ҚЫТАЙҒА САМАРҚАННАН ЖЕТКЕН ҚҰРАН
Салар ұлты оғыздан тараған
Қытайда діні мұсылман, түбі түркі салар дейтін ұлт бар. Негізгі мекені — ҚХР Чиңхай провинциясы Шунхуа салар автономиялы ауданы. Бұдан бөлек саларлар Қытайдың Чиңхай провинциясы Хуалоң ауданы, Гансу провинциясы Майжишан жерлеріне де қоныстанған. Қытайдағы салар халқының жалпы саны (2010 жылы жүргізілген мемлекеттік санақ) 130607 адам болған. Көпшілігі егіншілік және сауда істерімен айналысады. Ғалымдардың зерттеуінше, саларлар ежелгі түркілердің оғыз тайпасының құрамындағы салулардың үрім-бұтағы деп есептейді. Олар Қытай жеріне шамамен ХІІІ ғасырда өткен.
Салар ұлты мен Орта Азиадағы түркі халықтарының мәдениеті арасында ұқсастықтар көптеп кездеседі. Салар ұлты ислам дінін өте ерте кездерден бастап ұстанған, әсіресе олардың шығысқа көшкенде ала келген Құран кітабы салар ұлтының Шұнхуаға келуден бұрын да ислам дініне сенетіндігін айғақтайды. Бұдан өзге салар ұлтының тұрмыс-салттарынан өзгеше мәдениет ерекшеліктері де кездеседі. Мысалы, саларлар аспанды жеті қабат немесе тоғыз қабат дейді; аяғыңмен жерді қатты теппе, өйткені жердің де жаны бар; отқа дәрет сындырма, оттан аттама, айды, күнді қолмен нұсқап көрсетпе; қартайған ағашты кеспе, өйткені қартайған ағаш қасиетті болуы мүмкін; қойдың жауырыны ортасындағы сүйектің бір жағына қарай аууы ақырзаман ахуалын көрсетеді, осы сүйек бір жағына қарай ауып ең шетіне барғанда ақыр заман болады; адамның есі ауысса, оның бойына жын жабысқан деп қарап, ескі матамен, ескі аяқ киіммен ұшықтайды, осылай істегенде жынды аластауға болады дейді; балалар қатты шошынғанда немесе науқасқа шалдыққанда анасы аруақ шақырады. Міне, бұл бұрынғы шаман мәдениетінің салар мәдениетіне қосқан үлестері. Ислам шариғаттарымен қабыса бермейтін, шамандық мәдениеттің сақталуы кездейсоқ жағдай емес. Ежелгі замандарда Қытайдың солтүстігіндегі жалпақ даладағы көшпенділердің барлығы шаман дініне сенген. Көптеген түркі халықтарының салт-дәстүрлерінде қазірге дейін шаманизмнің іздері сақталып келе жатыр.
Салардың шығысқа көшуі туралы айтылатын аңыздың өзі де керемет хикая. Талай ғасырлардан бері осы тамаша аңыз саларлардың жадына жатталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазіргі заманға жетіп отыр. Ежелден келе жатқан ол аңыз былайша өрбітіледі:
«Ерте ерте заманда, сонау Самарқан жерінде ағалы-інілі екі жігіт болыпты, ағасының аты — Қараман, інісінің аты Ағыман екен. Ағайынды екі жігіт өз жұртына қадірлі де сыйлы болған деседі. Сол Самарқанда тағы бір залым патша бар екен, патша әлгі екі жігітке қарадай өшігіп, оларға қастандық жасауды үнемі көздеп жүріпті. Күндердің күнінде сол зұлым патшаның нөкерлері Қараман мен Ағыманның үйлерінде жоқ кезінен пайдаланып, ұрлап сойған сиырдың басын патша әмірі бойынша олардың үйінің төбесіне апарып жасырып қойыпты. Артынша зұлым патшаның нөкерлері үйлерге тінту жүргізіп, Қарамандардың үйінен сиырдың басын «тауып алады» да, оларды қазыға шақырып, жазаға тартпақшы болыпты. Бірақ сиыр жоғалған кезде ол өңірде Қарамандардың болмағандығына куә болатын кісі шығып, ағайынды Қарамандардың басқа жақтарда шариғат уағыздарын айтып кеткендігі расталады. Сөйтіп, патша шарасыз күйде қалыпты. Сол оқиғадан кейін ағайынды Қарамандар патша тарапынан қастандыққа ұшыраймыз ба деп алаңдап, бір жаққа қоныс аударуды ойластырыпты. Көп өтпей ағайынды екі жігіт ақ түйеге ауылының суы мен топырағын теңдеп, Құран кітабын артып, қатарларына 18 кісіні ілестіріп алып Самарқаннан шығысқа қарай, жаңа қоныс іздеп көшкен екен.
