Қытай кәсіпкерлері неге шетелді жарылқағалы жүр?

Тоқсаныншы жылдары Қытай елі шетелдермен қарым-қатынасын жақсарта түсті, ондағы мақсаты шетел инвестициясын тарту еді. Осы қарсаңда Қытайға ең алдымен Англияға бағынышты болып тұрған Гонконг пен Португалия отарындағы Макаоның ірі кәсіпкерлері табан тіреді. Осыдан кейін бұл елге шалғайдағы АҚШ-тың да ықыласы ауа бастады. Ең
алдымен теңізге жақын өңірлердегі ірі қалалармен аудандарға келіп, зауыт-фабрикалар салған шетел кәсіпкерлерін Қытай елі «құтқарушы жұлдызға» балады. Алым-салықтан босаты-
лып, жер телімдерін беріп, қажетті жағдайдың барлығын жасап беріп отырды. Қытайлардың мұншалықты мүдделі болуындағы басты мақсаты шетел тәжірибесін өздеріне үлгі ету
болса, одан да маңыздысы қалың елін жұмыспен қамту мәселесі еді. Мемлекеттік саясаттың қолдауы мен ішкі нарықтың сұранысы Қытай кәсіпкерлеріне қанат бітіргендей болды. Ал шетел инвесторлары болса, Қытайдағы мемлекеттік қолдаулар мен миллиардтан астам халқы бар алып базарды өз өнімдерімен қамтамасыз етудің бизнеске қаншалықты мол пайда әкелетіндігіне көздері анық жетті. Одан да ыңғайлысы Қытайдағы еңбек күшінің арзандығы еді. Осылайша шетел қаржысы мен технологиясын тиімді пайдалана білген қытайлықтар ендігі жерде өздері де асқан ынта-жігермен отандық өндірісті барынша дамытып, ширек ғасыр өткенде «дүниенің алып зауытына» айналумен қоса әлем экономикасына ықпал ететін
ірі күшке айналып шыға келді. Ірі қалалармен қоса ауылдағы жеке отбасыларына дейін үлкенді-кішілі зауыттар мен станоктар орнатып, олардан шыққан түрлі өнімдер Қытайдың
ішкі нарығы мен шетелдерге ағылып жатты. Сыртқа бағытталған экспорт көлемінің күн сайын ұлғайып бара жатқандығымен мақтанған қытайлар, іргедегі көршілерді қойып, азуы алты қарыс АҚШ-тың өзі Қытай заттарына «тәуелді» болып қалғанына масайрай бастаған еді. Алайда Қытай ғалымдары күн санап нашарлап бара жатқан экология мәселесінің экономикалық кірістен де маңызды екендігін алға тартып, мемлекеттің назарын аудара бастады.
Өкінерлігі ғалымдардың бұл ескертуі былайғы жұртты қойып, билік басындағыларға да әсер еткен жоқ.
Олар аурудың күн санап молайып, адамдар денсаулығының әлсірей бастағанын көргенде барып қала аспанын жапқан ыс-түтінмен қоса ажалдың да төніп келе жатқанын анық сезген
еді. Бұған қоса Қытайдағы экология мәселесі халықаралық мінбелерден жиі айтылатын тақырыптардың біріне айналды. Міне, осыдан кейін барып Қытай үкіметі қоршаған ортаны
жақсарту мәселесін түбегейлі қолға ала бастады. Ортаны ауыр дәрежеде ластайтын өнімдер өндіріп отырған зауыттар мен ауаға улы газдарды көп мөлшерде бөліп шығаратын өндіріс
ошақтарын біржолата жапты немесе технологиялық өзгертулер жасады. Қазіргі күнде Қытай экологтары елдегі қоршаған орта мәселесін бірнеше топқа бөліп қарастырады. Яғни ауаның ластану, су қайнарларының былғануы (зауыттардан шыққан лас сулардың өзен-көлдерге құйылуы), топырақ құнарының жойылып, құм басқан алаптардың күн санап кеңіп келе жатқандығы, тұрмыстық қалдықтардың молдығы секілді негізгі мәселелер күн санап «Қытай қасіретіне» айналып келе жатыр. Мемлекет зауыттарды қатаң тәртіппен ауыздықтауға қауқарлы болса да, көп халықты жұмыспен қамтып, қазынаға қыруар салық төлеп отырған кәсіпорындарға әлі де болса оң қабақ танытып келеді. Яғни мемлекеттік субсидия есебінен, құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандыру немесе адамы аз шалғай өңірлерге көшіру секілді шаралар қолдана бастады. Осыған сәйкес соңғы бірнеше жылдың ішінде солтүстік батыстағы алып аймақ Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі, Тибет автономиялық өлкесі, Ішкі монғол автономиясы секілді халқы аз, жері кең (ішкі Қытаймен салыстырғанда), аз ұлттар қоныстанған аймақтарға ішкі Қытайдан көптеген өндіріс орындары, зауыт-фабрикалар орнап жатыр. Жергілікті әкімшілік орныға салысымен салықтан
түсетін пайданы көздеген әкімдердің белсенділігімен, тез арада бой көтерген зауыттар жұмыс бастағаннан кейін көп өтпей ауаның ауыр дәрежеде ластануы халықтың қарсылығын туындатты.
Күн санап «тынысы тарыла» түскен кейбір кәсіпорын қожайындары ендігі жерде шетел асып жатыр. Өйткені соңғы кездері қайта-қайта орын алып жатқан ғаламдық экономикалық
дағдарыстардан есеңгіреп қалған көптеген мемлекеттер тығырықтан шығудың жолын Қытайдан қарастыра бастағаны белгілі. Мұндай әріптестік тек қана Қытаймен көрші елдер арасында ғана орын алып отырмағаны баршаға мәлім. Ширек ғасырдың алдында ғана шетел қаржысына мүдделі болып отырған Қытай, енді мол қаржымен шетелді «жарылқауға»
кірісіп жатыр. Қытай кәсіпкерлерінің қулықтарын түп мақсатын танып алу қиын болмаса керек. Қысқаша айтқанда, өз елінде өрісі тарылып бара жатқан зауыт-фабрикаларын дамушы елдерге қарай көшіріп алу болмақ. Бұл тәжірибені 1990 жылдардың кезінде шетел кәсіпкерлері Қытайда сәтті жүзеге асырған болатын. Яғни заманауи талаптарға үйлесе бермейтін,
технологиясы ескірген, көп еңбек күшті қажет ететін, қоршаған ортаны ауыр дәрежеде ластайтын кәсіпорындар Қытайға көптеп енгізілген еді. Қазіргі күнде Қытай басылымдарында кейбір ашық ойлы адамдар шетелдіктердің өздерін қалай «жарылқағандықтарын» нық дәлелдермен айтып келеді. Десе де осы «ұлы да улы тәжірибе» ендігі жерде Қытай үкіметінің қолдауымен, алаяқ кәсіпкерлерінің пысықтығының арқасында жер шарының талай түкпірін былғайтыны анық. «Адамзатта бір ғана жершары бар» дейтін әлемдік көзқарас, өзі отырған бұтақты өзі шабатын ақшақұмар адамдардың санасына орнап болғанша, жер бетінде қандай апаттардың орын алары әзірше беймәлім…

ergazyseitkali

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