Қытай: Ғаламтор мен сандық технология — әлемдік бренд

Бүгінгі таңда әлемге әйгілі Alibaba Group корпорациясының негізін қалаушы, Қытайдың 53 жастағы ең дәулетті азаматы Джек Ма Мәскеу қаласында өткен «Сандық  экономика. Қоғам, бизнес, мемлекет» деп аталатын маңызды шараға қатысып, мінберден сөз сөйлеп: «Енді отыз жылдан кейін интернет мұнайдан да маңызды болып, алдыңғы орынға шығады. Ғаламтор мен сандық технология келешекте көптеген проблеманың шешіміне айналады. Бұл тұрақты даму үстінде болады, әрі адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай тудырады. Әлдебір жерде басымдыққа ие 60 компания бар шығар, алайда, жастар мына өмірде өз орнын тапқысы келеді.

Бүгінгі таңда жаһандану біркелкі жүріп жатқан жоқ. Көп ұзамай адамзаттың 80 пайызы интернетке қосылатын болады, біз бұл фактіні ескеруіміз керек. Электронды коммерция мен электронды экономика шекараны жояды. Өндіріс ошақтары жаңа жұмыс орындарын ашады, өндіріспен жасанды интеллекті шұғылданады; адамдар басқа нәрсемен айналысады.

Мен болашаққа нық сеніммен қарайтын адаммын. Егер біз балалардың ескі әдіспен оқытатын болсақ, оның дұрыстығына күмәнмен қараймын. Жылдамдығы зор машинамен жарысуға болмайды.  Десе де роботтар мен жоғары технология адами факторды алмастыра алмайды. Өйткені, адамдардың өз құндылығы бар.

Біз адамдарға ұқсас роботтарды шығарармыз, алайда, ол машина машина болып қалады, ал, адам қашан да адам болып қалады»,— деп мәлімдеді. Айта кетейік, әлемдегі қалталылардың шотын қағып, аты-жөнін түгендеп отыратын Forbes журналы Джек Маның дәулетін (биылғы көрсеткіш бойынша) 39,1 млрд долларға бағалаған.