Олар ауыр жол азабына төзе жүріп, Тянь-шань тауынан асып, шығысты бетке алып Қытай жеріндегі Жияиюгуанға (Жияиюгуан — Қытай қорғанының батысқа жеткізілген жеріндегі бірінші қамалы) барады, одан ары Гансудың Сужу, Ганжу, Тияншұй, Гангуынан (Сужу, Ганжу, Тияншұй, Гангу — ежелгі жібек жолы бойындағы маңызды кенттер) өтіп, Ниңшаның Лабылыңдағы Ганжиятанға жетіпті. Қараман шығысқа кеткеннен кейін тағы да он шақты кісі Самарқаннан Қараман жүрген жолмен жүріп, Тянь-шаньның оңтүстігінен шығысқа қарай бет алып, қарлы тау мұзды шыңдардан асып, Чиңхай өлкесіне кіреді. Одан Чиңхай көлінің оңтүстігін жағалап, қазіргі Биды ауданына жетіпті. Он екі адам сол арада қалып қойып, қалғандары шығысқа қарай жол тартып, Ганжиятандағы ағайынды Қарамандармен кездейсоқ жолығысып қалыпты. Аз уақыт аялдағаннан кейін олар және де алға жүріп, Шұнхуаның Шичаң сайына жетіп, одан Мыңда тауынан асып Жиезының (Жиезі — бүгінгі Шунхуа ауданындағы кент, саларлардың алғаш тұрақтап, мекен еткен жері) Аутусы тауына барады. Осы кезде күн батып, кісілер шаршап-шалдыққандықтан жеткен жерлерінде түнеп қалады. Түн ортасы болғанда ақ түйе аяқ астынан ғайып болыпты. Абдырап қалған жолаушылар жан-жақтан түйе іздейді, от жағып маңайын жарық қылып, тау беткейінен жазыққа түсіп (салар ұлты қазірге дейін осы жерді Отмойнақ дейді) Шазыпоға келгенде таң атады (саларлар осы кезге дейін сол жерді Таңат деп атайды). Олар бір жерге аялдап, жан-жаққа көз салса, ол жер кең жазық, ну орманды, жайылымы ұшы-қиырсыз жақсы жер екен. Жолда шаршап шөл қысқан жолаушылар сол маңнан су іздейді, сөйтіп жүргендерінде бір бұлақты көздері шалады, бұлақтың басына келсе, іздеп жүрген түйе сол судың ортасындағы ақ тасқа айналып кетіпті, жиылған жұрт таң-тамаша болысып, Самарқаннан әкелген су мен топырақты сол жердің су, топырағымен салыстырып қараса, әлгі жердің суы мен топырағы да олардың ата мекендерінің суы мен топырағымен ұқсас болып шығыпты. Сонымен алыстан келген Қараман мен Ағыман осы араны өздеріне қоныс етуге бекініп, сол күйі тұрақтап қалады. Қараман мен Ағыманның сол жолы бастап барған жамағаты бүгінгі саларлар екен».
