ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТУРИЗМ ЖЫЛЫ ЖАРИЯЛАНАДЫ
Жуырда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қытайдың Шэньси провинциясы парткомының хатшысы Чжао Идэмен кездесті.
Қазақстан мен Қытайдың үкіметтік және іскерлік топтары арасындағы өңіраралық ынтымақтастық нығая түсіп отыр. Бұл – жыл басынан бергі ҚХР провинциялары парткомы хатшыларының Қазақстанға үшінші жұмыс сапары.
Наурызда елімізге Синцзян партком хатшысы Ма Синжуй, қыркүйек айының басында Шаньдун провинциясының партком хатшысы Лин У, ал 5 қыркүйекте Қазақстанға ауқымды бағдарламамен Шэньси партком хатшысы Чжао Идэ келді. Қыркүйек айының соңында Цзянсу губернаторының сапары жоспарланған.
Кездесу басында Серік Жұманғарин Чжао Идэ мен Шэньси провинциясының тұрғындарына Қытайдың орталық бөлігінде ұзаққа созылған нөсер жаңбыр салдарынан қаза тапқандарға байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ мамыр айында Мемлекет басшысының ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында Сиань, Шэньси қалаларына барған қазақстандық делегацияға көрсетілген қонақжайлылық пен жылы қабылдаулар үшін провинция әкімшілігіне алғыс білдірді.
«Сіздің сапарыңыз Шэньси провинциясымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Біз өңіраралық ынтымақтастықты нығайту үрдісін толығымен қолдаймыз және оны ілгерілетуге дайынбыз. Қытай Қазақстан экономикасына инвестор елдердің ТОП-5-ке кіреді. Соңғы 15 жылда ҚХР-дан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 23,5 миллиард долларға жетті. Сианьнің ірі сауда және көлік хабына айналғаны қуантады. Сиань құрғақ портында салынатын Қазақстанның логистикалық орталығы Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға контейнерлік пойыздарды жөнелтетін негізгі торап болмақ», деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Былтыр елдер арасында ауылшаруашылық саласындағы тауар айналымы 2 есеге жуық өсіп, 780 миллион доллардан асқан. Биылғы жылдың 7 айында ауылшаруашылық тауарлары бойынша өзара сауда көлемі 74 пайызға ұлғайып, шамамен 690 миллион долларды құраған. Қазақстан Қытайда сұраныс үнемі өсіп келе жатқан экологиялық таза азық-түлік өнімдерін өндіруші болып табылады.
Вице-премьер елдер арасындағы туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударды, бұған визасыз режимді енгізу ықпал ететіні сөзсіз. Осы мақсатта 2024 жыл Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы болып жарияланып, екі елдің уәкілетті ведомстволары оны өткізуге белсенді дайындалып жатқанын атап өтті.
Өз тарапынан Чжао Идэ Қазақстанға сапарының мақсаты – мамыр саммиті кезінде екі ел көшбасшыларының уағдаластықтарын іске асыруды ілгерілету екенін жеткізді.
«Соңғы жылдары Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасында сауда, экономика, білім беру, гуманитарлық алмасу салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан-Қытай тауарларының көрмелері өткізіледі, көлік, білім беру саласындағы ынтымақтастық дамуда, 227 қазақстандық студент Сианьнің 18 университетінде оқиды, оның 30-ы толық стипендия алды. Шэньсидің көлік және логистика саласында артықшылықтары бар екені белгілі: Қытайдың орталығында орналасқан, теміржолдары және әуе жолдары дамыған. 45 ел және аймақпен теміржол байланысы бар, жыл сайын 4 700-ден астам пойыз жүреді. Провинцияның 111 жоғары оқу орнында 2 миллионнан астам студент оқиды, 2 800-ден астам ғылыми-техникалық ұйым мен институт бар. Шэньси көмір қоры, мұнай, газ бойынша жетекші орында. Шэньси үш климаттық белдеуде орналасқандықтан оңтүстіктік және солтүстіктік жемістер өседі. Қытайдағы әрбір жетінші алма мен әрбір үшінші киви Шэньсиде өсірілген», деп атап өтті партком хатшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде диалогте болып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.
Партком хатшысы Чжао Идэ Қазақстанға сапары аясында Қытай (Шэньси) мен Қазақстанның жоғары біліміне арналған халықаралық көрмеге қатысты. Іс-шара Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналған.
Көрме екі ел басшылары қол жеткізген келісімдерді, сондай-ақ 2023 жылдың мамыр айында өткен «Қытай-Орталық Азия» саммитінің нәтижелерін іске асырудағы маңызды қадам болып отыр. Аталған саммитте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин екі ел арасындағы білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы көпсалалы ынтымақтастықты тереңдету туралы маңызды келісімдерге қол қойған болатын.
Көрме аясында екі ел университеттері арасындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумдар жасалып, бірқатар жоба мен бағдарлама іске қосылды. Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэ: «Біз Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасындағы білім беру ынтымақтастығы саласындағы тамаша нәтижелермен мақтана аламыз», деді.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елден мемлекеттік сапары барысында Қытай тарапы Қазақстанда Лу Бань шеберханасын ашуды ұсынған болатын. Қазіргі уақытта Тяньзинь кәсіптік институтының қолдауымен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында Лу Бань шеберханасын ашу жоспарланып отыр. Сол секілді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ресми түрде Қытайдың жетекші 10 жоғары оқу орнының құрамына кіретін Шыңжаң Цзяотоң университетінің бастамасымен Жібек жолы университеті Альянсының (UASR) бақылаушысы болды. Альянстың мақсаты – Жібек жолы елдерінде білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай білім мен ғылымның дамуына ықпал ететін білім беру ынтымақтастығын кеңейтуді әрі тереңдетуді жалғастыру үстінде. Бұл бастамалар мен бағдарламалар екі халық арасындағы ұзақмерзімді қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің маңыздылығын растайды және бірлескен даму мен өркендеуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Қазақстанға сапар күндері Шэньси делегациясы СҚО-да рапс майын өндіретін Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны «Тайынша май» ЖШС-ына баруды, Сиань қаласына алғашқы «Қызылжар Айцзю» қазақстандық астық вагондарын жөнелтуді және басқа да іс-шараларға қатысуды жоспарлаған.