қой мен сиырда болатын аусыл ауыруымен күресіп келе жатқанына да 20 жылға жуықтап қалды. Осы тұрғысынан алғанда, халықаралық стандарт бойынша «Аусылдан таза аймақ» мәртебесін еншілеген Қазақстанның ет өнімдерін де Қытай елі назардан тыс қалдырмаса керек. Міне осылайша мемлекеттік келісімдер шеңберінде қолға алынып жатқан жобалар біртіндеп іске асатын болса, алдағы уақытта Қазақстан ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі ұлғаятындығына сенім мол. Тек еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қашанда ауылдағы ағайынның қам-харекетін назардан тыс қалдырмайтын «Қазақстан-ZAMAN» газеті мен ел мүдесіне еңбек етсем дейтін «ЕЛ АНА» сайтының алдағы номерлерінде, Қытай нарығындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәй-жапсары мен азық-түлік базары төңірегіндегі зерттеулерді өз оқырмандарына ұсынып отыратын болады.
Ерқазы Сейтқали