Аңыз ақиқатқа жетектейді
Әрине, аңыздың түбі — шындық. Тарихтың терең қойнауларынан орын алып, аңызға айналған оқиғалардың өтірік-шынын тексеріп жатудың өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Әйткенмен, салардың сол бір аңызына куә болатын құнды айғақ, нанымды дерек те жоқ емес. Жоғарыдағы айтылған аңызда «Қараман мен Ағыман ақ түйеге туған жерінің топырағы мен суын теңдеп, арасына Құран кітабын артып шығысты бетке алып жолға шығыпты» делінеді. Самарқаннан жеткен ол Құран кітабы қазірге дейін саларлардың қолында, Шунхуа ауданы Жиезі мешітіндегі Құран музейінде аса құнды жәдігер ретінде бәз-баяғысындай сақтаулы тұр. Құран кітабының мұқабасы былғарымен қапталған, бетіне әсем өрнектер бедерленген, жазулары араб графикасындағы мұқағайық үлгісімен жазылған. Кітап жалпы 867 беттен тұрады. Ғалымдардың зерттеуінше, кітап ХІ ғасырда хатталған, сондықтан аса сирек кездесетін құнды қолжазба деп танылып, ҚХР үкіметі тарапынан І дәрежеде қорғалатын мәдени мұралар қатарына енгізілген.
Ауызша аңыз бен тарихи деректердің бір-біріне сәйкестігі салар ұлтының Самарқан өңірінен келгендігін дәлелдеп отыр. Қорыта айтқанда, саларлар — ежелгі оғыздардың ұрпағы.
Сырдария — оғыздардың анасы. Сыр бойы тамаша аңыз-дастандарды туғызды. Күллі түркі халқы күні бүгінге дейін сол аңыз-дастандармен сусындап келеді. Біз ежелгі оғыздардың аңыз-дастандарынан тарихымызды іздейміз, шыққан тегімізді білеміз. Аңыздарда айтылуынша, Оғыз көсем екен, оның алты ұлы болыпты, ол алты ұлдың аттары Күн, Ай, Жұлдыз, Аспан, Тау, Теңіз екен, олардың әрқайсысынан төрттен ұл туып, оғыз 24 болыпты, солардан оғыздың 24 тайпасы тарапты. Тау ханының үлкен ұлының аты Салұр екен, «үш оқтың» бірі осылар екен, сондықтан олардың ата-бабасының аты олардың ру атауы болыпты. Бүгінгі Қытайдағы салар ұлты ежелгі оғыздардың салұр тайпасының ұрпағы. Салардың қайдан шыққаны туралы ең маңызды тарихи дерек осы.
Ежелгі салар руынан шыққан Салұр Казан — «Қорқыт ата кітабындағы» әйгілі тарихи кейіпкер. Оның атақ даңқы оғыз тайпаларына кең таралып, билігі ішкі оғыз бен сыртқы оғызға бірдей жүріпті. Оғыздар қиын жағдайларға тап болса, Салұр Қазан оғыздың ру басыларын жинап, жиын ашып, ақылдасып, қиыншылықты жұмыла көтеріп, оғыздарды жеңіске жетелеп отырады екен. Ол әр екі жылда бір рет салтанатты жиын өткізіп, олжаны бөліске салып, оғыздың ру басыларын марапаттап отырыпты. Салұр Казан оғыз ерлері мен батырларының типтік образы, оны жұрттың бәрі «Түркістанның діңгегі, кедейлердің үміті, сарбаздардың қиын күдерде шабыт алатын қуаты» деп атаған.
Сырдариялық оғыздар тұсында салұр руының орны ерекше жоғары болды. Көптеген рулар осы салұр руынан бөлініп шықты дейтін көзқарастар да кездесіп жатады. Кейінгі замандарға келгенде ішкі алауыздыққа байланысты оғыздар тұс-тұсқа қоныс аударып кеткен. Ішінде саларлар да бар бір бөлім оғыздар Маңғышлақ түбегіне көшіп барған. Бұдан басқа 10 мың түтін салұр Хорезмге, одан арғы Ирак пен Парсы жеріне дейін кеткен. Тіпті шығыстағы Қытайға да барған, соның бір айғағы қазіргі Қытайда жасап жатқан салар ұлты.
Сондай қоныс аударған көштермен бірге қасиетті Құран кітабы да сонау Самарқан жерінен шығып, Ұлы жібек жолын бойлап Қытайға жетіпті. Бұдан аңыз бен ақиқаттың қатар жүретіндігіне толықтай көз жеткіземіз. Салар тілін Қытайдағы түркітанушылар зерттеп, қазіргі кездегі түркі халықтары тілдерімен ұқсастығы, өзгермей сақталып келе жатқан элементтері туралы талай құнды еңбектер жазды.
Қалбан Ынтықанұлы,
аудармашы, деректанушы