Қытайлар Отырардан күн электр станциясын салмақ ниетте
Оңтүстік Қазақстан облысында күннен, судан, желден электр энергиясын өндіру мүмкіндігі мол. Соңғы жылдары осы мүмкіндікті пайдаланудың алғышарттары жиі көріне бастады. Жуырда ған облыс аумағында қытайлық кәсіпкерлердің қуаттылығы 100 мвт болатын күн электр стансасын салмақ ниетте екені жайлы хабар тарады. Ол туралы «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясының өкілі Ге Дженсон облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде мәлім еткен.
«Басқосуда тараптар облыстағы қуаттылығы 100 МВт болатын күн электр стансасын салу мәселесін талқылады. Жоспарға сәйкес, күн электр стансасы Отырар ауданының аумағында салынбақ. Бір жылдың 300 күні сәулелі болатын Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғи климаттық жағдайды ескеріп отырған кәсіпкерлер аталған жобаға 200 млн АҚШ долларын жұмсауға ниетті», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ге Дженсон мырзаның сөзіне сенсек, станцияның құрылыс жұмыстары осы жылдың қазан айында басталғалы отыр екен. оны іске қосқасын электромобильдерді құрастыру жұмыстарын қолға алмақ. Тоқпен жүретін мотоциклдердің құрал-жабдықтарын әзірге Қытайдан тасымалдап, осында құрастыру жоспарда бар. Егер осы жоспар ойдағыдай іске асып жатса, әрі қарай жеңіл және қоғамдық көліктерді де осында құрастырылмақ. Құрылыс жұмыстарына жергілікті мамандарды тартуды көздеп отырғандарын да жасырмайды. Қытайлық кәсіпкерлер мұнан бөлек электропанельдер шығару ісіне де мүдделі болып отыр. Бұл ретте олар еліміздің «Жасыл экономикалық» ұстанымына қолдау білдірмек.
Қытайлық инвесторлардың осынау қызықты ұсынысына қолдау білдірген өңір басшысы жергілікті билік тарапынан жер телімі бөлініп, қосымша жеңілдіктер қарастырылатынын айтты.
Нұр МЕКЕН, Оңтүстік Қазақстан облысы.